Жақында Орал қаласының іргесіндегі Круглоозерный кентінде үш қабатты, 40 пәтерлі үй пайдалануға берілген еді. Су жаңа үйдің бір пәтері алты баласын жалғыз бағып отырған анаға бұйырды.
Алты жылдан бері пәтер жағалап жүрген жалғызбасты ана Гүлдария Төлегенқызы мен алты баласын ерекше қуантқан «ОралЗемТрубСервис» ЖШС директоры Алек Көбеев екен. Круглоозерный кентінде 1,5 жылдан бері жаңа үй құрылысын жүргізген мердігер Алек Тынымгерейұлының «Қайырымдылық айы» аясында бір отбасыға баспана сыйласам деген тілегін кент әкімдігі қолдаған. Ақылдаса келе, таңдау Гүлдария Төлегенқызының отбасына түсіпті. Тосынсыйға қатты риза болған көпбалалы ана ерекше қуанып, қайырымды кәсіпкерге алғыс айтты.
Круглоозерный – жедел өсіп, көркейіп келе жатқан елді мекен. Орал қаласы аумағынан баспана үшін жер кезегінде тұрған 1100-ден аса адамға дәл осы кенттің жанынан жер телімін беру жоспарланып жатыр. Қазір бекітілген аумақтың инфрақұрылымын жасақтау, яғни су, газ, электр жарығымен қамту жұмыстары қарқынды жүруде.
Батыс Қазақстан облысы