Бір ауданда 300 заңгер, 1 токарь тұрады...
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сын-ескертпелері жастар және ұлттық қауіпсіздік проблемалары туралы сөз қозғауға себеп болып отыр.
Қазақстан – тәуелсіздігін алғанына енді ғана 22 жыл толғалы отырған өте жас мемлекет. Бүгінгі күні 17 млн. қазақстандықтың 5 млн.-нан астамы 30-ға жетпегендер. Бір сөзбен айтқанда, әрбір үшінші тұрғын жас азамат. Бүгінгі 30-ға толмаған жастардан 20 жылдан кейін ел басқаратын азаматтар шығады. Олардың білімдері мен тәжірибелері, адамгершілік құндылықтары Еуразияның қақ ортасында орналасқан елге жаңа түр беретіні сөзсіз.
*Президент тапсырмасы қалай орындалуда?
Бір ауданда 300 заңгер, 1 токарь тұрады...
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сын-ескертпелері жастар және ұлттық қауіпсіздік проблемалары туралы сөз қозғауға себеп болып отыр.
Қазақстан – тәуелсіздігін алғанына енді ғана 22 жыл толғалы отырған өте жас мемлекет. Бүгінгі күні 17 млн. қазақстандықтың 5 млн.-нан астамы 30-ға жетпегендер. Бір сөзбен айтқанда, әрбір үшінші тұрғын жас азамат. Бүгінгі 30-ға толмаған жастардан 20 жылдан кейін ел басқаратын азаматтар шығады. Олардың білімдері мен тәжірибелері, адамгершілік құндылықтары Еуразияның қақ ортасында орналасқан елге жаңа түр беретіні сөзсіз. Сондықтан да жаңа ұрпақтың қалыптасуына жіті көзбен қарап, мемлекеттің жастар ісіндегі саясатын ең озық әдіспен ұйымдастыруымыз керек.
Қазақстанның жақын перспективадағы стратегиялық мақсаты – елді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жаңартып, осы заманғы демократиялы, әлеуметтік бағдардағы мемлекет құру. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру мен тәрбие саласына үлкен көңіл бөлген «Қазақстан-2050» Стратегиясы Жолдауының негізгі ұстанымы да осы. Өкінішке қарай, әлі күнге біздің қоғамымыз бұл салада діттеген межеден алыс жатыр. Осы бағыттағы бізді барынша алаңдататын олқылықтар бірнешеу.
Біріншіден, жоғары білімі бар жұмыссыз жүрген жастардың ахуалы. Алдымен, кеше ғана араб елдерінде болған қанды толқуларды еске алайықшы. Бұл оқиғалар Тунистегі «Мұхаммед Буазизи» университетін бітірген жас жігіттің жұмыс таба алмағанына қатты налығаннан өзін өзі қол салуынан басталды. Оның аяғы үкімет басына радикалды исламшылдардың келуімен жалғасты. Демек, Тунистегі жоғары білімді жастардың жұмысқа тұра алмағанына күйінуі шегіне жетіп, жарылуға тек бір шырт еткен шырпы ғана жетпей жүрген екен. Төңкерістің ең басты қозғаушы күші нақ осы жұмыссыз жүрген жоғары білімді жастар болғаны соны айғақтады. Енді Египетті алайық. Мұндағы 2,5 млн. жұмыссыздың да 43 пайызы жоғары білімділер болып шықты және олар «Ат-Тахрир» алаңындағы қантөгісте белсенділік көрсетті. Ал осы мемлекеттер ІЖӨ өсімі жағынан жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келе жатқан дамушы елдер еді.
Енді біздің елдегі жағдайды алайық. Ресми деректерге қарағанда, 8,8 млн. еңбекке жарамды адамның 5 пайызы, яғни 474,8 мыңы жұмыссыз болып есептеледі. Соның 128,1 мыңы жоғары білімді жастар. Әрине, біздегі статистикалық деректердің нақтылығына сену қиын. Сондықтан өзіміз талдап көрелікші.
