Қазір қалаған кітабыңды қолға түсіре алмайсың. Баспасөз арқылы хабарланып, оқуға құмартып жүрген кітаптарымның бірі Махмұт Қасымбековтің Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың еңбек, өмір жолы туралы туындысы болатын. Мені бір жағынан бірнеше жыл Елбасының күнделікті ісіне тікелей куәгер азаматтың баяндауы қызықтырған еді.
ЭФИРГЕ ШЫҚҚАНША АСЫҒАМЫН
Қазір қалаған кітабыңды қолға түсіре алмайсың. Баспасөз арқылы хабарланып, оқуға құмартып жүрген кітаптарымның бірі Махмұт Қасымбековтің Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың еңбек, өмір жолы туралы туындысы болатын. Мені бір жағынан бірнеше жыл Елбасының күнделікті ісіне тікелей куәгер азаматтың баяндауы қызықтырған еді.
Шындығын айтқанда, көрнекті тұлға жөнінде кітап жазу, оқырмандарға мемлекет басқару сынды күрделі міндеттің көпшілігімізге белгісіз қыр-сырларын жеткізу, өзіміз мақтан етердей еліміздің өсіп-өркендеуіндегі, әлем алдында бедел-абыройын асырудағы қиын қызметтің астарын ашу екінің бірінің қолынан келе қоймас, келген күннің өзінде соған тәуекел ету де азаматтық ерліктей ғой.
Бұрыннан құлақтанып жүрген кітабымның тараулары «Шалқар» радиосы арқылы оқыла бастауына қуанып қалдым. Қазір көз нұры төмендеп, бұрынғыдай ұзағынан тесіліп оқуға мүмкіндік азайған шақта диктордың құлаққа жағымды дауысымен әсерлі оқылуы, музыка үнімен көркемделуі күннен-күнге баурап барады. Аталған радионың, әсіресе, «Алтын қорынан» берілетін хабарларын бұған дейін сүйсіне тыңдаушы едім. Бұл да бір көңілімізден шыққан үрдіс болды. Меңінше, оны таспаға жазып алып, мектеп оқушыларына тыңдатып, арнаулы сабақ өткізу ұйымдастырылса артықтығы болмас еді.
Тәуелсіздік жылдарында Отанымыздың көтерілген биігі ертегіге бергісіз екенін бәрін салыстыра қарайтын, көпті көрген аға буын ерекше мақтан тұтады. Мұның бәрі маңдайымыздың бақытына бұйыртқан көреген басшымыз, кемеңгер саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегінің жемісі деп білеміз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халқымыз. Сүйікті «Шалқар» радиосының әр кештегі осынау хабары эфирге шыққанша асығамыз.
Сартбай ТӨКЕНОВ,
зейнеткер.
Қарағанды облысы,
Жаңаарқа ауданы,
Сәкен Сейфуллин ауылы.
«ШАЛҚАР» ШАҢЫРАҒЫНАН ШАШЫЛҒАН ШАТТЫҚ
Радио тыңдау менің бала кезімнен бергі әдетім. Сол кезеңдері ауылдық жердің негізгі құралына, сәніне айналған радио үні – біз үшін құлақсіңді үн. Қазіргі таңда түрлі ақпараттық құралдар қатары көбейіп, тіпті, әлемнің әр қиырынан үлкенді-кішілі хабар-ошарды көзді ашып-жұмғанша жеткізіп тұрған ғаламтор мүмкіндігі шексіз болғанның өзінде, мен радио тыңдау дағдымнан жаңылған жоқпын.
Әрбір күнді егемен еліміздің Әнұранымен бастап, «Қайырлы таң, Қазақ елі!» деп әуе толқынында қалың қазақпен амандасатын «Шалқар» радиосы радио тыңдайтын барша тыңдарманға таныс деп білемін. Алуан бағдарламалары бар, қазіргі күннің өзекті мәселелерін тақырып етіп, әңгіме, талқылау алаңына алып шығып отыратын радиодағы «Ел және Елбасы» бағдарламасы – орны бөлек дүние. Біздің еліміз үшін қазір, ең бастысы, тәуелсіздікті қадірлеу, мемлекетіміздің нығаюын әрбір адамның перзенттік парыз ретінде ұғынып, үлес қосуы, бүгінде әлемге өз үнін естіртіп, жақсы қадамымен таныла бастаған еліміздің көш басында тұрған тұлға – Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың саясатын қолдап-қуаттау деп білемін. Осы орайда еліміздің өткенін бүгінмен сабақтастырып, тәуелсіздік алған 22 жыл ішіндегі толағай табыстар, оған жету жолындағы қиындықтар туралы жан-жақты мәлімет беретін бұл бағдарлама – ұрпақ үшін де құнды ақпарат көзі. Мен, әсіресе, ұстаздардың осы бағдарламаны тыңдап, мектептерде оқушылардың отансүйгіштік қырын дамыту үшін қолдануына, сабақтың ыңғайына, талабына қарай пайдалануына кеңес берер едім.
Қазіргі қазақ қоғамындағы Елбасы рөлін, оның жас мемлекетімізді аяғынан тұрғызу бағытындағы ерен істерін танытудағы аталған бағдарламаның маңызын қуаттай отырып, осы композицияға арқау болған М.Қасымбеков кітабының құндылығы зор десек, қателеспейміз.
Еліміз сара жолынан жаңылмасын, елдік абыройымызды асырып, ұрпақ тәрбиелеуге жақсы істерімен атсалысар айбарлы азаматтар аман болсын деймін.
Гүлжан ИСМУРЗИНА,
облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының
басшысы.
Ақтау.
