Ыстанбұлда қазақ тілін оқытатын екі бірдей онлайн сынып жұмысын бастады, деп жазады Egemen.kz
KATEAD қауымдастығы мен «Отандастар» қоры арасында 2019 жылғы 21 мамырда қол қойылған хаттама негізінде ашылған бұл курс онлайн режімде өтеді әрі тегін болады.
"Курсқа қажетті жабдықтар 2019 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстаннан жөнелтілді. Қазақ тілі курсы Ыстанбұлдың екі аймағында ұйымдастырылады: біріншісі Зейтинбурн ауданында, ал екіншісі Бағджылар ауданында. Бұл екі жер Түркия қазақтарының көп қоныстануына байланысты таңдалды. Бағджылар ауданында курс қазақтар негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи білім және аймақтық қорының ғимаратында өтеді. Бұл үшін KATEAD қауымдастығы мен Қожа Ахмет Ясауи қоры арасында 3 жыл мерзімге арналған хаттамаға қол қойылып, Қазақстаннан жеткізілген дәрістерге арналған жабдықтар сол жерге де апарылды", дейді KATEAD төрағасы Ертолқын Гайретуллах.
Сабақ Microsoft Teams бағдарламасы арқылы тікелей эфирде жүргізіледі. Оқу бағдарламасы оқу, тыңдау және сөйлеу дағдыларын жетілдіруге арналған шығармашылық тапсырмалары бар 45 интерактивті сабақтан тұрады. Сабақ нәтижесі бойынша мектеп жасындағы оқушылар Қазақстан Республикасындағы жазғы лагерьлерге де жіберіледі.
"Бұл шара Түркияда тұратын қазақтардың атажұртпен байланысын нығайтары сөзсіз. Әрі осында туып-өскен, қазақ тілін жетік меңгергісі келетін қандастарымыз үшін де үлкен мүмкіндік. Біз "Отандастар қорының" төрағасы Нұртай Әбіқаев мырзаға, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков мырзаға және осы мүмкіндікті тудырған барлық азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Біз, қауымдастық ретінде, қазақ мәдениеті мен тілі үшін қарқынды жұмыс істеуді жалғастыра отырып, осындай іс-шаралардың нәтижесінде қазақ мәдениеті мен тілін сақтап қала аламыз деп сенеміз", - дейді KATEAD төрағасы Ертолқын Гайретуллах.