• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
26 Қараша, 2013

«Жасыл экономика» Президент идеясының заңдық негізі қалануда

332 рет
көрсетілді

Парламенттегі заңнамалық жұмыс өте ыждаһаттылықты қажет етеді және бірізділікпен жүргізіледі. Заңдар жылдам өзгере бермейді. Сондықтан да бүгін қабылданып жатқан заңдар ұзақ мерзімді келешек үшін жұмыс істеуге бағытталған. Біз қазір заң шығарушылық қызметіміздің бағытын қаншалықты дәл айқындай білсек, ертеңгі күні азаматтарымыз сол заңдармен жұмыс жасайды. Ел тұрғындары: «Иә, бұл жақсы заң, ол ел игілігі үшін жұмыс істеп жатыр» дейтін болса, біздің еңбегіміздің шынайы бағаланғаны деп білемін.

Парламенттегі заңнамалық жұмыс өте ыждаһаттылықты қажет етеді және бірізділікпен жүргізіледі. Заңдар жылдам өзгере бермейді. Сондықтан да бүгін қабылданып жатқан заңдар ұзақ мерзімді келешек үшін жұмыс істеуге бағытталған. Біз қазір заң шығарушылық қызметіміздің бағытын қаншалықты дәл айқындай білсек, ертеңгі күні азаматтарымыз сол заңдармен жұмыс жасайды. Ел тұрғындары: «Иә, бұл жақсы заң, ол ел игілігі үшін жұмыс істеп жатыр» дейтін болса, біздің еңбегіміздің шынайы бағаланғаны деп білемін.

Жаңа сессияны ашқан кезде Елбасы заң шығарушылық қызмет мемлекеттік саясаттың маңызды элементі болып табылатынын атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда Парламент маңызды рөл атқарады. Шынымен де, бүгінгі таңда заң шығарушылық тәжірибе жақсарып келеді. Заңдардың сапасы арта түсті, жедел жұмыс істеу тәсілі жүзеге асуда.

Мемлекет басшысы Н.Ә.На­зар­баев заң шығару қызметіндегі бес бағытты айқындап берді. Бірінші кезекте тұрақты эко­но­микалық өсімді құқықтық қам­тамасыз ету заң шығару үдерісінің басымдығы болып қала беретінін жеткізді. Жалпы, осы тұрақты экономикалық өсім – біздің Президенттің негізгі ұстанымы. Ол әрқашанда экономиканы бірінші кезекке қояды. «Әуелі – экономика, одан кейін – саясат» деген қанатты сөзі бар. Бұл жолы да сол ұстанымынан айныған жоқ. Елбасы сырттан келетін инвестицияның маңыздылығымен қатар біздің атқарған ісіміздің экономикалық тиімділігі мен

нәтижелілігіне айрықша мән бере қарауымыз керек екенін ескертті. Президент заң шығармашылық жұмыста «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңға тиімді түзетулер енгізілуі керек екенін айтты. Берілген кен орындары жылдар бойы пайдаланылмай жатпауы тиіс, олар жақсы табыс әкелуі керек. Осы тұста бір мәселе ойыма келіп отыр. Біздер кезінде заңға өзгерістер енгізіп, жер қойнауын пайдаланушылардың жиынтық табысының бір пайызы ғылымды дамытуға және инновациялық жобаларға бағытталуы тиіс деген норманы қосқан едік. Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партия­сы фракциясының жанындағы Экономикалық Кеңес шеңберінде біз өз алдымызға жоспар құрып, заңның аталған тармағы бүгінгі таңда қалай орындалып жатқанын тексергіміз келді. Яғни, енгізілген түзетуді жер қойнауын пайдаланушылар қалай орындауда?

