Жыл сайын жоғары оқу орындарының ректорлары қаржылық-шаруашылық қызмет пен ғылыми-зерттеу, оқыту жұмыстары жөнінде халық алдында есеп береді, деп хабарлайды Egemen.kz
Бұл туралы бүгін Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте еске салды.
"ЖОО-ларды төрт санат бойынша саралау маңызды бағыт болып отыр. Бұл – халықаралық тәжірибе. Бұл жоғары оқу орындарының қандай деңгейде екенін түсінуге қажет. ЖОО-ларды саралау негізінде түлектерді жұмысқа орналастыру деңгейі, елдің, өңірдің, қандай да бір саланың дамуына қосқан үлесі болады, осылайша академиялық дербестік бірте-бірте кеңейеді", деп түсіндірді вице-министр.
Вице-министрдің айтуынша, екінші маңызды нәрсе – ЖОО-лардың басқару дербестігін қамтамасыз ету. Осы бағыттағы жұмыс түбегейлі қайта құрылды. Енді ЖОО-лар алқалық басқару органдарын, формаларын айқындай алады және заңды тұрғыда олардың нақты түрлерін, басқару органдарын айқындау шектелмейді.
"Жоғары білім сапасына қойылатын талаптарды арттырамыз. Яғни, біздің тарапымыздан жоғары білім беру жүйесі мемлекеттік стандарттар, ЖОО қызметінің үлгілік ережелері арқылы реттеледі. Осыған байланысты біз жыл сайын ЖОО ректорлары оқу орнының қаржылық-шаруашылық қызметі, ғылыми-зерттеу және оқу жұмыстары бойынша жұртшылық алдында есеп беретінін көздеп отырмыз. Бұл "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасындағы өте маңызды сәт. Тағы бір айта кетерлігі – шетелдік жоғары оқу орындарындағы білім алушылар мемлекеттік тапсырыс берілген немесе халықаралық аккредитациясы бар жоғары оқу орындарына ауыстырылады. Бұл да білім сапасын арттыруға бағытталған", деді М.Дәуленов.