ӨРЕЛІ ӨМІР – ӘРКІМГЕ ӨНЕГЕ
«Шалқар» радиосынан Махмұт Қасымбековтің «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» кітабы бойынша жасалған радиокомпозицияны басынан бастап тыңдап келемін. Таңғы 07.30-дан бастап, түн ортасына дейін бірнеше рет беріледі. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Шолпан Байғабылова мен Аманжан Еңсебаев нақышына келтіріп оқығанда Елбасы туралы шығарма құлпыра түскендей болады. Осы шығарманы оқудың сәті менің Мәскеудегі М.Шепкин атындағы жоғары театр училищесін бірге тәмамдаған курстасым, әріптесім Шолпан Байғабылқызы мен байырғы диктор Аманжан Серікұлына бұйырғанына да қуаныштымын.
Мен негізі радио тыңдағанды бұрыннан дұрыс көремін. Радио, біріншіден, ешкімнің уақытын алмайды, кез келген кісі шаруасын істеп жүріп-ақ барлық ақпараттан қалыс қалмайды. Қазір үйде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы радиокомпозицияның эфирге шығатын кезін күтіп отырамын. Шіркін-ай, осы шығарманы жастар жағы қалай тыңдап жүр екен?! Елбасының өнегелі өмірі жөнінде көбірек білу бізден бұрын соларға керек. Шығарма біздің заманымыздағы аса ірі тұлғаның бала кезінен басталады. Тыңдап отырып, оның алдына мақсат қоя білгені, алдағы өмірін шынайы армандағаны мені қатты қызықтырды. Ол Президент боламын деп армандаған жоқ, еліне, жеріне пайдасы тиетін адам боламын, қазақ деген халықтың атына кір келтірмес ер боламын деп алға ұмтылды. Сонымен қатар, жас Нұрсұлтанның батыл шешімдерге баратын тәуекелшіл, өжеттігі де екінің бірінің бойынан табылмайтын қасиет.
Қазір біздің жастарымызда алға мақсат қоя білу кемшін емес пе деген ой келеді маған. Бойда қуат, жүректе жалын бар жастық шақта неге алға ұмтылмасқа? Жастық шақ екі айналып келмейді. Шығарманы тыңдап отырып менің түйгенім, Нұрсұлтан Әбішұлы жас кезінен бастап уақытты бағалай білді. Өмірдің өзі қамшының сабындай қысқа уақыт емес пе? Ол әр күнін, мүмкін, әр сағатын бос жібермеуге тырысты. Бәлкім, Назарбаевтың биік шыңдарды бағындыруының себебі де осында жатқан шығар? Шығармада Президенттің өсу жолдары тамаша беріледі. Оның биікке бастаған жолы тақтайдай тегіс те болған жоқ. Түйіні мықты сәттердің шешім табуы шығармада жақсы суреттеледі.
Радиокомпозицияның тілі, музыкамен көркемделуі, берілу пішіні маған өте ұнады. Оны жұртшылықтың тыңдауын қалар едім. Бір рет тыңдаған кісі жалғасын күтіп отырарына тағы кепілмін.
Қайыпберген ЕСЕНҒҰЛОВ,
І.Омаров атындағы
облыстық қазақ драма
театрының актері.
ҚОСТАНАЙ.
СЫЛДЫРАП ӨҢКЕЙ КЕЛІСІМ
Ресейден ата-баба қонысына көшіп келгенімізге біраз болды.Қазір бәйбішем екеуміз сырттан келген ағайындарымыз үшін арнайы салынған Бәйтерек ауылында тұрып жатырмыз. 150 түтіні бар елді мекенде Өзбекстаннан, Ресейден жеткен отандастарымыз өз тағдырларын тоғыстырған.
Мұны айтып отырған себебім, өзіміз күнде тыңдайтын радиодан Тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағында Елбасымыздың жанынан табылып, сенімді серігі бола білген қоғам қайраткері Махмұт Қасымбековтің «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты танымдық кітабынан берілген циклды әңгімелерді тыңдай отырып, үш елдің бірі ретінде Қазақстанның өз қандастарын қарсы алудағы Ұлы көштің қалай басталғаны жайлы көп мағлұмат алдым. Мемлекет басшысының балалық шағынан бастап сұңғыла саясаткер, дана көшбасшы дәрежесіне дейін көтерілген тұлғасы қарапайым тілмен суреттелген. Әр күн сайын түс мезгілінде отбасымыз болып тағатсыздана тосамыз.
Тоқсаныншы жылдар менің де көз алдымда. Туған жерге буынып-түйініп, қанша оралуға ұмтылсақ та, қалай қарсы алар екен деген түйсік пен сенімсіздік іштей тежей берді. Алдымен балаларды аттандырып, сосын өзіміз атбасын бұрдық. Шынын айтсам, дәл осындай құрметке бөленеміз, жайлы баспанаға ие боламыз деп еш ойламап едік. Елге келгенімізге еш өкінбейміз. Махмұт бауырым осы кезеңді айнытпай сипаттаған, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жар басында тұрған едік» деген теңеуін әдемі келтірген.
Өз басым «сылдырап өңкей келісім» дегендей, осындай танымдық хабарлардың радиодан үзілмеуін тілеймін. Өйткені, кітапта Президенттің қарапайым халық біле бермейтін қасиеттері, күрескерлік тұлғасы көркем тілмен баяндалған. Бүгінде екінің бірі кітап оқи бермейтіні аян. Оған уақыт та тапшы, енжарлығымыз да жібермейді. Олай болса, радио арқылы да жастарымызды адамгершілікке, асыл қасиеттерге, елді, жерді, Отанды сүюге үндеуге болатынына әбден көзім жетті.
Қайролла СҮЛЕЙМЕНОВ,
еңбек ардагері.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Қызылжар ауданы,
Бәйтерек ауылы.