Жыл сайын еліміздің жоғары оқу орындарын 160 мың жас бітіреді екен. Соның 60 мыңы жұмысқа тұра алмайды. Егер осы санды соңғы 10 жылға көбейтсек (жастар деп 21 мен 31 жас арасындағыларды айтамыз ғой), жан шошырлық сандарды көреміз. Бұларды халық санының пайыздық үлесіне шақсақ, жоғарыда аталған араб елдерінен де анағұрлым жоғары екеніне көз жеткіземіз. Бұл сандар біздегі ресми деректерден әлдеқайда көп. Мүмкін, артықтау болар, таласым жоқ, бірақ әйтеуір ойланатын жайт екені рас. Осы орайда тағы бір мысал келтірейін. Біз жыл сайын 25 мың құқықтанушы дайындап шығарады екенбіз. Білім және ғылым министрлігінің деректеріне қарағанда, соның тек 50 пайызы ғана жұмысқа тұра алады. Қалғандары жоғары білімді жұмыссыздар категориясын толықтырады. Егер осы санды да соңғы 10 жылға көбейтсек, бізде 125 мың заңгердің жұмыссыз жүргенін көреміз.
Үстіміздегі жылғы жаз айында Қызылорда облысындағы сайлаушылармен кездесу барысында 80 мың тұрғыны бар бір аудандағы «қызық» оқиғаның куәгері болдым. «Заңгер-кеңесшінің» орны босап, сол вакансия туралы жергілікті, таралымы шағын газетке хабарландыру беріледі. Сонда... әлгі орынға ниет білдіріп, осы ауданның аумағында тұратын 300 заңгер өтініш түсіріпті. Ал осы 80 мың тұрғыны бар ауданда бір-ақ токарь бар екен, оның өзі 80-ге келіп қалыпты...
Осындай үрдіс барлық ауданда бар. Орта есеппен алғанда, біз әрбір ауданға 140 заңгерден дайындайды екенбіз. Ал бізге сол керек пе деген сұрақ ешкімді ойландырмайды. Сол артық мамандыққа және жастардың көбі ақылы түрде оқиды. Не ата-аналар, не қоғам, не мемлекет бұл мәселеге көңіл аудармайды. Бұл жердегі ең басты проблема – қалтасына заңгердің күректей дипломын салған оқу бітірген жастың тек өзінің мамандығы бойынша қызметке тұруды көздеп, басқа ешқандай кәсіпке барғысы келмеуінде болып тұр. Әсіресе, жұмысшы, құрылысшы немесе, т.б. жұмысқа олар ешқашан бармайды. Міне, сондықтан да жұмыссыздардың арасындағы жоғары білімді жастар категориясына түрлі әлеуметтік катаклизмға ұрындыруы мүмкін жарылғыш зат ретінде қарап, қатты көңіл бөлуіміз керек.
Екіншіден, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында жан-жақты талданған мәселесіне тоқталуды жөн көріп отырмын. Біздің бүгінгі жастарымыз экономиканың нақты секторында еңбек етуге ұмтылмайды. Барлығы да банкир, прокурор, дипломат болғысы келеді. Сонда біз құрылысшыларды, токарьларды, слесарьларды, дәнекерлеушілерді, шаштараздарды, аспаздарды қайдан аламыз? Президенттің мақаласында алдауыш әлеуметтік бағдарға адаспау керектігі анық көрсетіліп, осы теріс ұстанымнан неғұрлым тезірек құтылсақ, елімізді соғұрлым жылдам жақсарта түсетініміз нақты айтылды.
Қызылорда облысындағы жоғарыда айтылған мысалға қайта оралайықшы. Егер аудандағы жасы 80-ге таяп қалған жалғыз токарь көз жұмса не болады? Онда аудан тұрғындары токарьды 200 шақырым жердегі облыс орталығынан іздейтін бола ма? Бұл токарьға тірелетін ұсақ қызметтің бағасы барып-келуі бар, іздеуі бар 1,5-2 есеге қымбаттайды деген сөз емес пе? Тағы бір мысал келтірейін. Алматы облысының 4 мыңдай тұрғыны бар бір ауылында қазақстандық белгілі компанияның бірі тепловоздарға қызмет көрсететін депо ашады. Сөйтіп, ауыл тұрғындары үшін 200 жаңа жұмыс орны құрылады. Жұмысқа алудың шарты да тамаша – мамандыққа компанияның өзі үйретеді, ал еңбекақысы істеген жұмысына қарай 160 мың теңгеден басталады. Демек, 200 мың теңгеге дейін еңбекақы алуға болады. Сөйтсе... жартысы жұмыссыз жүрсе де жергілікті тұрғындардың бірде-бірі мұндай жұмысқа тұрғысы келмепті. Сонда бұл не масқара! Жалқаулық па, әлде басқа ма? Содан компания вахталық әдіспен жұмысшыларды (өзбектер мен қырғыздар) алыстан тасуға мәжбүр болған.
