• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
27 Қараша, 2013

От пен семсер

1150 рет
көрсетілді

Махамбет пен Исатай сарбаздарына қару-жарақ соққан ұсталар хақында

Өткен замандарда қазақ халқының мүддесін, елдігін сақтау мақсатында жау оғынан тайсалмаған, өткір сөздерімен сондай ерлікке баршаны жұмылдыра білген небір жаужүрек батырлар, жезтаңдай шешендер, ақындар болғаны белгілі. Солардың ішінде ең ірі тұлғалардың бірі, бүгінде туғанына 210 жыл толып отырған Махамбет Өтемісұлы.

Махамбет пен Исатай сарбаздарына қару-жарақ соққан ұсталар хақында

Өткен замандарда қазақ халқының мүддесін, елдігін сақтау мақсатында жау оғынан тайсалмаған, өткір сөздерімен сондай ерлікке баршаны жұмылдыра білген небір жаужүрек батырлар, жезтаңдай шешендер, ақындар болғаны белгілі. Солардың ішінде ең ірі тұлғалардың бірі, бүгінде туғанына 210 жыл толып отырған Махамбет Өтемісұлы.

XVIII ғасырдың 30-шы жылдары XIX ғасырдың аяғында Жәңгір хан Ордасын ойрандау мақсатында қолдарына қару алып, хандық қанауға қарсы қимыл жасаған халық бұқарасы мен оның ұйытқысы әрі ұйымдастырушы көсемдері – арыс­тандай айбатты, атышулы Исатай Тайманұлы және батырдың семсер сөзді серігі, ақын-композитор Махамбет Өтемісұлы туралы ғасыр жарымнан астам уақыт бойы тарихи-зерттеу мақалалар, очерктер аз жазылған жоқ.

ЮНЕСКО-ның шешімімен 2003 жы­лы халқының еркіндігі мен бос­тан­дығы үшін ақырына дейін кү­рес­кен өр тұлға, батыр Махамбет Өте­міс­­ұлының 200 жылдық мерей­тойы әлемдік дәрежеде аталып өтілді.

Махамбет бабамыздың ақын­дығы, батырлығы, жалпы, көтеріліс барысы туралы Н.Савичев, Х.Дос­мұхамедов, А.Рязанов, В.Шах­матов, Е.Бекмаханов, С.Зима­нов, Б.Аманшин, Ә.Сарай, т.б. зерт­теуші ғалымдардың еңбектері көп. Дегенмен, бұл көтерілістің әлі де толық ескерілмей жатқан тұсы бар. Мәселен, Исатай мен Махамбет сарбаздарына қару-жарақ соққан ұсталар жайлы айтқым келіп отыр.

Халық рухы найза мен қылышты қару етіп, орыс зеңбіректеріне қарсы шапқан. Киелі елі мен жерінің тұтастығын қорғап, бостандығын сақтап қалуда батыр қазақ халқы астындағы атының беліне, өзінің сом білегінің күшіне, алып жүрегінің түгіне, бойындағы бес қаруының айбатына сеніп, арқа сүйеген.

Тарихшы, этнограф ғалым Н.Кө­шек­баев Исатай орыстың жан-жақ­ты қаруланған тұрақты армиясымен соғысқан батыр, дейді. Зеңбірекпен қаруланған армияға қарсы тұрған Исатайдан басқа ешкім жоқ. Ол орыс әскерлерін 9 рет соғысқа түсіп, оның 7-уінде жеңіске жеткен. Исатай сарбаздарымен соғысқан орыс әскерлерінің басшылары Мансуров, Меркулов, Покатилов, Бековтер қазақ шаруаларының ержүректігі туралы өз пікірлерін жасырмаған. Покатиловтың полкі Исатай қолынан 2 рет жеңіліп келгенде генерал Перовский оған қатты ұрысса керек. Сонда Покатилов «Исатайды мылтықтың оғымен, қылыштың жүзімен, найзаңның ұшымен ала алмайсың», деп тура айтыпты.

И.Кенжәлиевтің «Исатай Тай­манұлы» кітабының 62-бетінде «.....бір топ көтерісшілер Исатайдың Көктатыр деген жерінен оқ-дәрі дайындайды. Ал ұсталар найза, сүңгі, айбалта, қылыш, мылтық, т.б. қару-жарақ соғады. Бұл жерді көтерілісшілер Исатайдың көктатыры деп атап кеткен», деп нақты жазылған. Демек жан-жақты қаруланған орыс армиясын күйреткен Исатай сарбаздарының қолында қару-жарақ болғаны анық.

1836-1838 жылдары Ішкі ордадағы Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтеріліске Тәзіке адай, Досахан, Апанас, Көпен, Шәкір, т.б. ұсталар, елдегі белгілі зергерлер қос батырдың қарулы сарбаздарына қару-жарақ соққан. Соның ішінде осы көтеріліске белсене қатысқан адамдардың бірі – ұста Шәкір Тұрлығұлұлы. Ол 1787 жылы Бөкей ордасында дүниеге келген. Исатай және Махамбет батырмен үзеңгілес, ниеттес болған өз заманының қадірлі азаматы, ұлт азаттығы жолында шайқасқа шыққан сарбаздарға зор ықылас-ниетпен қару-жарақ соққан. Шәкір бабаның ата тегін жіктесек – Адай-Құдайке-Тәзіке-Өтей-Сары-Қадір-Сақал-Тұр­лы­ғұл.

