Өңірде аты жаман індетті жұқтырғандар әлі де азаймай тұр. Соңғы тәулікте елімізде 568 жағдай тіркелсе, оның 237-сі Шығыс Қазақстаннан анықталған. Індеттің иектеп тұрғанына қарамастан, семейлік кәсіпкерлер шектеу шараларын жеңілдету керектігін айтып, алаңға жиналған.
Шектеу шараларына байланысты дөңгелетіп отырған кәсіптері тұралап қалғандықтан, 50-ден аса семейлік кәсіпкер шаһар басшысы Ермак Сәлімовпен кездесіп, наразылықтарын білдірді.
Кездесуде қала басшылығы індеттің облыс аумағында таралу қарқыны тыйылмай тұрғанын айтып, қандай да бір босаңсулар мен жеңілдіктер болмайтынын кесіп айтты. Оның үстіне Шығыс Қазақстан «қызыл аймаққа» енгізілген. Сонымен қатар кәсіпкерлердің өз беделдері мен сенімдеріне өздері нұқсан келтіріп отырғаны да сөз етілді. Екінші толқын кезінде наурыз-маусым айларындағыдай қатаң шаралар қабылданбады. Соның өзінде кәсіпкерлер санитарлық талаптарды сақтамай, тәртіп бұзуға жол беріп отыр.
Мәселен, Семей мейрамханаларының бірінде үйлену тойы ұйымдастырылған. Онда танымал спортшылар, өнер адамдары, көшбасшы жастар, бизнесмендер мен шоумендер жиналғаны белгілі. Бір қызығы, рұқсат етілмеген салтанатты мерекеге қатысқандардың кейбіреулері – коронавируспен ауырып шыққандардың қатарында.
Қала әкімінің айтуынша, барлық ережелерді сақтау қажеттігі туралы жерлестерге үндеу тасталған. Алайда санитарлық шектеулерге қарамастан той өткізілген.
Өкінішке қарай мұндай жағдай біреу ғана емес. Жер-жерлерде құрылған мониторингтік топ көптеген заңбұзушылықты анықтады. Қаншама хаттама толтырылды.
Осы кезеңде барлық кәсіпкерге уақыт пен адам саны бойынша шектеулермен, қашықтықты, маска тағу режімін және дезинфекциялық шараларды сақтай отырып жұмыс істеуге рұқсат етілді. Соған қарамастан, кейбір бизнес өкілдері бұрынғыдай жұмыс істеп, карантиндік шектеулерді жеңілдетуді талап етуде. Дей тұрғанмен, «басты байлық – денсаулық». Санитарлық талаптар жеңілдетілген жағдайда COVID-19 ауруының таралуы одан сайын күшеюі мүмкін.
Тоқетері, қала басшылығы Семей кәсіпкерлеріне COVID-19 жағдайы тұрақталғанға дейін жеңілдіктің болмайтынын шегелеп айтты. Ал шектеу шаралары облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес 25 қарашаға дейін жалғасады.
Семей