Міне, осындай жағдай, өкінішке қарай еліміздің барлық аймақтарына да тән. Адамның жұмыстан қашуы – өте қауіпті дерт. Осы дерт кезінде азуын айға білеген талай елді, соның ішінде ұлы Рим империясын да құлатқан. Римдіктер үшін бәрін де құлдар істеп, өздері тек ойын-сауықпен ғана өмір сүрген. Негізінен, соның салдарынан адамзат тарихындағы ең ұлы империяның бірі келмеске кетті.
Президенттің стратегиялық әрі идеологиялық маңызы зор сол мақаласы, біздіңше, ұзақ талданғанымен, жеріне жеткізіп іске асырылмады. Оны дөңгелек үстелдерде, конференцияларда талдаумен, пікір айтумен ғана шектеліп, ұмытуға айналдық. Ол барлық деңгейдегі әкімдердің, мектептер мен ЖОО-лар басшыларының, соның ішінде ата-аналардың есінен бір сәт те шығармайтын құбыланамасы болуы керек еді. Жас ұрпақты үлкендердің қоғамына дайындауға ата-ана да, қоғам да, мемлекет те бірдей жауапты. Барлық жан иесі өздерінің балаларын өмір сүруге баулып, екі түрлі функцияны орындайды. Мәселен, қасқыр да, торғай да баласын тамақтандырып жатып, оған болашақта қалай өмір сүруді үйретеді. Өкінішке қарай, біз балаларымызға тек тұтыну функциясын ғана жасаймыз. Яғни, тамақтандырып, киіндіруді ғана білеміз. Әрбір ата-ана баласына еңбексүйгіштікті, заңды тыңдауды, қарапайымдылықты, сонымен бірге, Отанын сүюді үйретуі керек. Сонымен бірге, баланың санасына жаман кәсіптің болмайтынын сіңіруі керек.
Үшіншіден, жастар мен дін мәселелеріне тоқталсам деймін. Мешіттегі жұма намаздарына барып көргеніңіз бар ма? Онда мешіттің ішіне сыймай, сыртына дейін жайылған намазхандардың 90 пайызы жастар екенін көресіз. Ал енді имамдардың уағызына құлақ салсаңыз, тек шариғат пен Араб Шығысының дұрыс өмір сүру постулаттарын айтып жатқанын естисіз. Қазақ даласында ешқашан да шариғат заңдары үстемдік етпеген. Бұрынғы қазақтар алдымен Шыңғыс ханның «Яссы», одан Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», одан Тәуке ханның «Жеті жарғысымен» ғана өмір сүрген. Біздің ешқандай биіміз қандай қылмыс жасаған адам болса да шариғат заңдарындағыдай саусақтарын шабу, көзін ойып алу немесе таспен ұрып өлтіру туралы үкім шығармаған. Барлық жағдайда да құн төлетіп, материалдық тұрғыда ғана жаза берген.
Біздің ұлы да дана бабаларымыз Ислам дінін қабылдағанда, мынадай негізгі қағидаттарды анық белгілеген: қазақтар Құранды шын, Пайғамбарды хақ, Құдайды жалғыз деп мойындайды. Сонымен бірге, ата-бабасының, ақылды, данышпан адамдардың рухын (аруағын) құрметтейді. Оларға сыйынбайды, бірақ медет сұрайды. Медет деген жәрдем емес, түс я басқа жолмен дұрыс бағытты көрсетуін тілеу.
Біздің жастарымыз өзіміздің дәстүрімізбен, өзіміздің дана бабаларымыз ғасырлар бойы қалыптастырған қазақы Исламның қағидаттарында тәрбиеленуі керек. Өкінішке қарай, біздің жастарымыз бірте-бірте радикалды топтардың қатарын көбейтіп келеді. Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын біздің бір еңбекпен түзеу колониямызда 10 діни радикал-лаңкесшінің отырғанын көріп едік. Бір жылдан кейін барсақ, сол жерге 200-і отырыпты. Бір жылдағы өсім 20 есе! Демек, оларды отырғызу арқылы санын азайта алмаймыз, тек жастардың санасына шындықты егіп, көздерін ақиқатқа жеткізу арқылы ғана мұндай үрдісті азайтуға болады. Түрмелер ислам-экстремистерінің фабрикасына айналмас үшін оның ішінде де ақиқатты көрсететін идеологиялық жұмыстар жүргізілуі керек. Сайып келгенде, бұлар – елдің қауіпсіздігі, халықтың тыныштығы үшін қажет.