Мемлекет пен кәсіпкерлердің қарым-қатынасы арта түсуі қажет. Мемлекет пен жеке әріптестік халық шаруашылығының барлық саласында тиімді қалыптаса бас­тауы тиіс. Әйтпесе, бізде әдетте әлеуметтік жағдайды жақсарту туралы сөз қозғала қалғанда, «Иә, оны мемлекет істеуі керек» деп Үкіметке ысыра салады. Алайда, бүгінгі таңда халық шаруашылығының көптеген салалары мемлекеттік меншікте емес, олар жекенің қолында екенін ескергеніміз жөн. Сондықтан жекеменшік дегеніміз тек құқық қана емес, сонымен қатар қоғам алдындағы жауапкершілік.

Маған экологиялық тақы­рып­­тар жақын. Біз «Нұр Отан»­ партиясының фракциясы­ жанын­дағы Экономикалық Кеңестің инновациялық кластер бойынша отырысын өткіздік. Оған осы салада жетістіктерге қол жеткізген компания өкілдерін шақырдық. Соның ішінде теміржол және бі­лім беру саласы бойынша­ «Назарбаев Университеті», сон­дай-ақ, Күн энергиясын алуда «жасыл кластер» құруды қолға алған «Атомпром» сияқты компания өкілдері жаңа заманның технологиясын пайдаланудағы өз ойларын ортаға салды.

Бүгінгі таңда Алматы қала­сында негізі қаланған «Ин­новациялық технологиялар паркі» осы саланың дамуына мол қаржы салуда. Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасында жасыл технология кластерді дамытуда және энергия үнемдеу саласында да маңызды екенін атап өтіп отыр.

«Болашақтың энергиясы» деп аталатын ЭКСПО-2017 ха­лық­ара­лық көрмесінде біз өз елімізде баламалы энергия көздерін пайда­лану технологиясын қалай іске асырып жатқанымызды көр­сетуіміз қажет. ЭКСПО-2017-де меймандарға Күн, жел қуатын пайдалану тәсілі көрсетіледі, Астана қаласында, көрмеге таяу жерде баламалы энергия көзінен қуат алатын бір орам (квартал) салынатыны жоспарлануда. Мұның бәрі ортақ мақсатты көздейтін, бір-бірін толықтыратын заңдар­дың пакеті, біз соны жүзеге асы­руы­мыз керек. Осы бағытта оң қа­­дамдар жасалуда. Астанада Күн батареясын шығаратын зауыт іске қосылды. Соның бір бө­­лігі Өскемен қаласында іске қо­сылады. Баламалы энергияны пайдалануда қазірдің өзінде мей­мандарымызға көрсете алатын іс­теріміз бар. Кейбір өңірлерде жел­ден қуат алатын стансалар салынуда.

«Жасыл экономика» идеясы қазір өңірлерде де жалғасын табуда. Мәселен, жазғы демалыс кезінде мен Орал қаласындағы Ақ­серік Әйтімов басшылық жасайтын Қазақстанның Инновация­лық және телекоммуникациялық жүйе­лер университетінде (ҚазИТУ) болдым. Астана қала­сында «Назарбаев Университеті» ашылған кезде ҚазИТУ ком­пью­терлік лабораторияны қа­лыптастыруға қолдау білдірді. Бұл оқу орны қазір «Назарбаев Университетінің» инновациялық идеясын өздерінде жүзеге асы­руды қолға алуда. Жазда бол­ғанымда, университет алдында желден энергия алатын генератор орналасқан. Күн батареясын да орнатып қойған екен. Баламалы энергия қуатын өздеріне пайдаланып отыр. Заманауи технологияны пайдаланып, энергетикалық орталық салыпты. ҚазИТУ өз ғимараттарын жылумен қамтамасыз етуге көгілдір отынды пайдалануда. Құбырларға энергия үнемдегіш құрылғылар және тиімді жылу, газ есептегіш орнатыпты. Мен олардың қазіргі технологияны қалай тез меңгеріп жатқандарына таңданысымды білдірдім. Соған қоса, олар соның бәрін оқу құралы ретінде пайдаланады. Яғни, олар студенттерді әлдебір макеттерге қарап оқытпайды, нақты нысанға орнатылған құрылғылар арқылы біліктіліктерін арттыруда.

