• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Медицина 10 Қараша, 2020

CОVID-тің көлеңкесінде қалмасын (Мегаполисте АИТВ жұқтырған 3663 адам бар...)

357 рет
көрсетілді

Шындығына келгенде, шартараптағы елдерді шошытып, үрей құшағында ұстап отырған коронавирус індеті жұғуы жылдам, басқа қауіпті кеселдерге қатысты мәселелерді көлегейлеп отыр. Өйткені бүкіл әлемнің назары CОVID-19 пандемиясы мен оның адам өмірі мен әл-ауқатына тигізетін әсеріне ауды. Жаһандық індет баршамызға денсаулықтың басқа маңызды мәселелермен, соның ішінде гендерлік теңдік, әлеуметтік қорғау және экономикалық әл-ауқатпен қаншалықты тығыз байланысты екенін тағы да көрсетті. Сондықтан Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күнінің биылғы тақырыбына «Халықаралық ынтымақтастық, ортақ жауапкершілік» мәселесінің таңдалуы бекер емес.

Алдымен ақиқатын айтайықшы, адамзаттың тарихында «ВИЧ/СПИД» ауруы­нан әлдеқайда қауіпті, одан да оңай жұғатын дерттердің бар екеніне қарамастан, жұрттың оның атын естігенде зәре-құты неге қашады? Неге жұрт қоғам үшін әлеуметтік саяси қатері ЖИТС -тен кем емес, жұғуы тез туберкулез, С немесе В гепатитімен ауыратын жандарға түсіністікпен қарайды? Абайсызда ЖИТС қармағына іліккен жандарды қоғам неге оқшаулайды?

АИТВ жұқтырғандардың бәрі аз­ғын­дағандар деген түсініктің теріс екен­­дігін уақыт көрсетсе де, қоғам түп­кі­­лікті қабылдай алмайды. Осы ара­да «ВИЧ», асқынғанда «СПИД»-ке ұла­са­тын аурудан жұрттың өлердей қорқып, зәре-құты қалмауына және оны абайсызда жұқтырғандардың қоғамнан оқшаулануына журналистердің қос­қан үлесі қомақты екенін мо­йындауға тиістіміз. Осы аурудың аты шығып, анықталғаннан кейін-ақ оған бүкіләлемдік БАҚ өкілдері «ХХ ғасыр індеті», «Ғасыр обасы» деген ат қойып, оны жұқтырған адамдар санаулы жылдардың ішінде-ақ іріп-шіріп өледі деген түсінік тарата бас­та­ды. Тіпті бұл ауруды жазғанда қаншама рет басылымдар қолына орақ ұстаған қара шекпенді жаналғыш әзірейілдің суретін қатар бергені де есімізде.

Осыдан жиырма шақты жыл бұрын БҰҰ-ның арнаулы қызметі теледидар арқылы Оңтүстік Африкада 35 немересімен жалғыз өзі қалған 57 жас­та­ғы әйелді көрсетті. Бақытсыз әйел­дің барлық ұл-қыздары мен келіндері түгелдей «СПИД»-тен көз жұмған…

Адам ағзасындағы төрт сұйықтықта болатын бұл вирус ине ұшымен, жыныстық қатынаспен де, қан арқылы да, ананың сүтімен де оңай жұғатынын Шымкент оқиғасы дәлелдеп кетті. Бұл вирусты аяғын анықтап басып, адал жүрген адамға тіс дәрігері де, маникюр-педикюр шебері де өз кәсібін дұрыс атқар­маса, абайсызда жұқтыруы мүмкін.

Сонымен Алматыда Дүниежүзілік «Жа­һандық ынтымақтастық, ортақ жа­уап­кершілік» науқаны аясында Дү­ние­жүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес кү­ні­­не арналған айлық басталды. Бұл шара 1 қарашадан 5 желтоқсанға дейін жалғасады.

 – COVID-19 кез келген пандемия кезінде баршаның қауіпсіздігі әркімнің қауіпсіздігіне байланысты екенін айқын көрсетті. АИТВ-мен өмір сүретін адам­дар­ға қатысты таптаурын көзқарас пен кемсітушілікті жою, барлық мұқтаж жандарды қажетті дәрі-дәрмектермен және қызметтермен қамтамасыз ету, адам құқықтары мен гендерлік теңдікке негізделген тәсілдерді пайдалану –

АИТВ және COVID-19 пандемиясын тоқтатудың басты шарты, – дейді Алматы қаласы ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері Марат Төкеев.

Науқан күндері Алматы қалалық ЖИТС орталығының дәрігерлері қоғам­дас­тық­тармен және үкіметтік емес қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, ха­­л­ық­тың білімін арттыруға және АИТВ ин­фекциясы мен COVID-19-дың алдын алу шараларына бағытталған түрлі іс-шаралар өткізеді. Әрбір алма­ты­лық әлеуметтік желілерде Ирина Дуб­цованың «Живи» әнінің ең жақсы кавер нұсқасы байқауына қатыса алады. Жеңімпаздар онлайн-дауыс беру арқы­лы анықталып, ең үздік каверлер марапат­талады. Қала оқушылары Тик-Ток әлеу­мет­тік желісінде «АИТВ-ға қарсы би» чел­ленджінде бақ сынайды. АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға (АӨА) стигма мен кемсітушілікке жол бермеу мақсатында орталықтың меди­циналық қызметкерлері басқа меке­ме­лер­дегі әріптестерін «Ынтымақ­тас­тық таны­тыңыз!» онлайн-флешмобына шақы­рып отыр.

Мегаполис назарына АИТВ-инфек­ция­сының алдын алу үшін әлеуметтік желілерде құм шоуының элементтері бар әлеуметтік ролик көрсетілмек.

Тестілеуді танымал ету және АИТВ-ның берілу жолдары туралы хабардар болуды арттыру үшін ЖИТС орталығының қыз­меткерлері дәрігерлерге, полицей­лерге, педагогтерге, әскери қыз­мет­шілерге, қылмыстық-атқару жүйе­сі­нің қызметкерлеріне, аутрич-қыз­мет­керлерге онлайн режімінде тренингтер мен семинарлар өткізеді. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық меди­цина университетінің студенттері үшін «АИТВ және стигма» атты онлайн-дебаттар жоспарланған. Халықтың негізгі топтары үшін АИТВ-ға жедел тестілеумен «Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз» акциясы, ал АӨА үшін «Н=Н» (Анықталмайтын = берілмейтін) вебинары бар.

ЖИТС айлығының Дүниежүзілік науқанды өткізуге мегаполистегі Қоғам­дық денсаулық сақтау басқармасы, Алма­ты қаласының білім басқармасы, ІІД, ҚАЖК, халықаралық, қоғамдық үкіметтік емес және басқа да ұйымдар атсалысады.

2020 жылдың 1 қарашасындағы мә­ліметтерге сәйкес, Алматы қала­сы­ның ЖИТС орталығында 3663 АӨА есепте тұр. Қазақстанда АИТВ жұқтыр­ған­дар­дың басым бөлігін (66%) ер-азаматтар құрайды. Сол сияқты жаңадан анықталғандардың 39,5%-ы 30-39 жас аралығындағылар. Соңғы жылдары бұл инфекцияның жыныстық жолмен жұғуы қайтадан белең алып отыр.