Зардабы әлі толық жойыла қоймаған Екінші дүниежүзілік соғыста қолданылған қару-жарақтар көп кездеспейді. Дегенмен өткен күннің ұмытылмас белгісіне айналған қарудың бірі облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы тұр. Бұл – әйгілі «Максим» пулеметі.
Тарихи дерекке сүйенсек, бұл қаруды британдық өнертапқыш Хайрем Стивенс Максим 1873 жылы ойлап тапқан екен. Бастапқы кездегі салмағы – 240 кило, калибрі – 11,43 мм. Кейіннен «Бердан» мылтық патронының калибріне ауыстырылып, салмағы 64 килоға дейін жеңілдеген. Осындай тарихы бар пулеметті музей қорына 1970 жылы «ДОСААФ» Гурьев облыстық спорттық атқыштар клубы тапсырыпты.
– «Максим» Екінші дүниежүзілік соғыста кеңестік пулеметшілердің басты қаруы болды. Оны соғыс кезінде, әсіресе артиллерияда, танктерде, бронды машиналарда, авиацияда кеңінен қолданды. Мәселен, Кеңес Одағының Батыры атанған қазақтың қайсар қызы Мәншүк Мәметова осы пулеметпен жауға қарсы минутына 600 оқ жаудырған, – дейді музей қызметкерлері.
Атырау облысы