Қостанай облысының өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Білім басқармасының басшысы Зәуре Бәйменова коронавирус инфекциясы 26 оқушыда расталғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz
"Өңірде санитариялық-эпидемиялық жағдайдың нашарлауы байқалады. Күн сайынғы мониторинг нәтижелері бойынша соңғы апта ішінде КВИ жұқтырудың жаңа жағдайларының саны 18-ден 60-қа дейін өсті. Өкінішке қарай, 26 оқушы індет жұқтырып алды. Балалар коронавирустық инфекцияның симптосыз тасымалдаушысы болуы және өз жақындарына жұқтыруы мүмкін екенін ұмытпауымыз керек", деді басқарма басшысы.
Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 2 қарашадағы № 62 қаулысына сәйкес, 2-тоқсанда 300 оқушыға дейін контингенті бар мектептерде, саны 15 адамға дейінгі сыныптарда дәстүрлі форматта оқытуға рұқсат берілді. Дегенмен Қостанай облысы жаңа оқыту форматына көше алмайды.
"Бұған негізгі себеп балалар мен мектеп мұғалімдерінің денсаулығы болып отыр. Біздің облысымызда сырқаттанушылық бойынша жағдай күннен-күнге күрделене түсуде. Облыстық жедел штабының ағымдағы жылғы 10 қарашадағы отырысында балаларды І тоқсанға ұқсас оқыту туралы шешім қабылданды", деді З.Бәйменова.
З.Бәйменованың айтуынша, екінші тоқсанда 336 мектеп қатаң санитариялық шараларды сақтай отырып, штаттық режімде өз жұмысын бастайды. 64 мыңнан аса оқушы немесе білім беру платформаларын (Online Mektep, EduPage) пайдалана отырып, қашықтық форматта оқуды жалғастырады.
Сөз соңында басқарма басшысы: "Ағымдағы жылы санитариялық-эпидемиялық талаптарды сақтау үшін облыс мектептеріне тауарлар сатып алуға 343,6 млн теңге бөлінген. Қазіргі уақытта санитарлық-гигиеналық құралдардың жеткізілуі жүзеге асырылуда. Мектептер екінші тоқсанда санитайзерлермен, аяқ киімге арналған заразсыздандырушы кілемшелермен, жанаусыз термометрлермен, ауаны қайта айналдыру құралдармен, кварц шамдарымен, антисептиктермен, деохлормен толықтай қамтамасыз етіледі", деп айтып өтті.