• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
22 Қараша, 2013

Клиникалық басшылық – медициналық қызметті стандарттаудың жаңа қадамы

1316 рет
көрсетілді

Тұрғындарға медициналық көмек көрсетуді стандарттау Қазақ­стандағы денсаулық сақтау саласын реформалаудың басты міндеттерінің біріне айналып отыр. Қазіргі таңда қалыпқа келтірілген стандарттау жүйесінсіз медициналық көмектің жоғары тиімділігі мен сапасына қол жеткізу мүмкін емес. Бірақ кез келген стандарттың өз негізі болуы тиіс. Сонда ғана ол жетістікке жетеді. Медицинада бұл ең алдымен «Өзгеге залал келтірме!» деген қағидат бойынша жүзеге асырылады. Біз осыған байланысты Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы клиникалық басшылық және хаттамаларды талдау бөлімінің басшысы Анна ЦЕПКЕМЕН денсаулық сақтаудағы стандарттау үдерісінің бағыттары жөнінде әңгімелескен едік.

Тұрғындарға медициналық көмек көрсетуді стандарттау Қазақ­стандағы денсаулық сақтау саласын реформалаудың басты міндеттерінің біріне айналып отыр. Қазіргі таңда қалыпқа келтірілген стандарттау жүйесінсіз медициналық көмектің жоғары тиімділігі мен сапасына қол жеткізу мүмкін емес. Бірақ кез келген стандарттың өз негізі болуы тиіс. Сонда ғана ол жетістікке жетеді. Медицинада бұл ең алдымен «Өзгеге залал келтірме!» деген қағидат бойынша жүзеге асырылады. Біз осыған байланысты Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы клиникалық басшылық және хаттамаларды талдау бөлімінің басшысы Анна ЦЕПКЕМЕН денсаулық сақтаудағы стандарттау үдерісінің бағыттары жөнінде әңгімелескен едік.

– Анна Борисовна, бөлімнің атауына қарағанда, сіздер дәрі­герлердің осы бағыттағы іс-әре­кет­терін реттей­тін құжат­тар­­ды дайындайсыздар ғой? Сон­дық­­тан дәрігерлер ортасында қыз­­­мет­теріңізге қызығушылық біл­діру­шілер көп шығар?

– «Саламатты Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасында ғылыми түрде дәлелденген негіздерге сай халықаралық ДДҰ стандарттарын, диагностикасы және емдеу хаттамаларын енгізудің қажеттілігі тектен-тек айтылмаған. Бұл мақсатқа жету үшін біз еліміздің ең таңдаулы мамандарын қатарға тартып, хаттамалар жасайтын жұмыс тобын құрамыз. Біздің орталықтың қызметкерлері өз кезегінде бұл топтарды соңғы ғы­лыми жетістіктерге сүйенген қажет­ті ақпараттармен, клиникалық бас­шылықтың қағидат­тарымен қамтамасыз етіп отырады. Айтқандай, бұлардың соңғысы клиникалық тәжірибе сапасын арттыруға ықпал ететін маңызды құрал болып табылады.

– Клиникалық басшылық деге­німіз не?

– Клиникалық басшылық де­геніміз белгілі бір тәсілдер арқы­лы дәрігерлерге көмек беруге ар­нал­ған және әртүрлі клиникалық жағдайларда ауруға тиімді көмек көрсетуге жәрдем беретін нұсқау болып табылады. Сапалы клиникалық басшылық белгілі бір тәсілдеме бойынша жасалады. Ол бүгінгі күнге лайықты әлемдік тәжірибелер мен білімдерді жинақтай және талдай отырып, оларды практикада қолданудың барынша тиімді мүмкіндіктерін қарастырады. Ол осынысымен біздің дәстүрлі ақпарат алу көздерімізден ерекшеленіп тұрады. Басшылық ДДҰ-ның аясында, халықаралық дәрігерлік ассоциациялардың шеңберінде талданып жасалады.

– Біз басқа бір елде, басқа денсаулық сақтау жүйесінде жа­салған клиникалық басшылықты қалай пайдалана аламыз?

– Бұл үшін клиникалық бас­шылықты бейімдеу тәсілдемесі іске қосылады. Біз оны өз еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне бейімдеп жасаймыз. Онда басты стандарттар мен хаттамалар негізге алынады. Бұдан басқа, басшылыққа алынатын диагностика, емдеу және әлдеқандай бір аурудың алдын алу жөніндегі кепілдемелер көп жағдайда денсаулық сақтау жүйесіне қатысы жоқ ғылыми зерттеулерге негізделеді. Міне, тап осындай ғылыми негізді кепілдемелер оны жекелеген пікірлерден ерекшелендіріп көрсетіп, екі түрлі нұсқаудың қай­сысы «артық» екенін білдіріп қана қоймайды, сонымен қатар, емдеудің бұл түрлерінің нәтижелеріндегі түпкілікті айырмашылықтардың қан­дай болатынын, олардың артық­шылықтары мен кемшіліктерін байқауға мүмкіндік береді. Мәселен, пневмания кезінде қолданылатын антибиотиктер диагноз қойылғаннан кейін 4 сағаттан кешіктірілмей берілуі керек. Одан кешігіп қолдану аурудың асқына түсуіне жол береді. Хаттамаға дәл осындай кепілдеме енгізіліп, ол өзіндік бір стандартқа айналады. Оны сақтамау емдеудің сапасын төмендететіні айтылады.

