• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Қараша, 2020

Тұрақты жұмыс – түзу тұрмыс

1223 рет
көрсетілді

Биыл Нұр-Сұлтан қаласында «Жұ­мыс­пен қамтудың жол картасы» бо­йынша 151 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Аталған бағдарлама аясында 15 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылып, халық­ты жұмыспен қамту орталығы арқылы 7 мыңнан аса адам жұмысқа орна­ластырылды.

Жақында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкер­лер палатасының VII съезінде Нұр-Сұлтан қаласы биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруда жоғары нәтижелер көрсеткені аталып өтті. Ал енді келесі жылға арналған бағдарламаның жобасы 1 желтоқсанға дейін әзірленуі тиіс. Елорданың халықты жұмыспен қамту орталығы бұл жобаның Ұлттық банкпен және Үкіметпен бірлесіп жүзеге асырылатынын хабарлады.

Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған игі бағдарлама нәтижесін көрсетіп, қаншама азамат жұмысты болып, адал еңбек, маңдай терімен нәпақасын тауып отыр. Солардың бірі елордалық Дәурен Шабданбеков enbek.kz сайты арқылы жұмыс тауыпты. «Пандемия басталғалы жұмыссыз қалдым. Кейін enbek.kz сайтына тіркеліп, жұмыс іздедім. Мұндай жұмысты хабарландырудан көбіне таба алмайсың. Ал жұмыспен қамту орталығының сайтында көп жұмыс орны мен таңдау бар», дейді ол.

«Жұмыспен қамтудың жол картасына» қатысуға кәсіпкерлер де өтінім бере алады. Дұрыс үйлестіру арқылы барлық деңгей­дегі мамандарды табуға болады. Сонымен қатар жұмыспен қамтылғандардың арасынан тұрақты жұмыс орнын тапқандар да бар.

«Біздің кәсіпорын диод жарығы бар шамдарды шығарумен айналысады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында ауқымды жоба болды. Соған 100-ден аса адам қатысты. Соның ішінен 12-13 адам тұрақты жұмысқа қабылданды. Осындай жобалар арқылы қолдау көрсек, біз жұмысты жандандырып, жұмысшылардың санын көбейтуге дайынбыз», дейді кәсіпкер Қаныбек Айтақов.

Бағдарлама аясындағы іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасады. Нақтырақ айтқанда, құрылыс нысандарындағы ішкі жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып жатыр. Толығырақ мәлімет алғысы келетіндер халықты жұмыспен қамту орталығының мониторинг және еңбек ресурстарын болжау бөліміне мына мекенжай бойынша хабарласуға болады: Бейбітшілік көшесі, №25-үй, «Өркен» іскерлік орталығы (тел.: 57-88-89, 57-89-37, 24-83-02).