Бүкіләлемдік көрме шежіресі басталғаннан бергі уақыт ішінде өзара бәсеке жарыстырып келе жатқан Англия мен Франция алғаш рет әмбебап көрме эстафетасын басқа елге берді. Бұған дейін Бүкіләлемдік көрме Лондон (1851, 1862) мен Парижде (1855, 1867) кезектесіп өтіп келе жатқан болатын. Сөйтіп, 1873 жылы тарихта тұңғыш рет Австрия-Венгрия империясының астанасы Вена қаласы көрме өткізу құқығына ие болды.
Бүкіләлемдік көрме шежіресі басталғаннан бергі уақыт ішінде өзара бәсеке жарыстырып келе жатқан Англия мен Франция алғаш рет әмбебап көрме эстафетасын басқа елге берді. Бұған дейін Бүкіләлемдік көрме Лондон (1851, 1862) мен Парижде (1855, 1867) кезектесіп өтіп келе жатқан болатын. Сөйтіп, 1873 жылы тарихта тұңғыш рет Австрия-Венгрия империясының астанасы Вена қаласы көрме өткізу құқығына ие болды.
Осы жылдар ішінде Бүкіләлемдік көрме өткізу мәселесі әлемде белгілі бір мемлекеттің беделін арттырудың ықпалды құралына айналды. Міне, осы үрдісті мақсат тұтқан Австрия 1873 жылы Вена қаласында Бүкіләлемдік әмбебап көрме өткізу бастамасын көтерді. Габсбург монархиясының ойынша, бұл көрме Пруссия және Италиямен болған соғыста күйрей жеңілген монархияның беделін қалпына келтіріп, ел экономикасын жандандыруға септігін тигізуі тиіс еді. Сондықтан монархия бұл көрмені өткізуге барлық мүмкіндігін сарқа жұмсап, жан-жақты дайындалды. Вена көрмесін ұйымдастыруға Ротшильд, Крупп сияқты ірі банкирлер белсене атсалысты. Осыған байланысты көрмені өткізу барысында пайдалы келісімшарттар жасауға басымдық берілді. Пайда қуған әлемнің кәсіпкерлері Венаға жиналып, өзара байлық бәсекелестігінде қаладағы мейрамханалар мен дәмханалардың, қонақ үйлердің бағасын шарықтатып, «баға төңкерісін» жасады.
Көрме өткізу орны ретінде веналықтардың ең сүйікті демалыс орны – Пратер саябағы таңдап алынды. Осының алдында өткен Париж көрмесінен асып түсу мақсатында Австрия-Венгрия билігі 12 гектар, яғни Париждегі көрме ауқымынан 5 есе үлкен жер телімін бөлді. Көрме қалашығының жобасын жасауды сәулетші Карл Газенауер қолға алды. Негізгі көрме кешені – Өнеркәсіп сарайы сәулетші Фишгреттің жобасы бойынша жасалып, ұзындығы 907 метр, ені 206 метрге созылған 70 мың шаршы метр аумақты қамтыды. Сарайдың орта тұсында сол кезеңдегі әлемдегі ең биік Ротонда тұрғызылды. Оның жалпы диаметрі 110 метр болса, биіктігі 83 метрге жетті. Бұл сол кездегі сәулет өнерінің озық үлгілері болып саналатын Рим қаласындағы әулие Петрдің және Лондон қаласындағы әулие Павлдың соборлары күмбездерінің аумағынан екі есе үлкен болды.
Осындай ірі де сәнді сарай салыстырмалы түрде аз уақыттың ішінде – 18 айда бой көтерді. Көрме кешенінің аумағында машиналар көрмесінің павильоны, тамаша өнер туындыларын көрсетететін павильон, бау-бақша павильоны және басқа мақсаттағы 190 павильон бой көтерді.
