Жасыл желекке оранған жазира қаланың әр бұрышында сан түрлі сала мамандарының қолтаңбасы бар. Жастық жалыны мен жігерін қоғам өмірін жақсартуға арнап жүрген еріктілер еккен көшеттер де бір кездері саялы бауға айналатыны анық.
Алматы қалалық Jas Otan Жастар қанатының және қалалық Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Волонтерлер аллеясы» Жетісу ауданының «Гүлдер» саябағынан орын тепті. Игі шараға жиырмадан астам волонтер ұйымының жетекшісі мен белсенді мүшелері қатысып, шырша ағашының көшеттерін отырғызды.
– Елімізде ашылып жатқан алғашқы «Волонтерлер аллеясының» символдық мәні ерекше. Біріншіден, қала экологиясына және көгалдануына үлес қосу. Екіншіден, коронавирус пандемиясы кезінде қала тұрғындарына көмек көрсетіп, еңбек еткен волонтерлер ұйымдарын қала тұрғындарына таныту, дәріптеу. Шараны өткізудегі басты мақсат – «Волонтер жылының» аясында қаламыздағы барлық белсенді еріктілер ұйымының басын біріктіру. Қала әкімінің «Jasyl Almaty» жобасын жүзеге асырып, экологиямыздың жақсаруына үлес қосу. Аллея жылдан-жылға жаңа ағаштармен толығып, волонтерлер ұйымының саны арта береді деген ойдамын, – дейді Алматы қалалық Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Мәди Ахметов.
Әсем алаңқайдың ашылу салтанатына мегаполистің белсенді тұрғындары мен Жетісу ауданының ақсақалдары, сондай-ақ мәслихат депутаттары қатысты.
АЛМАТЫ