– Анна Борисовна, жалпы медицинада стандарттау деген керек пе өзі? Өйткені, адамдардың өзі әр­түрлі ғой. Оларға жеке-жеке қа­ра­ған дұрыс емес пе?

– Рас, біз шынында әртүрліміз. Алайда, адамдардың көпшілік бөлігінде аурудың даму барысында белгілі бір заңдылықтардың кездесіп тұратыны бар. Демек, олардың диагностикасы мен емделуінде де стандартты сызбалар керек болады. Бұлар тәжірибеде табысты дәлелденген сапалы ғылыми зерттеу­лерге негізделеді. Сондықтан кез-келген саладағы сияқты медицинада да стандарттау дегеніміз көрсетілген қызметтің сапасын белгілі бір дең­гейде ұстап тұруға ықпал етеді. Осы тұрғыда Қазақстандағы меди­ци­налық көмекті стандартты да­мытудың бірнеше мақсат көз­дейтінін айтуымыз керек. Ол ең алдымен медициналық қызметтің сапасын арттыруға, медициналық көмектің қауіпсіздігі мен тиімділігін көтеруге, сондай-ақ, денсаулық сақ­тау саласындағы өсіп бара жатқан шығындарды тежеуге бағытталған.

– Мұның соңғысына қалай қол жеткізуге болады?

– Бұл жерде біз тағы да клиникалық басшылыққа жүгінуіміз керек. Жақсы дәлелді базаға негізделген клиникалық кепілдемелерді қолдану емдеу процесінде медициналық ұйымдардың қосымша шығындар шығаруына жол бермейді. Бұл бірінші кезекте ауруларды емдеуге кететін шығындарды азайту­ға жол ашады. Өйткені, әлі дәлел­денбеген дәрі-дәрмектер емдеуге қолданылмайды. Емдеудің дәлел­денген тәсілдемелерін қолдану қосым­ша дәрі-дәрмектің қажеттілігі мен одан болатын асқынушылықтың деңгейін төмендетеді. Осыған байланысты, бірінші кезеңде дәлел­денбеген дәрі-дәрмекті қолданудың тиімсіздігі төмендейді. Алдын алу бағдарламалары осының, әсіресе, алғашқы медициналық-санитарлық көмек барысында ауруды емдеу орындарына жатқызудың мөлшерін, жедел жәрдемді жиі шақыруды және мүгедектікке ерте шығуды төмендетеді. Былайша айтқанда, кли­ни­калық басшылық қазіргі за­манғы ғылыми мәліметтер мен денсаулық сақтау саласындағы тәжірибені бір-біріне ұштастыратын көпірдің қызметін атқарады. Бұл өз кезегінде тек дәрігерлерге ғана емес, сонымен қатар денсаулық сақтау менеджерлеріне де әрдайым байсалды және ғылыми негіздерде шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Сондықтан күллі әлемдегі сияқты біздің елімізде де клиникалық басшы­лық пен дәлелденген меди­циналық қағидаттарды қолдану өте маңызды болып саналады.

– Сіз клиникалық басшы­лық­­­тың көптеген елдерде қол­да­ныс­та екенін айттыңыз. Ал олар­дың нақты қай елдерді қам­тып отыр­ғанын атай аласыз ба?

– Клиникалық басшылықтың қазіргі заманғы дәуірі 1992 жылдан басталады. Ол бірінші рет АҚШ медицина институтында жасалған баяндамада аталып көрсетіліп, клиникалық басшылық пен оның маңызы ашып айтылды. Ал 1999 жылы клиникалық басшылықты жасау тәсілдері туралы баяндама жасалды. Аталмыш үдеріс көптеген елдерде клиникалық басшылықты талдаумен және енгізумен айналысатын ірі ұйымдардың құрылуына алып барды. Мұндай ұйымдар, айталық, бірінші болып Ұлыбританияның ұлттық денсаулық сақтау және шеберлік инс­титутында (NICE), Шотландияның институт аралық жүйесінде (SIGN) пайда болды. Мұндай құрылымдар Канада, Австралия, Германия сияқты көптеген елдерде де бар. Айта ке­ту керек, ДДҰ секілді көптеген медициналық ассоциациялар да клиникалық басшылықты жасап, оны әр елдің жергілікті жағдайына бейімдеумен айналысып келеді.

– Бұл енді сіздің бөлімнің айналысатын жұмысы ғой?

– Иә, біздің еліміздегі ең өзекті бағыттар бойынша клиникалық басшылықты бейімдеу үдерісі «ҚР Денсаулық сақтау секторына технологиялар тапсыру мен институттық реформалар жасау» жобасы шеңберінен басталды. Бұл бастамаға Үкімет қол­дау көрсетті. Осы кезден бастап біз­дің орталықта да, республикадағы медициналық, ғылыми және бі­лім ұйымдарда да клиникалық бас­шылық пен оның денсаулық сақтау саласының тәжірибесін енгізуге бейімдеу міндет­те­рін шешуге қабілеттілікті арттыру жөнінде орасан зор жұмыстар жүргізілді.

– Маңызды әңгімеңіз үшін, Ан­на Борисовна, үлкен рахмет. Ме­нің ойымша, бұл сұхбат біздің дәрі­гер­ле­ріміз үшін де маңызды болуға тиіс.

– Біз дәрігерлеріміздің клини­калық басшылық ұсынған дәлелді кепілдемелерді қолдануларының елімізде медициналық көмек пен қызмет көрсету сапасын халықаралық стандарттарға жақындата түсуге мүмкіндік береді деген үміттеміз.

Әңгімелескен

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар