Кеше Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев дәстүрлі брифингте осы аптаның атаулы шараларымен таныстырды.
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев дәстүрлі брифингте осы аптаның атаулы шараларымен таныстырды.
Осы аптаның басты оқиғасы – 1 желтоқсанда атап өтілетін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күні. Бұл атаулы күн 2012 жылдың 1 желтоқсанынан бастап жалпыұлттық деңгейде атап өтіле бастады. Қазақстанның басты жетістіктері еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей байланысты. Қазақстандағы Тұңғыш Президент күні – тарихи таңдау жасалған күн, халықтың бірлік және келісім күні. Жалпыұлттық Тұңғыш Президент күні аясында елімізде бірқатар маңызды шаралар ұйымдастырылады, деген А.Әбибуллаев, сондай-ақ, жоспарланып отырған әлеуметтік-саяси оқиғалармен де таныстырып өтті.
Ресми өкіл 28 қараша мен 7 желтоқсан аралығында Сенат және Мәжіліс депутаттарының қабылданған заңдарды түсіндіру мақсатында өңірлерге сапарға шығатынын және оның барысында депутаттардың сайлаушылармен кездесулер өткізетінін қаперге салды. Және ол 28-29 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Сенат делегациясының Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясының, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламенттік Ассамблеясы мен Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Парламентаралық Ассамблеясының іс-шараларына қатысу мақсатында Санкт-Петербургте болатынын айтты.
Сондай-ақ, брифингте алдағы Үкімет отырысында талқыланатын мәселе де мәлім болды. Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев көлік жүйесі инфрақұрылымын дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жобасын таныстыратын көрінеді. Ал осы аптаның соңына қарай, яғни 29 қарашада Премьер-Министр Серік Ахметов Ташкенттегі ШЫҰ Үкімет басшылары кеңесінің отырысына қатысып, оның аясында бірқатар елдердің Үкімет басшыларымен екіжақты кездесулер өткізетіні белгілі болды.
Апта ішінде еліміздің ішкі және сыртқы саясаты мен жалпы өмірінде болатын қадау-қадау оқиғаларды айтып өткен ресми өкіл Білім және ғылым министрлігі «Халықаралық бағдарламалар орталығының» президенті Ғани Нығметовті журналистер алдына шақырды. Ол өз сөзінде аталған бағдарлама жүзеге асырылып жүрген мезгілде, 20 жылдың ішінде 10 025 азаматқа стипендия тағайындалып, соның ішінде 6015 түлек бүгінде ел игілігі үшін қазақстандық экономиканың түрлі салаларында еңбек етіп жатқанын айтты. Бағдарлама арқасында толыққанды білім алған талапты да талантты жастардың өмірдің бір кірпіші болып қаланғанын тілге тиек еткен Ғ.Нығметов: «2500 түлек бүгінде әлемнің 33 елінің 200 жоғары оқу орнында білім алуда. Бір мыңға жуық адамның басын біріктіріп отырған «Болашақ» түлектері мен стипендиаттарының қауымдастығы жұмыс істейді. «Болашақ» бағдарламасы о баста мемлекеттік міндеттерді атқаруға бағытталған болатын. 90-шы жылдардың басында, ел Президенті осындай бағдарлама қабылдау туралы көреген және стратегиялық шешім қабылданған кезде, мемлекеттік басқару, халықаралық қатынастар, дипломатия сияқты мамандықтар бойынша, яғни тәуелсіздігін енді алған Қазақстанның қалыптасуына қажетті мамандықтар бойынша 700-ге тарта адам оқуға жіберілген болатын. Кейіннен Мемлекет басшысы еліміздің орта мерзімдік дамуын анықтаған 2030 жылға дейінгі Стратегияны қабылдады және сол стратегияны іске асыру барысында «Болашақ» бағдарламасы жаңартылып, еліміздің барлық тұрғындары қол жеткізе алатын нағыз халықтық жобаға айналды», деді.
Брифинг барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Болашақ» бағдарламасы түлектері мен стипендиаттарының мерейтойлық форумы өтетіні де мәлім болды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».