Қостанай облысындағы сары бидайымен аты шыққан Сарыкөл ауданының орталығындағы абаттандыру жұмыстары биыл жаз бойы толастаған жоқ. Мәселен, орталық алаңдағы Тәуелсіздік монументі мен Даңқ қабырғасын күрделі жөндеу жұмыстары таяуда ғана аяқталып, жаңа кейіпке енген келісті ескерткіштер ауылдың ажарын аша түсті.
Жаңартылған ескерткіштердің айналасы абаттандырылып, ағаш көшеттері отырғызылды. Гүлзарлар кеңейтіліп, монументтің маңына тұрғындар бір ауық отырып, демалатын орындықтар қойылды.
– Биыл Сарыкөл кентінің орталық алаңын абаттандыруға көп күш жұмсадық. 2008 жылы орнатылған Тәуелсіздік стелласы күрделі жөндеуден өткізілді. Жарамсыз керамогранит төсеніштері ауыстырылып, гүлзарлардың сыртқы түрі өзгерді. Мұның бәрі жергілікті бюджет пен ауыл кәсіпкерлерінің қаржысына жасалып жатқан дүние, – деді ауыл әкімі Сергей Горшенин.
2018 жылы салынып, биыл қайта жаңартылған Даңқ қабырғасында осы ауылдан Отан соғысына аттанған майдангерлер мен Еңбек ерлерінің есімдері, аудан, облыс көлеміне белгілі ауылдың азаматтарының фотосуреттері ілулі тұр. Бұл ескерткіш те әктеліп, сырланып, жаңа кейіпке енген.
Ауылдың орталық алаңына жаңа кеспетас төселіпті. Енді мереке күндері салтанатты іс-шаралар өткізуге арналған сахна мен мінберді жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.
Қостанай облысы