• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Қараша, 2020

36 адам төлқұжат алды

196 рет
көрсетілді

Қостанай облысының полиция департаментінде аймақта тұрып жатқан азаматтардың құқықтық мәртебесін реттеу мәселесіне арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Жиынға Адам құқықтары және заң тәртібін сақтау жөніндегі халықаралық бюро филиалының директоры Махаббат Ахметбекова, жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Жеңіс Бисембаев, сондай-ақ көші-қон қызметі басқармасының бастығы Қайрат Дүтпаев бастаған көші-қон қызметінің өкілдері қатысты.

Жиында облыс аумағында тұрып жатқан азаматтығы жоқ, сондай-ақ өзінің шет мемлекеттің азаматы екенін  дәлелдей алмайтын адамдардың құқықтық мәртебесін айқындау жөнінде мәселе көтеріліп, мұндай азамат­­тардың мәртебесін реттеу жө­нін­дегі бірлескен жұмысты одан әрі жандандырудың тетіктері мен жолдары талқыланды.

Махаббат Ахметбекованың айтуынша, биыл бюро мен полиция органдарының бірлескен жұмыстарының нәтижесінде Қос­танай облысында 36 адам Қазақ­стан Республикасы азаматтығын және азаматтығы жоқ екенін дә­лелдейтін куәліктер мен шетел азаматтығын айғақтайтын құжат алған.

Жалпы жыл басынан бері Адам құқықтары жөніндегі бюро­ның Қостанай филиалы мен ішкі істер органдарына 100-ге жуық адам жүгініпті.

Облыстық көші-қон басқар­ма­сының бастығы Қайрат Дүт­паев­тың айтуынша, бұл бағыттағы жұ­мыстар күнделікті атқарыла береді.

– Көші-қон қызметі мен жер­гілікті полиция қызметінің қыз­меткерлері облыста тұратын адамдарды азаматтың жеке басын куә­ландыратын құжатсыз анықтау және оларға мәртебе беретін құжат ресімдеу мақсатындағы бірлескен жұмыстарды жандандыра түседі, – деді Қ.Дүтпаев.

Жиында азаматтардың құжат­тарын ресімдеу барысында туындайтын кедергілер мен өзекті мәселелер талқыланып, алдағы міндеттер айқындалды.

 

Қостанай облысы