Ислам әлеміндегі радикалды қозғалыстың қаупі аса зор. 2014 жылы Ауғанстаннан НАТО әскерінің кетуіне байланысты бұл қозғалыстың жандана түсетіндігін көптеген сарапшылар әсіре үрей үшін емес, жергілікті жағдайды жақсы білгеннен соң айтады. Орталық Азиядағы Өзбекстанның исламдық қозғалысы (ӨИҚ) сияқты толып жатқан радикалды топтар қазір алақандарына түкіріп отыр. Оларға біздегі радикалдардың да қосылмайтынына кім кепіл?! Сондықтан да НАТО бітімгершілерінің кетуіне байланысты барлық өңір елдері соның ішінде Қытай, Ресей сияқты үлкен мемлекеттер де бар, қатты дайындыққа кіріскен. Біз де дайындалудамыз. Бірақ дайындық деңгейіміз күткендегіден көп төмен. Бұл істе тек күштік құрылымдарды нығайтумен жеңіске жетеміз деген қателік болады. Күнделікті, тынымсыз идеологиялық күрес қана діттеген мақсатқа жеткізе алады және ол барлық ауылды, елді мекенді қамтитындай болуы керек.
Осы орайда мына мәселеге назар аудара кету орынды болмақ. Дін істері жөніндегі агенттіктің облыстық бөлімшелері әкімдіктердің қарамағына беріліп, агенттіктің қанатын қырқып тастағанымызды қалай түсінерімізді білмедік. Әкімдіктерде дін істерінен басқа да толып жатқан проблемалар бар емес пе? Күнделікті экономикалық проблемалар, кәсіпкерлік, мектеп, аурухана, жұмыссыздық, т.б. жетпегендей олардың мойнына енді діни экстремизмге қарсы күрес ісін іліп отырмыз. Бұл – білген адамның шешімі емес. Әкімдіктегілер білікті маманды, үлкен білімді қажет ететін бұл күрделі де нәзік істе тек көмекші ғана болса керек еді. Соңғы екі жылда Дін істері агенттігі діни бірлестіктердің санын 4,5 мыңнан 3 мыңға, 44 конфессияны 17-ге дейін түсіріп, ұлан-ғайыр жұмыс істеді. Қайта тіркеулер агенттіктің екі бірдей сарап орталығының жіті зерделеуінен өткен соң ғана жасалды. Енді осы істі жергілікті органдарға беріп қойғаннан не ұтарымыз түсініксіз.
Құдайға шүкір, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дұрыс саясатының арқасында еліміз жақсы қарқынмен дамып келеді. Біздің елдің ІЖӨ-сі Орталық Азиядағы төрт республиканың қосындысынан да екі есе артық. Олардікі 81 млрд. АҚШ доллары болса, біздің жалғыз өзіміздікі 184 млрд. долларды құрайды. Бұл тіпті 50 млн. халқы бар Украинанікінен де (165 млрд.) жоғары. Бұл – өзіміздің емес, Бүкіләлемдік банктің былтырғы жылғы дерегі. Көріп отырғанымыздай, біздің мақтан тұтар дүниелеріміз көп. Бірақ, біздің ең басты байлығымыз адам екенін ұмытпайық. Кез келген халықтың, мемлекеттің жарқын болашағы оның жастарды қалай тәрбиелеп, санасына қандай құндылықтарды егуіне тікелей байланысты. Біздің бүгінгі жастарымыз қандай болса, 20-30 жылдан кейінгі еліміз де сондай болады. Бір сөзбен айтқанда, жастар біздің діңгегіміз. Бұдан мың жыл бұрын біздің ұлы жерлесіміз Әбу Насыр Әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Өкінішке қарай, біз көбінесе осыны ұмытып кетеміз. Өзгені ұмытсақ та, ұлылықты ұмытпауымыз керек.
Қорыта айтар болсақ, біз қазір жоғары білімді жұмыссыз жастардан, қарапайым жұмыс істеуді қаламайтындардан және Исламның араби жолын ғана дұрыс санап, қазақы дана жолынан адасушылардан қатты қауіптенуіміз керек. Идеологиялық күрестеріміз күндіз-түні осы жамандықтарға қарсы бағытталғаны жөн.
Камал БҰРХАНОВ.
Парламент Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдар докторы,
«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі.