Қоғам қайраткері Арман Шораев еліміздің латын әліпбиіне көшуі айрықша қажеттілік деп санайды.
«Бізге латын әліпбиіне көшу қажет. Тіпті ауадай қажет. Сонымен қатар, латын әліпбиін бауырлас Түркия мен Әзербайжан жүздеген жылдан бері қолданып келеді. Өзбектер де осы әліпбиге көшкелі жиырма жылдай болды. Ортақ әліпби қолдану біздің жазуымыз бен тілімізге 200 миллион бауырлас әрі адал аудитория береді. Одан бөлек, дамыған әрі табысты елдердің басым бөлігі латынды қолданатын болғандықтан, біздің тіліміз де әлемнің ағылшынтілді бөлігінің құрамына енбек. Интернет арқылы қолжетімді барлық инновациялық технология тілі, әлемдегі ең үздік университеттердің ең мықты дәрістері де ағылшын тілінде, латын графикасымен жазылғанын да айта кету керек.
Қазақ тілінің тағдыры туралы айтар болсақ, дәл осы латын әліпбиіне көшу оны алдағы мың жылдықта сақтап қалуға мүмкіндік береді. Басқа елдер үшін де біздің тіліміз осылай қолжетімді бола алады», дейді А.Шораев.
Оның айтуынша, күн сайын неологизмдер пайда болып, күнделікті өмірімізге латын түбірі бар сөздер көбірек еніп жатқан кезеңде, бізге де қолданыс аясы кең әрі әмбебап латын әліпбиіне қосылудан басқа амал жоқ. Сол арқылы ұлттық болмысқа бет бұрамыз. Бұл бәріміз үшін, барлық тұрғыдан ұтымды. Ал балаларымыз бен немерелерімізге еуропалық тілдерді үйрену оңайырақ болады. Ең бастысы, латын әліпбиін бізге алаш мұра етіп қалдырды. Енді оларға лайықты құрмет көрсету керек.