Тарихы терең Зайсан қаласындағы кірпіші көне ғимараттардың бірі сатылымға шықты. 1906 жылы салынған саудагер-көпестің үйі 50 миллион теңгеге бағаланыпты.
Бұл хабарлама әлеуметтік желілердің біріне жүктелген. Ондағы жазылған мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта ескі ғимарат кеңсе ретінде пайдаланылады екен. Аумағы – 475 шаршы метр. Сәулетті үйге 1906 жылы дәулетті көпес Жүсіп Әбілханов тапсырыс беріпті. Заманында бұл ғимаратты сәулет өнерін өз бетінше меңгеріп, кейіннен қолтаңбасы қалыптасып, халық сәулетшісі атанған Баязит Сәтбаев жобалап, салған көрінеді.
Баязит шебер 1870 жылы Аягөз ауданының Шынқожа ауылында туыпты. Әкесі Сәтбай Семейдегі Абай оқыған әйгілі Ахмет Риза медресесін бітіріп, ел ішінде молда болған екен. Бала Баязит әкесі бұл фәниден өткен соң тұрмыстың тауқыметін тартып, Семейдің маңына көшіп барған. Қала маңында ол орыс көпестің қарамағында болып, құрылыс жұмыстарына араласа бастайды. Білімге құштар жас сәулет өнерін санасына сіңіріп, білімін жетілдіре жүреді. 1890 жылы Семейде мешіт салуға түрік сәулетшісі Абдолла Эфенди арнайы шақыртылып, құрылыстың басы-қасында Баязит бірге жүрген екен. Мұнда оның құрылысқа қызығушылығы одан сайын артып, Шығыс сәулет өнерінің қыр-сырын меңгеріпті.
Шеберлігі әбден шыңдалып, таланты таныла бастаған сәулетші туған жері Аягөзге шақырту алады. Мұндағы құрылысқа еңбегі сіңген соң Зайсандағы жаңа ғимараттардың бой көтеруіне атсалысады.
Зайсан қаласындағы 1900 жылдары бой көтерген көпестің үйлері, дүкендер, қақпалар сәулетші Баязит Сәтбаевтың туындылары. Қазақтың қас шебері бұл қалада жиырма жылға жуық табанды еңбек еткен. Сол уақыт ішінде отызға жуық ғимарат соғып үлгерген. Шіркеу мен мешіттің бой көтеруіне де басшылық жасаған. Тарихи деректерге сүйенсек, Баязит шебер салған Зайсан мешітінің мұнарасын 1920 жылы жергілікті белсенділер бүлдіріп, қайта қалпына келтірілген. Одан соң 1959 жылы күмбезі өртеніп, ғимарат сәулетін жоғалтып алған-ды.
Сәулетші Сәтбаевтың тағы бір төл туындысы – Шілікті ауылынан бес шақырым жердегі Зейнолла мазары. Оның кірпіштері сәл мүжілгенімен, сәулеті қаз-қалпында. Шебер күмбезді 1925 жылы күйдірілген кірпіштен соққан. Зерттеушілердің пікірінше, Шығыс Қазақстанда күйдірілген кірпішпен қапталған кесене екеу-ақ. Оның бірі осы Зейнолла күмбезі болса, енді бірі Мұхамеджан кесенесі. Шіліктідегі күмбездің кірпіштері қыл қосып өрілгенімен, 1991 жылғы жер сілкінісінде сәл бүлініпті. Оны арнайы мекеме Түркістаннан құйма кірпіштер алғызып, қайта қалпына келтірген екен.
Зайсандағы есік-терезелері доғалданып, кірпіштері әртүрлі етіп сәндеп жиналған ескі ғимараттардың көбінде Баязит сәулетшінің қолтаңбасы бар. Бүгінде сатылымға шыққан ғимарат белгілі мөлшерде бағаланғанымен, құны тым жоғары. Теңгемен емес, қаланың тарихынан сыр шертіп тұрғанымен құнды.
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы