Қостанай облысында 12 санитарлық бекет жұмыс істей бастады. Оның төртеуі Ресеймен шектесіп жатқан Қарабалық, Ұзынкөл, Бейімбет Майлин аудандарындағы шекара бекеттеріне, үшеуі облыс орталығына кіретін жолдарға, төртеуі Қостанай ауданына, ал біреуі Жітіқара қаласының кіреберісіне қойылды.
9 қарашаға қараған түні аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов пен облыстық полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов Қостанай қаласының маңындағы 3 санитарлық бекетте болып, кезекшілікке шыққан қызметкерлердің жұмыс жағдайымен танысты.
– Санитарлық бекеттерде 24 медицина қызметкері, 94 полицей және 13 автопатруль кезекшілік етіп жатыр. Барлығы қажетті қорғаныс құралдарымен жабдықталған. Бекет қызметкерлері 12 сағат сайын ауысып отырады. Қалаға кіріп-шығып жатқан жолаушыларға мұқият бақылау жүргізуді, сондай-ақ кезекшіліктегі барлық қызметкерлерді керек-жарақпен қамтамасыз етуді тапсырдым, – деді облыс әкімі.
Бекет Аймағамбетов полиция мен мониторинг топтың мүшелері бірлесіп, карантин тәртібін бұзушыларды тезге салу шараларын күшейтіп жатқанын айтты.
– Кейінгі күннің ішінде ғана карантин режімін бұзған 232 адам анықталып отыр. Алдын ала айтылған ескертулерге қарамастан, облыс тұрғындары туған күн, үйлену тойы, ас беру сияқты жиындарды жасырын өткізуді доғарар емес. Мұндай жиындарға 50-ден 200-ге дейін адам жиналып, санитарлық нормалар өрескел бұзылып, індеттің етек ала түсуіне себеп болып жатыр, – деді департамент бастығы.
Санитарлық талаптардың сақталуына қамтамасыз ету мақсатында күнделікті рейд шараларына шығып отыратын мониторинг тобының тексеріс нәтижелеріне жүгінсек, 7 қарашада облыс орталығындағы «Евразия» мейрамханасында 100-ге жуық адам қатысқан үйлену тойы, «Дияр» дәмханасында 35 адам бас қосқан құдалық, бірнеше жалдамалы коттедждерде 30-дан аса адам жиналған туған күн, қыз ұзату өткен. Сондай-ақ «Тандыр» дәмханасында 30-дан аса адам отбасылық мерекеге бас қосып, «Релакс», «Лед» деген сауналардың тыйым салынған уақыт ішінде жұмыс істегені анықталып отыр.
Сауда орындарында санитарлық талапқа салғырт қарайтын сатушылардың көптігі де алаңдатады. Мәселен, бір күннің ішінде тауарды таразы басынан қолғапсыз, маскасыз жіберген 70-тен аса сатушы анықталды. Мониторинг топтың мәліметінше, 7 қараша күні тек Қарасу мен Ұзынкөл аудандарында ғана бірде-бір санитарлық талаптардың бұзылу фактісі тіркелмеген.
Қостанай облысы