ҚазИТУ осыдан он жыл бұрын онлайн-конференцияны бірінші рет өмірге енгізген оқу орны. Өзімен әріптес Голландиядағы, Ресейдегі және басқа шетелдегі оқу орындарымен тікелей байланыс жасайды. Айталық, ғы­лыми-тәжірибелік конференция­лар онлайн-режімінде өтеді. Мұндай тәсілді «Назарбаев Уни­верситетінен» басқа оқу орнынан көрген жоқпын. ҚазИТУ Ресейдің Самара ғарыш университетімен тығыз байланыс орнатқан. Ғылыми технологияның жетістіктеріне арналған көрмелерге қатысып жүр. 2012 жылы Мәскеуде өткен халықаралық көрмеде экологиялық жобалары үшін көптеген медалдарға ие болды. Инновациялық жетістіктерінің арқасында ҚазИТУ өзінің базасында ғылыми білім беру кластерін қалыптастырып отыр. Осы оқу орнының орта білім беретін лицейі мен колледжі бар. «Андас» оқу кешені бар. Инновациялық сыныптарды жабдықтайтын құралдар, тақталар шығаратын кәсіпорындары бар. Міне, жергілікті жерлерде де оң бастамалар жүзеге асуда. Өзге өңірлерде де сондай жаңа технологияның жетістіктері еніп жатқанына сенімдімін. Яғни, «жасыл экономиканың» көбею реакция­сы өріс алуда. Президент бастамасы аймақтарға да таралып жатыр.

«Жаңартылатын энергия көз­дерін пайдалануды қолдау туралы» Заң қабылданды және биыл соған орай бірқатар заң­дарға толықтырулар енгізілді. Әркезде шешуді қажет ететін жаңа міндеттер алдан шығып тұрады. Сондықтан да осы саланы дамытуға бағытталған заң­намалық актілерді әлі де жақсарта түсуіміз қажет.

Мен Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесімін. Сессия барысында біздің комитетте жұмыс өте қарқынды болатыны қазірден-ақ байқалып отыр. Өйткені, «жасыл экономиканы» дамытудың заңдық негізін қалайтын заңнамалық актілердің бәрі осы комитет арқылы өтетіні анық. Алдағы күндері баламалы энергия көздерін пайдалану, энергия үнемдеу, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заң жобаларын талқылау және сапалы түрде қабылдау міндеттері тұр. Заң жобасын қолға алғанда, жер қойнауын ұтымды пайдалану көзқарасы тұрғысынан қарауымыз керек. Сондай-ақ, «экономика­лық қажетті жобалар қаншалықты экологиялық қауіпсіз?» деген сұрақты естен шығармағанымыз жөн. Біздің міндетіміз – қазіргі заман технологиясын пайдалана отырып, табиғатқа зиян келтіруі мүмкін салдарларды барынша азайту. Бұған дейінгі кезеңде біз экологиялық қауіпті немесе тиімсіз технологияны Қазақстанға әкелуге тыйым салатын көптеген заңдарды қабылдадық. Сондай заң бұзушылықтар орын ал­ған жағдайда, төленетін айып­пұл­дың көлемі ұлғайтылды. Бүгінгі таңда экологиялық бақы­лау органдарының барлық құ­рылымдарын қайта құру қа­жет. Өйткені, көп жағдайда эколо­гия­лық бақылау органдары тиімді жұ­мыс істемей отыр деп ойлаймын.

