Көлік руліне отырса, «қанатына» жел бітіп, желік қуатын жүргізушілер жол ережесін өрескел бұзады. Бірақ әкімшілік айыппұлын төлеуге желкесі жар бермейтінін қайтерсіз. «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде 192 жүргізуші 14 млн теңге айыппұл төлемегені белгілі болды.
– Басты мақсат – жолда жүру ережелерін бұзғаны үшін салынған айыппұлын төлемей жүрген жүргізушілерді анықтау. Патрульдік полиция қызметкерлерімен тек бір тәулік ішінде айыппұлын төлеген сегіз жүргізуші анықталып, көліктері арнайы тұраққа қойылды. Мәселен, С.Датов көшесінде ресейлік нөмірі бар «Audi А6» автокөлігі тоқтатылды. Тексеру кезінде көлік иесінің 500 040 теңгені құраған айыппұлын төлемегені анықталып, автокөлік айып тұрағына жеткізілді. Іс-шара кезінде 192 көлік иесінің 14 млн теңге көлеміндегі айыппұлды төлемегені анықталып, автокөліктері айып тұрағына қойылды, – деп мәлім етті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айыппұл төлемейтін жүргізушілердің дені – өзге елден көлік алып келгендер. Солардың қатарында Ресейде тіркелген көліктерді әкелген 135 жүргізуші бар. Біраз дау-дамайдың туындауына себепкер болған Армения Республикасының көлігімен жүрген 18 жүргізуші де айыппұлын төлеуге асықпай жүр.
Полиция қызметкерлері заңсыздықтың алдын алу үшін қырағылық танытқан сайын жол ережесін бұзуға бейім жүргізушілер көбейіп барады. Мәселен, Атырау қаласында 2-8 қарашада патрульдік полицейлер 1001 рет жолда жүру ережесін бұзғандарды анықтап отыр. Департаменттің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке қарағанда, көлік құралын мас күйінде басқарған 13 жүргізуші (Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы), жолдың қарсы бағытына шыққан – 7 (596-баптың 3-бөлімі), міндетті сақтандыру шартын жасасудан жалтарғандар – 162 (230-баптың 2-бөлімі), жүргізу құқығынан айырылған 2 (612-баптың 3-бөлімі) жүргізуші анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бір аптада құқықбұзушылық жасағаны үшін салынған айыппұл арқалаған 72 жүргізуші де тәртіп сақшыларының назарына ілікті.
Сондай-ақ Ресейде тіркелген 44, Арменияда есепте тұратын 5 көлік құралы арнайы тұраққа қойылған. Ал 23 автокөлік иесінен 922 296 теңге көлемінде айыппұл өндірілген. Әкімшілік айыппұлын төлемей жүргендердің басым бөлігі шетелде тіркелген автокөліктердің жүргізушілері болып шықты.
Тіпті көлігіне жасанды нөмір тағуды сән көретіндер бар. Патрульдік полиция қызметкерлері мемлекеттік белгісі күдік тудырған «Toyota Avalon» автокөлігін 10 қарашада сағат 03:00 шамасында тоқтатты. Тексеру кезінде көлікке тағылған мемлекеттік белгілердің жасанды екені анықталды. Шетелдік көлікті тізгіндеген 23 жастағы жүргізушінің медициналық куәландыру қорытындысымен орта деңгейдегі мас күйде болғаны дәлелденді. Бұл азаматқа қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 4-бөлімімен (Жалған немесе жасанды мемлекеттік белгі орнатқан көлік құралын басқару) және 608-бабы 1-бөліміне сәйкес жинақталған құжаттар Атырау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды. Сот қаулысымен мас жүргізуші жеті жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Бір көлікке бір нөмір болушы еді. Ал екі түрлі нөмір тағуға бола ма? Атыраулық жүргізуші дәл осындай әрекетімен полиция қызметкерлерін алдағысы келген секілді. Бәлкім, жол ережесін бұзғанын жасырудың амалы шығар. Дегенмен қырағы көзді патрульдік полицейлер «ВАЗ-2114» автокөлігін басқарған жүргізушінің «еркелігіне» тоқтам салды. Тексеру кезінде Ресей Федерациясында тіркелген жеңіл көліктің алдыңғы жағына тағылған мемлекеттік белгінің әріптік символдары өзгертілген екен. Көлік құралы арнаулы айып тұрағына қойылды. Ал 38 жастағы жүргізушінің мұндай әрекетке неге барғаны әзірге белгісіз. Енді полицейлер оның бұл әрекетінен қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін анықтау үшін тексеру жүргізіп жатыр.
Атырау облысы