Биылғы жылдың 10 шілде күні Астрахан аудандық соты мал ұрлығына байланысты іс қарады. Серіктестіктің бағымындағы 18 бас қара малды ұрлап, оңай олжа таппақшы болған бес адам әділ жазасын алып, түрмеге тоғытылды. Оңай олжа десе, құнығып тұратын, көзі қараятын өзгеге сабақ.
2019 жылдың 16 қазан күні айыпталушылардың үшеуі А.Есенбаев, С.Иванов, Н.Тұрманбаевтар аудандағы мал шаруашылығымен айналысатын серіктестіктің ірі қара малын ұрламақшы болып сөз байласады. Арам ойларын жүзеге асырмақшы болғандардың екеуі анықталмаған «Нива» автомашинасымен Ягодное ауылының жанына келіп, жайылымда жүрген серіктестіктің малын көздейді. Бұл уақытта ауылда оларды атқа мінген Н.Тұрманбаев тосып тұрған болатын. Мал ұрламаққа бел буған үшеу ауыл маңындағы жайылымда емін-еркін жайылып жүрген бір табын қара малды көреді. Мал маңында бақташының жоқ екендігіне көз жеткізгеннен кейін үш қазақтың ақбас, 15 бас «Герефорд» асыл тұқымды сиырларын тапа-тал түсте алдарына салып айдап алып кетеді.
Жалтыр ауылының жанындағы темір жол бойындағы тоғайдың қойнауына малды енгізгеннен кейін бұрыннан таныс Д.Олжабаев пен Р.Шинтеміровтерді ұрланған малды сойып, сіңіріп кету үшін көмекке шақырады. Олар малдың ұрланғандығын біле тұра, бас пайдаларын ойлап, баукеспелердің айтқандарына көнеді. Егер арам істері жүзеге асса, ұрттары майланып, қалталары томпайып шыға келмек. С.Иванов үйінен ТОЗ-16 карабинін оқ-дәрісімен қоса алып шығады. Кейін сот барысында өзінің айтуына қарағанда ол мылтықты 2008 жылы Жалтыр ауылының маңынан тауып алған. Оқ-дәрісімен қоса үйінде сақтаса керек. Көз байлана осы қарумен бір сиырды атып өлтіреді. Мұнан соң Д.Олжабаев пен Р.Шинтеміров оққа ұшқан сиырды асықпай мүшелеп бұзып, етін автокөлікке артып алады. Ендігісі оңай. Олжа болған мал етін өткізіп, ақшаға айналдыру. Р.Шинтеміров пен Д.Олжабаев сиыр етін Нұр-Сұлтан қаласына апарып, «Әлем» базарында 240 мың теңгеге сатып жібереді. Оңай олжаның дәмін татып дәніккен әлгі екеуі ауылда қалған баукеспе ұрылармен бірлесе отырып, арам ойларын әрі қарай жүзеге асыруға бекінеді. Ол үшін семіз, асау сиырларды ебін тауып сою керек. Базардан қара малды қаумалап ұстау үшін металдан жасалған тор мен басқа да құрал-жабдықтар сатып алады.
Келесі күні оқиға болған орында ұрылардың барлығы кездеседі. Базардан әкелген металл тордан қоршау құрып, қалған 17 бас қара малды сонда қамайды. Қоршаудан бір-бірден айдап шығып тұрып, үш сиырды мылтықпен атып өлтіреді. Сол жерде сойып, көлікке артады. Кейін үшеуі полиция қызметкерлерінің қолына түсіп, А.Есенбаев пен Н.Тұрманбаев бас сауғалап қылмыстық оқиға орын алған жерден әупірімдеп қашып құтылады. Осы қылмыстық әрекеттің кесірінен ұрылар серіктестікке 12 млн 606 100 теңге көлемінде материалдық шығын әкелген. Оқиға орнында қолға түскен С.Ивановтың автокөлігін мұқият тексерген кезде нөмірі 572-ші мылтық табылған. Мылтықты С.Иванов заңсыз сатып алып, үйінде заңсыз сақтаған.
