Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары мен оған жақын орналасқан елді мекендерді (Аршалы, Арнасай, Шөптікөл, Ижевский) сумен қамтамасыз ететін Астана су қоймасының сыйымдылығы – 410,90 млн текше метрді құрайды. Бұл туралы су қоймасын тілшілерге көрсеткен "Қазсушар" МКМ Ақмола облыстық филиалының директоры Уәли Дәлі айтты, деп жазады Egemen.kz
Оның сөзінше, су қоймасы 2021 жылдың көктемгі су тасқыны кезеңіне дайын. Дегенмен тиімді шараларды талап ететін мәселелер де бар.
"Есіл өзенінде орналасқан Астана су қоймасы 1970 жылы салынған. Су өткізу қуаты – секундына 1910 текше метр. Қазір 328 млн текше метр су жинадық, яғни 80%-ға толған. Пайдалануға берілгеніне 50 жыл болды десек, су қоймасы үшін бұл көп уақыт. Жібек жолы ауылы мен 42-разъезд аумағындағы Есіл өзені арнасының су өткізу қуаты едәуір төмендеп кетті. Бұған уақытша салынған құбырлы өткелдер мен судың балдырларға толып кетуі себеп. Сондықтан жергілікті атқарушы орган өзен арнасын тазалап, ауылдар айналасына бөгет салуы керек", деді Уәли Дәлі.
Су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу үшін Қазсушардың Ақмола облыстық филиалы жыл сайын "Қазгидрометтің" берген мәліметтері бойынша Есіл бассейндік су инспекциясының бекітуімен қалаға су жіберудің болжамды кестесін жасайды.
"Ол Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен келісіледі. Сонымен бірге күн сайын су көлемін есептейміз. "Астана су арнасы" мекемесі Нұр-Сұлтан қаласы үшін жылына 80-90 млн млн текше метр көлемінде су алады. Ал Аршалы ауданындағы бірнеше ауылға айына 40 мың текше метр су беріледі. Сонымен бірге Елордадағы Есіл өзенінің деңгейін ұстап тұру үшін санитарлық су жібереміз", деп түсіндірді филиал басшысы.
Айта кетейік, "Қазсушар" РКМ Ақмола облыстық филиалы балансында 7 су қоймасы бар. Олар – Астана, Есіл, Селеті, Чаглинское жән Подлесненское су қоймалары. Елорданы су тасқынынан қорғау үшін 2010 жылы қорғаныс бөгеті салынған.