• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 10 Қараша, 2020

«Сен» демейтін халық

668 рет
көрсетілді

Ағылшындар – сыпайы халық. Бір-бірін құрметтеп, ізет көрсетуден еш жалыққан емес. Содан шығар Ұлыбританияға келген туристер ең әуелі жергілікті халықтың қонақжайлылығын тілге тиек етеді.

Британия аралдары тұрғындарының сыпайы болуының сыры беймәлім. Ізет көрсету қасиеті халықтың өне бойына сіңісіп кеткен. Көшеде жол сұрағанда кез келгені тоқтап, ерінбей қажетті бағытты нұсқап жібереді. Анықтама орталығында отырғандар ежіктеген ағылшынша сөзді түсініп, керекті ақпаратты баяу, ұғынықты етіп айтатыны тағы бар. Тұманды Альбионның тұрғындары үйіне келген қонақтың аузына барын тоспаса да, көшеде кездескенде қолынан келген көмегін аямайды.

Ағылшындардың қаншалықты сыпайы екенін байқау үшін бір күн жеткілікті. Көшеде, дүкенде, кез келген жерде «thank you» немесе «cheers» деген сөздерді көп естисің. Екеуінің де мағынасы бір – «рахмет». Алғыс айтудан жалыққан ағылшынды көргенім жоқ. Сондықтан шығар ағылшындардың «рахметі» ең жиі қолданылатын 15 сөздің қатарына кіреді екен.

Кешірім сұрау да ағылшындар үшін түк емес. Көшеде екі адам қағысып қалса, қағылған жолаушы қаққанына кешірім сұрап, әрі қарай жүре береді. Бір-бірінің бетінен алып, аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып жатпайды. Іздеген затын таба алмағаны үшін дүкенші сатып алушыдан кешірім сұрап, өкінішін білдіреді. Шетелдіктер үшін мұндай ізеттілік таңсық көрінетіні анық. Алғашқыда ұялғаныңмен, бірте-бірте етің үйреніп, сол қоғамның бір бөлшегіне қалай айналып кеткенің білінбей қалады.

Ағылшындар ешқашан ойын бетке тіке айтпайды. Тіпті толықтай келіспеген күннің өзінде алыстан орағытып, пікірін ренжітіп алмайтындай етіп жеткізеді. Мысалы, «келіспеймін» деп кесіп айтудың орнына «ойыңыз/айтқаныңыз маған таңсық көрінді» дегенді жөн көреді. «Аздап көңіліме келіп қалды» десе, әлгі адамды ренжітіп алғаныңызға бәстесе аламын. Ал «өте қызық екен» деген тіркес кейде түкке тұрғысыз деген мағынаны білдіруі мүмкін. Мұның бәрі сұхбаттасушыны ренжітпеуге, ой-пікірін құрметтеуге және дөрекі көрінбеуге тырысатынымен байланысты. Ешқашан «сенікі дұрыс емес» деп айтқан ағылшынды көрмейсің.

Тұманды Альбион тұрғындары ешқашан «сен» деп айтпайды. Ағылшын тілінде «сен» сөзінің баламасы, әлбетте, бар (thou). Мәселен, Ромео мен Джульеттаның түпнұсқасында аталған жіктеу есімдігі жиі кездеседі. «Thou» сөзі Шекспир заманында кеңінен қолданылғанымен, бүгінде қолданыстан түсіп қалған. Бүгінде бұл сөзді Шотландияның кейбір бөлігінде ішінара қолданатындар бар. Оның өзінде жақсы танитын туысына, үй ішінде ғана айтылатын сөз. Біз білетін «you» қазақша «сізбен» пара-пар. Оны жиі пайдаланудың себебін ағылшындар өздерінің сыпайылығымен байланыстырады. Кейінгі кезде осы сөздің мағынасы айтарлық­тай өзгергенімен, түп-төркіні «сіз» екенін ұлыбританиялықтардың бәрі біледі. Халық арасында британдар итіне де «сіз» деп айтады деген әзіл бар.

Лондондағы UCL университетіндегі бір жылдық курсымыз аяқталып, соңғы суретке түсу рәсімі кезінде бізге ағылшын тілінің қыр-сырын үйреткен Майлс ұстаздан неліктен Тұманды Альбион тұрғындарының сыпайы екенін сұрадым. Ол мұндай сұрақ күтпесе керек, тосылып қалды. Сәлден кейін ғана «Бұл – ағылшындардың болмысы ғой» деп жауап берді. Ағылшындарды сүттен ақ, судан таза халық санатында әсірелеуден аулақпыз. Қоғам, халық болғасын арасында дөрекілері, бұзақылары да табылатыны белгілі. Әйтсе де, халықтың басым бөлігі сыпайы болуды адамгершілік ретінде санап, соған ұмтылады. Сыпайылық – Ұлыбританияға келген қонақтардың әдепкіде байқайтын ерекшеліктердің бірі болуы да сондықтан.

Жалпы, сыпайы болу, кешірімді болу қазақ халқына да жат ұғым емес. Халқымыздың «кішіпейілділік – кішілік емес, кісілік», «ұлық болсаң, кішік бол» деген нақыл қалдыруы осы сөзімізге дәлел.

Өкінішке қарай, кейінгі кезде біздің қоғам­да кешірімділік көрсету, сыпайы болу, ізет пен құрмет азайып бара жатқандай. Әсіресе, әлеуметтік желіде ондайдың түр-түрі­не куә болып жүрміз. Тіпті халықтың қай­мағы саналатын тұлғалардың былайғы уақытта ауызға ерік беретінін де көзіміз көріп жүр.

Бір қызығы, әлеуметтік желіде аузына келгенді айтқандар кейіннен халықтан кешірім сұрап видео түсіріп жатады. Бірақ бұл кешірім сұрау жоғарыда айтқан ағылшындардың кішіпейілділігінен мүлдем басқа екені айтпаса да түсінікті. Әдетте, Батыстың таңсығы мен қаңсығын өзімізге үлгі етіп жатамыз ғой. Ендеше, ағылшындардың сыпайылығы мен кешірім сұрау мәдениетін үйренсек, өкінбейтініміз анық.