«Қырсыққанда қымыран іридінің» кері келіп, Австрия-Венгрия империясы көрме өткізген кезеңде кәрі құрлықты күйзеліске ұшыратқан табиғи апаттар орын алды. Дунай өзені ернеуінен шығып, көптеген елді мекендерді су басты. Еуропада тырысқақ ауруы белең алды. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, бұл табиғат апаттарына алаяқтардың қолымен жасалған қаржы дағдарысы қосылды. Сөйтіп, веналықтардың барлық мүмкіндіктерін сала тырысқандарына қарамастан, Бүкіләлемдік әмбебап көрмеге келушілер қатары сирек болды. Жоғарыда айтылған келеңсіздіктерге байланысты көрме ашылатын 1873 жылдың 1 мамырына дейін белгіленген көптеген құрылыс нысандары салынып үлгермеді. Соған қарамастан, австриялық император Франц-Иосиф салтанатты жағдайда көрмені ашты. Бүкіләлемдік көрменің ашылу салтанаты бірнеше сағатқа созылды. Бұл рәсімге қатысушыларды Иоганн Штраустың дирижерлігімен классикалық музыкаларды ойнаған оркестрдің тамаша өнері тәнті етті. Оркестр құрамындағы 170 музыкант сазды әуенді нақышына келтіріп орындаса, олардың сүйемелдеуімен 720 адамнан құралған хор Генделдің ораторияларын орындады.
Бұдан бұрынғы өткен Лондон мен Париждегі көрмелерде қалыптасқан дәстүрлерге сәйкес павильондардағы орындардың басым бөлігі жергілікті кәсіпкерлерге берілді. Олар павильондардағы жалпы орындардың 30 мың шаршы метрін иеленді. Солай бола тұрса да, бас павильондағы негізгі өндірістік орындарды өнеркәсібі дамыған қуатты мемлекеттер Англия (12,8 мың шаршы метр), Германия (13,6 мың), Франция (12,8 мың), Ресей (6,8 мың), Түркия (5,9 мың), Бельгия (5,2 мың), АҚШ және Жапония (тиісінше 2,7 мың шаршы метр) иеленді. Сонымен бірге, Вена қаласында өткен бұл көрмеге жоғарыда айтылған мемлекеттермен бірге Швейцария, Греция, Швеция, Норвегия, Румыния, Испания, Португалия, Қытай, Сиам, Египет, Орталық Африка, Оңтүстік Америка, Персия, Тунис және Марокко қатысты.
1873 жылы Вена қаласында өткен бұл көрмеде машина-техникалық жәдігерлер ерекше басым болды. Темірден жасалған осындай жәдігерлердің көптігіне байланысты журналистер ХІХ ғасырды – темір ғасыры деп сипаттады. Көрмеде Крупптың зауыттарында жасалған әскери техникалар көп орын алды. Осы зауыттан шыққан ұңғысының өзі 26 тонна болатын зеңбірек көрмеге келушілерді таңғалдырды. Бұл зеңбірек ататын 276 килограмм снаряд қалыңдығы 18 см темір қорапты тесіп өтетін еді. Крупп зауыттарынан шығатын мұндай әскери қарулар көптеп саналатын. Соған сәйкес, көрме экспонаттары туралы жазған журналистер оны «сұмдық соғыс королі» деп атады.
Көрмеге келушілерді көрнекті жерге орнатылған сұлтан Ахмет ІІ-нің субұрқағы ерекше қызықтырды. Бұл ерекше өнер туындысы болып табылатын субұрқақты сұлтан осы көрмеге Түркиядан әдейі жіберген екен. Осы тамаша өнер туындысының жанында, ашық аспан астында Иоганн Штраустың оркестрі тұрақты түрде концерт беріп тұрды. Әсіресе, 1867 жылы Париж қаласында өткен Бүкіләлемдік көрменің құрметіне жазылған Штраустың «Көгілдір Дунай» атты вальсі көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл әуезді саз әлі күнге дейін тыңдаушыларын тамсандырып келеді.
Вена қаласында өткен Бүкіләлемдік әмбебап көрменің жетістіктеріне 25572 марапат тапсырылды. Осы сыйлықтардың басым көпшілігіне Австрия (5991) және Германия (5066) ие болды. Осы көрмеге қойылған Ресей мен АҚШ жәдігерлері тиісінше 1000 және 440 медальдармен аталып өтілді.
Сол кезеңде орын алған табиғи апаттар мен қиындықтарға қарамастан, Венада өткен Бүкіләлемдік көрме Австрия-Венгрия монархиясының мәдени өміріндегі ерекше айтулы оқиға болды. Көрмеге дайындық барысында Вена қаласы ерекше түрленіп, Дунай каналы қайта жаңғыртылды. Бұл көрменің тарихтағы ерекше бір маңызы – мұнда тұңғыш рет ғалымдардың халықаралық форумы өткізілді. Сонымен бірге, Бүкіләлемдік көрмелер тарихында алғаш рет бұл шараға Африка құрлығының мемлекеттері тартылды. Көрмеге бірінші рет Жапония қатысты.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суретте: 1873 жылы Венада өткен көрмеден көрініс.