Сот барысында айыпталушы А.Есенбаев өз кінәсін ішінара ғана мойындады. Сөз сыңайына қарағанда әуел баста мал ұрлаймын деген ой болмаған. Өз үйінде алаңсыз отырған кезінде Н.Тұрманбаев телефон шалып, кездесуге шақырды дейді. Көз байлана, ымырт үйіріле А.Есенбаев, С.Иванов үшеуі Жалтыр ауылының маңында кездескен. Сол жерде Н.Тұрманбаев Ягодное ауылының жанында бақташысы жоқ бір қора қара малдың жайылып жүргендігін жеткізген. Иванов екеуі «Нива» автомашинасымен барған кезде Н.Тұрманбаев салт атқа мініп, соңдарынан жеткен. Қараушысы жоқ қыруар малды тасалау жерге айдап апарғаннан кейін Тұрманбаев жұмысына кеткен. Жолсапардан келгеннен кейін Иванов екеуі «Субару» автомашинасымен Жалтыр ауылы маңындағы мал қамалған жерге жеткен. Дәл сол күні Иванов автомашинасының жүк салғышынан оқтаулы мылтықты алып, іле бір малды атып өлтіргенін мойындады. Иванов екеуі қамалған малды күзетіп, мал етін сатуға кеткендерді тосқан. Олар таңғы төрт кезінде оралыпты. Барлығының басы жиналған соң тағы да үш сиырды атып өлтірген. Әйтсе де екі бас қара малдың терісін алып, мүшелеп бұзып үлгермеген. Кешкі сағат тоғыздың кезінде жарығын жаққан автокөлік көрінген соң сескеніп қалған. Бұл келгендер өздерінің сыбайластары болып шықты. С.Иванов, Д.Олжабаев, Р.Шинтеміров автокөлікке отырып кетіп қалған кезде Н.Тұрманбаев атына мініп Жалтыр ауылы жаққа аттанған. Оны келесі күні кешкі бестердің шамасында ұстады. Қолға түскеннен кейін ол кінәсінен арылмақ болып, жасалған қылмыстық ісін бірден мойындады. Ол да оқиғаның қалай өрбігенін тергеу барысында айна-қатесіз айтып берді. Айыпталушы С.Иванов қылмыстық іске қаншалықты қатысы барын ішінара ғана мойындады. Ұрлық туралы қашан, қандай жағдайда сөз байласқандықтарын дәл айтып бере алмайды. Айыпталушы Р.Шинтеміров болса сот барысында Нұр-Сұлтан қаласына мал етін апарып беру үшін 20 мың теңгеге жалданғанын айтып ақталды. Ұрланған мал сойылған жерге келгенде тұрған адамдардың ішінде Тұрманбаевты ғана таныған. Сөйтсе олар ағайын адамдар екен. Сойылған малдың етін автокөлікке артқаннан кейін Н.Тұрманбаев екеуі Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әлем» базарына жетіп, мал етін сатып жіберген. Кейін қайтқан кезде Тұрманбаев уәде еткен 20 мың теңгесін төлепті. Бірінші әрекеттері өздері ойлағандай жүзеге асқаннан кейін тағы бір сиырды жеткізіп беруі жөнінде өтініш айтқан. Ал ұрыларды ұстау кезінде неге қашқандығын былайша түсіндіреді. Айдалада өзінің өміріне қауіп төнді ме деп ойлаған. Айыпталушы Д.Олжабаев болса, осы мал ұрлығы барысында мүлде кінәсізбін дейді. Қазанның 17-сі күні белгісіз нөмірден бұрыннан таныс Н.Тұрманбаев телефон шалып, бүгін келіп жолығатындығын айтқан. Автокөлікпен келген Н.Тұрманбаев мал союға көмектесуін сұраған. Әр малды сойғаны үшін 10 мың теңгеден төлеймін деп уәде еткен. Ақшаға қызыққан бұл бірден келісе кеткен. Тұрманбаев малдың қай жерде тұрғандығын түсіндіріп берген.
Мал ұрлығы қалай ашылды? Ауыл тұрғындары темір жол маңындағы тоғайдан бейсауат жүрген екі автокөлікті байқаған. Содан соң жергілікті егерьге бақылап, байқау қажеттігін тапсырған. Егерьмен бірге әлденеден сақтанған ауыл тұрғындары қылмыстық оқиға болып жатқан жерге келген кезде әлгі белгісіз автокөліктерге мінген ұрылар қаша жөнелген. Әйтсе де ұзаған жоқ. Қолға түсті. Көліктен есірткі заттары, ақша, қару мен бір сиырдың еті табылды. Оның үстіне терісі жаңа сыпырылып, алына бастаған екі сиыр бірден көзге түсті. Міне осылайша біреудің ақ адал малын ұрлап, материалдық игілікке кенелмек болған баукеспе ұрылардың арам ойлары әшкере болды. Серіктестік директорының анықтамасына қарағанда, келтірілген зиян мөлшері 12 млн 606 100 теңге көлемінде.
Сот барысында айыпталушылар ақталып бақты. Бірақ, дәлел-дәйек жеткілікті. Бұлтартпас айғақ, куәгерлер бар. Әділ сот үкім шығарды. Оңай олжа таппақ болған Н.Тұрманбаев, А.Есенбаев, Р.Шинтеміров бес жылға сотталды. Қалған екеуіне екі жылдан үкім кесілді.
Мал ұрлығы айрықша ауыр қылмыс екендігі айтылып жүр. Мал ұрлағандардың қолға түскені туралы ақпарат та аз емес. Тек сотқа жеткені сирек. Бұл жолы адал асқа арам қолын созғандардың жолы болмайтындығын көрсету үшін жазасын алған бесеу туралы жазуға тура келді.
Тағы бір жай ойға оралғаны. Әдетте кейбір әріптестер мал ұрлаған оқиғаны барымта деп жазады. Барымта бағзы замандағы өш алу, кек қайтару шарасы. Ал мынау қаны шығып тұрған қылмыс. Ауылдағы ағайынның қолындағы бірер қарасының сүмесімен күн көріп отырғандығы шындық. Демек, оған көз аларту балаларының болашағын кесумен тең күнә. Айдың-күннің аманында күнәлі, кінәлі болған қайбір жақсы?!
Ақмола облысы
Ескерту: кейіпкерлердің аты-жөндері өзретіліп алынды.