Сондықтан экологиялық заң­наманы қандайда бір меншікке иелік ететін субъектінің рөлін арттыру жағына қарай жетілдіру қажет. Өйткені, өз аумағында қан­дай жағдай орын алса да, соның бәрі иелік ететін субъектінің жауапкершілігінде болатындай норманы қарастыру керек. Тек қана табиғатты қорғау құрылымдарына арқа сүйеп отыра беруге болмайды, олардың өзі аз. Бүгінгі таңда браконьерлік үлкен бизнестің бір саласына айналды деуге болады. Айталық, балықтарды мемлекеттік меншік нысанындағы өзен-көлдерден аулап алып жатыр. Мемлекетке миллиондаған шығын келтірумен қатар, елдің беделіне де нұқсан келтіруде. Түгел мемлекет мен­шігіндегі байлықты аз ғана топ – браконьерлер иеленуде және мемлекет пен халыққа тиесілі өте қомақты қаржыны қалталарына салып жатыр. Сондықтан осы са­лаға қатысты көзқарасты түгелдей өзгерту керек. Бұл жерде де мемлекеттік және жеке әріп­тестік орнығуы қажет болып отыр. Табиғи байлықты қорғау ісімен айналысу үшін осы салаға бизнес құрылымдарын тартқан жөн. Олар өз иелігіндегі жерден табыс алумен қатар оны қорғауды қамтамасыз етуі тиіс. Мәселен, балық шаруашылығымен айналыса ма, ол оның өсімін қалыпқа келтіруге де жауап беруі керек. Осы салаларды да заңмен реттеу – біздің алдымызда тұрған міндет деп білемін.

Қоршаған ортаны қорғауда заңмен қорғалатын аумаққа мониторинг жүргізу өзінің тиімділігін дәлелдеп береді. Көп жағдайда адам факторы емес, техникалық құралдар арқылы жүргізілетін мониторинг маңызды рөл атқарады. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Егер ол ерекше қорғалатын аумақ немесе қорық болса, онда визуальдық бақылау бар, бейнекамералар орнатылған. Ғарыштан бақылау жүйесі де бар. Соған қоса авиация көмегімен мониторинг жасалады. Табиғи ортамызды қорғауды қамтамасыз етуде мониторинг жүргізу маңызды сала болып табылады.

Ұлан-ғайыр жеріміз бар, біздің жағдайымызда техникалық мониторинг жүйесін қалыптастыру – «Қызыл кітапқа» енген жан-жануарларды, олардың өсімін браконьерлерден қорғаудың бірден-бір тәсілі.

Жер аумағымыз үлкен бол­ғанмен, әр жерге бейнекамераны орнатудың да ешқандай қиындығы жоқ. Біріншіден, бізде ғарыштық мониторинг бар, екіншіден, оптикалық бақылау мониторинг жүйесі бар. Бейнекамера орнату қиын мәселе емес. Мәселен, қазір біз қылмысты азайту үшін қа­ладағы көп пәтерлі үйлердің кіре­берісіне бейнекамера орнатып жатырмыз. Шетелдердің жақсы тәжірибелері бар. Айталық, Германияда ондаған жылдар бойы бейнебақылау жүйесі қалып­тасқан. Бізде де мемлекеттік мони­торинг жүргізу шаралары қарастырылған, оған қажетті қа­ражат бөлініп келеді.

Біздің елдегі мониторинг жүргізудің сапасы қандай, оның нәтижесі қалай болуда? Осы мониторинг бойынша қанша браконьер анықталды? Қазір жер серіктеріне, әртүрлі бейнекамералар орнатуға қанша қомақты қаражат жұмсап жатырмыз? Бұл жүйенің тиімділігі қандай? Мен жуырда осы сұрақтарға жауап іздеп, депутаттық сауал жолдауды жөн көріп отырмын. Мәселен, Жайық өзенінің біздің елдің аумағындағы ұзындығы аса үлкен емес. Өзеннің браконьерлер жиі баратын тұстарына, айталық, Атырау қаласының маңына бейнебақылау орнатудың ешқандай қиындығы жоқ. Осы істерді қолға алғанымыз жөн.

Үшінші сессиядағы мақсаты­мыз – Елбасы айқындап берген міндеттерді негізге алып, тиімділікпен жұмыс істеп, қоғам дамуына аса қажетті заңдарды қабылдау.

Виктор КИЯНСКИЙ,

Парламент Мәжілісінің депутаты.

Соңғы жаңалықтар