• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 13 Қараша, 2020

Ұлттық валюта һәм қолтаңба

1173 рет
көрсетілді

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылдың 12 қарашасында «Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойып, 15 қарашада төл теңгеміз айналымға енгізілді.

Негізінде, жаңа ұлттық валютаны ен­гі­зу туралы шешім 1992 жылы қабыл­да­нып, жоғары дәрежелі мамандардан құ­рал­ған арнайы комиссия жаңа валютаны әзірлеу жұмысына кірісіп кеткен еді. Ел тарихындағы ерекше жаңалық – ұлттық валюта кескінін дайындау жұ­мыстары Алматы қаласында аса құпия жағдайда жүр­гізілді. Жалпы, бұл оқи­ға­дан комиссия мүшелерінен басқа би­лік­тегі санаулы ше­неу­нік қана хабардар болды.

Иә, төл теңгеміз – тәуелсіздігіміздің бас­ты нышандарының бірі. Егеменді­гі­мізді алған кезімізде Ресейдің кей­бір саясаткерлері Қазақстанды рубльдік аймақтан шығарып тастауға әре­кеттенді. Соның салдарынан Қазақстан өз ақшасын шығарғанша Ресейдің 1 рублін 65%-бен сатып алуға тура келді. Экономикалық жа­ғынан өте тиімсіз жағдайды көп уақыт созу мүмкін емес еді. Сол кезде инфля­ция­ға ұшырап жатқан Ресейден 1 триллион ақша алып келетін болса, көрші ел оның 650 миллиардын Қазақстаннан кетіп жатқан қазба байлық есебінен алып қалып отырды. Сондықтан Елбасы шұғыл түрде өз ақшамызды шығаруға тап­сырма берді. Кезінде Ұлыбритания фунт стерлингін алты жылда, Германия маркасын екі жылда жасаса, біздің жеті банкнотымыз шебер ұйымдастырудың, үлкен еңбектің нәтижесінде өте жоғары са­памен, бар-жоғы алты ай көлемінде басылып, Қазақстанға жеткізілді. Төл теңгеміз сапасы мен дизайны жағынан әлемдік деңгейде алғашқы ондықтың ішіне кірді. Банкноттарымыздың са­па­сы­­ның жоғарылығы, дизайны және екі мемле­кеттің арасын экономикалық тұр­ғы­дан жақындатқаны үшін теңгемізді басып шығарған «Харрисон және оның ұл­дары» фирмасына Ұлыбритания пат­ша­­йымының «Алтын белгісі» табыс­тал­ды.

Төл теңгемізді дайындап, оның ха­лық игілігіне айналғанына дейінгі ара­лық­та атқарылған қыруар жұмыс – тә­уел­­сіздік шежіресінің, тарихымыздың ажы­рамас бөлігі. Сол себепті ұлттық ва­лю­­тамызды алғаш қолданысқа енгізу бары­­сында еңсерілген міндеттер, оған атса­лысқан тұлғалар жөнінде әрдайым айтып жүргеніміз дұрыс. Осы орайда, дә­лірегі 15 қараша – Ұлттық валюта күні қарсаңында тұңғыш теңге автор­ла­­рының бірі, суретші-дизайнер, төл теңге­міздің жарыққа шығуына бірден-бір ұйытқы болған мамандардың бірі Хайролла Ғабжәлелов жөнінде аз-кем сөз қозғағанды жөн көрдік. Осы жерде Х.Ғабжәлелов сынды азаматтардың арқасында төл теңгеміз тез дайындалып, соның нәтижесінде экономикалық қиын кезеңде мемлекетіміздің жүздеген триллион ақшасы үнемделгенін де айта кеткен артық болмас.

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Ұлт­тық банкі алғаш құрылып жатқан тұс­та аталған банк төрағасы Ғалым Бай­­на­за­­ровтың қабылдауына белгілі суретші-дизайнерлер Тимур Сүлей­ме­­нов пен Хайролла Ғабжәлелов еке­уі болашақта жарыққа шығатын ақшамыздың дизайнын көрсетуге кіреді. Ұлттық банк төрағасы дизайнерлердің ұсынысын, болашақ банкноттардың нобайын жақсы қабылдап, құптаған соң, ұлттық валюта эскизін жасауға төрт адам­нан құ­рал­ған топ кіріседі. Алайда нақты жұ­мысқа кірісетін уақытта бір суретші нау­­қастанып, ол комиссия құра­мын­да жұ­­мысқа қатыса алмайды. Ал Тимур Сү­лейменов сол кезде Жоғарғы Кеңес депутаты болғандықтан, тәуелсіз елдің заңдарын қабылдау ісіне біржола кі­ріс­кен-ді. Сонымен Ұлттық банкпен ке­лісімшартқа отырған Қазақстан дизайн орталығының бас директоры Хай­рол­ла Ғабжәлелов пен Меңдібай Әлин екеуі жұмыс тобында қалып, тең­ге­мен жұмыс істеуді әрі қарай жал­ғас­ты­рады. Осылайша, ұлттық валюта ди­зай­­нының авторлығы соңғы қос ди­зай­­нерге тиесілі.

Бұлқынып жатқан сыр, әр адамның ішкі жан дүниесіндегі әлдебір рухани аңсар, ұмтылыс, жарқын әлемге деген құштарлық болса керек. Ол рухани аңсар, құштарлық – адам болмысының туған жерге, өз ұлтына, өскен ортасына деген шексіз сүйіспеншілігі мен сарқылмас сағы­нышы. Өмір өнегесі адамның жүр­ген жолы, сіңірген еңбегі, арқалаған аманатымен өлшенсе, сол өркенді өмірді жасаушы тылсым дүниеден сыр аңдаған, елдің ертеңін ойлаған азаматтар екені сөзсіз. Бұл ретте бүгінде «Алаш» тарихи-зерттеулер орталығының президенті, сәу­летші, тарих ғылымдарының кандидаты, қазақтың алғашқы төл ұлттық валютасы – теңгенің авторы Х.Ғабжәлелов сол санаттан көрінетін азамат.

Х.Ғабжәлелов талмай іздену арқы­лы өзіне тән өмір арнасын тауып, Қазақ­стан­ның болашағы үшін шабыттана еңбек етіп, өзінің маңдай терімен ел тәуел­сіздігін нығайтуға үлесін қосып келеді. Ол өзі дизайнын жасаған ұлттық валюта – теңгенің жарыққа шығуымен еңбегі елге кеңінен танылды. Алғашқы теңгелердің дизайнында Шығыстың ұлы ғұламасы, әлемнің «Екінші ұстазы» атан­ған әл-Фараби бейнесінің орын алуы күллі мұсылман дүниесінің орны мен беделін асқақтата түсті. Мұндай тарихи маңызы бар іске өз үлесін қосқан азаматтың өне­ге­­сі құптауға тұрарлық.

«Қазақ, меніңше, өзіне ғана тән таби­ғаты, тілі, діні, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар, болмысы бөлек ерекше жа­ратылған ел екенін мақтанышпен айту керек. Біздің ұлтымыз аталы сөзге тоқ­та­ған, барын бардай, жоғын жоқтай айта білген. Ұлын нарға, қызын арға балаған. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жердің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан ел. Қазақ – ешбір дұшпан басынбаған, достықты сақтай білген, дәм-тұзды ақтай білген, басынан сөз асырмаған, үйіне құлып салмаған, кең пейілді жомарт, дос көңілді, даласындай дарқан ел. Қазақ – баршаның баласын бауырына басып, кеудесінен итермей, маңдайынан шертпей отырған халық. Ол – бәрінің басын біріктіруші негізгі омырт­қалы ұлт. Қазақ халқы өзгеге еш­қа­шан өктемдік көрсетпеген. Қазір жа­ды­мыз жаңғырып, санамыз сілкінді емес пе?! Олай болса, ақиқаты қазақ – да­нышпан халық», дейді Хайролла Мағауияұлы.

 Шын мәнінде, теңгенің шығуымен Қазақ­станның тәуелсіздігі де нығая түсті. Ал Х.Ғабжәлелов ұлттық валюта – тең­­ге­­міздің авторларының бірі ғана емес, оны жарыққа шығаруды ұйым­дас­тырушы да бола білді. Өзінің маңдай терімен тапқан қаржысымен еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға, баянды етуге бел­сенді үлесін қосып жүрген азамат. Тәуелсіз еліміздің одан әрі нығая түсуі үшін, халықтың рухани-мәдени әлеуетін көтеру мақсатында 2003 жылы өз қар­жысына «Алаш» тарихи-зерттеулер орталығын құрды. Қазақ халқының шынайы тарихын зерттеу мақсатында алғашқы ру, тайпалар тарихынан бастап жүздеген ғылыми зерттеу негізінде кі­тап­ жазылды. «Алаш» тарихи-зерт­теу орталығының тұсаукесеріндегі Елба­сының батасында «Орталық ұлттың қалыптасуына зор рөл атқаратын болады» делінген еді.

Иә, Х.Ғабжәлелов – қолға алған ісін аяғына дейін жеткізетін азамат. Елге, ұлт­қа аса қажетті деген түрлі сала­лар­дағы жобалармен айналысты. Архи­тектор ретінде де Алматыдағы көпте­ген ғимаратта өзіндік қолтаңба қалдыр­ды. Кеңес өкіметінің маңызды объек­тісі болған Жамбыл облысындағы Жаңатас қа­ла­­сының құрылысын бастан-аяқ жүр­гізді.

Еуразия жүрегінде, өркениеттердің ұштасқан орталығында талай ұлт пен ұлыстың қызырлы мекеніне ай­нал­ған Ұлы далада азат елдің азаматы атанғаннан асқан бақыт жоқ шы­ғар. Тәуелсіздіктің тал бесігінде тер­бе­ліп, қыран құсы қа­лық­та­ған көк аспа­ны­мыздың астында баянды да ба­қыт­ты ғұмыр кешудеміз. Біз бүгінде тәуелсіздіктің арқасында тарихы біте қай­насқан, тағдыры ортақ тұтас халыққа ай­налдық. Тірлігі жарасқан, бірлігі бақ ашқан елміз. Бұл ретте Хайролла Ма­ғауия­ұлы сынды азаматтар қазақ елінің атын төрткүл дүниеге танытып, көк байрағын биікке желбірете берері анық.