Шәкір атағы бүкіл Нарынға жайылған ұста әрі зергер болыпты. Ұсталық өнер оған бабасы Қадірден ауысқан деседі. Қадірдің ұста болуы жөнінде тараған мынадай аңыз бар. Он жасар шамасында Қадір ойнап жүріп, қыр астынан бірнеше рет балғаның даусындай шыңылды естиді. Онысын бір күні Сарыға айтады. Үлкендер әуелі жас баланың сөзіне мән бере қоймайды. Бала үнемі шыңыл еститінін айта берген соң, ақсақалдар әлгі төбенің арғы жағын аралап, тақырда жатқан үлкен балға мен мұрынды төсті көреді де, оларды алып келіп: «бұлар сен үшін әдейі жатқан болу керек, енді иесі өзіңсің», деп балаға тапсырады. Сол сәттен бас­тап Қадірдің қолынан балға түспейді. Келе-келе ол әйгілі ұста, аруақты зергерге айналады. Осы қасиет немересі Шәкірге де қонады. Исатай мен Шәкір арасында үлкен сыйластық болыпты. Өзінен төрт жас үлкен Шәкірді Исатай қатты қастерлесе керек. Исатай мен Махамбет қол жинаған кезде қажет болғанда Шәкір қасына немере інісі Апанасты алып, күні-түні қару-жарақ соққан. Апанас зергерлігі басым және бірқатар мылтықтар жасаған ұста. Апанастың шеберлігін Шәкір ұста жоғары бағалайды екен.

1837 жылдың қазанында Орданы қамаған 3 мың жасаққа Махамбет пен Исатай қолы Шәкір соққан қару­мен жарақаттаныпты. Ішкі орда­дағы көтеріліс басылғаннан кейін көтеріліске қатысқандардың түгелге жуығы ұсталып, басқа елге жер аударылды. Ұсталғандардың ішінде Шәкір мен Апанас та болыпты. Бірақ Жәңгірдің әйелі Фатиманың ақылымен Шәкір мен Апанасты Сібір айдатпай Орданың өзінде 3 жыл тұтқын есебінде ұстайды.

Сол үш жыл ішінде Шәкір ұста хан ордасының көптеген жи­һаз­дарын жасаған. Соның ішінде Жәңгірдің атынан Николай патшаға сый ретінде шаңырағы алтынмен апталған, күміспен күптелген се­гіз қанатты киіз үйді жасап, сый­ға тартқан. Жәңгір хан Шәкір ұста­ның еңбегіне риза болып, жасын ескеріп, артына адам салмай ордада қалдыртқан. Шәкір 1880 жылы 93 жасында дүниеден озады. Шәкір ұстаның қару-жарақ соққан ұста дүкені «Қарабатыр» деген жерде екен деп айтылады. Демек сол кездің өзінде батырларға қару-жарақ соққан ұсталар да, шеберлер де басым болған.

Ал Исатай ауданының тұрғыны, мәдениет саласының ардагері А.Шай­хы­ғалиевтің «Атырау» газе­тінің 1991 жылғы 15 қыркүйектегі санын­дағы «Көтерілісшілерге қару-жарақ соққан кімдер?» атты мақа­ласында Көпен ұста жайлы анық жазылған. Көпен ағаш ұсталығына мығым болған. Руы Адай. Дайын болған қылыш, найзаны саптамды, садақ жақ жасайды, яғни ағаш ұсталығымен айналысқан. Көпенді сол кездегі хан тыңшылары мен торуылшылары аңдып жүріп атып тастаған. Сүйегі Айбаста Нарын құмында қалған. Көпеннің сүйегін киізге орап бір шағылдың етегіне ел азаматтары жерлеген. Кейін ол шағыл «Көпен шошақ» деп аталып кеткен. Қазіргі Атырау облысы, Исатай ауданы, Чапаев селосы, Жантеміс қыстауынан алыс емес жерде. Металдың тапшылығы ма, болмаса қалыптасқан дағды ма, сарбаздар шеті мүжіліп сынған қаруды ұстаханаларға жөнелтіп отырған. Ал ұсталар металл қалдықтарын қайта балқытып, пайдаға асыратын болса керек. Ұстаханаларға қайта балқытуға тапсырылған садақ оғының ұшы (масағы) Шәкір соққан кіші қозыжауырынды ерте кезде Апанас зергердің шөбересі Қаби ақсақал сандықтың түбінде сақтап қойған. Сол сақталған бір бөлігін Исатай ауданының тұрғыны А.Шайхығалиевке ескерткіш ретінде сыйлаған.

Ал соңғы кезде Бекіш ұста жайлы газет беттерінде жазылып жүр. Бекіш Мұңайтпасов 1812 жылы Нарын құмында дүниеге келген. Уфа қаласында білім алған. Меккеге барып қажы атанған. Зергерлік өнерімен ұста ретінде ел арасына аты шыққан.

Арғы тегі Тәзікенің Топас атасынан Мұңайтпас ұлдары Бекіш, Мұқыш, Қожақ. Сары атасынан Өтей, т.б. Махамбетке қару-жарақ жасап белсене араласқан көрінеді. Бекіш Махамбетке арнайы әшекейленген күмістелген қылыш соғып тарту еткен.

Талантты тумысынан Мұқыш,

Бекіш,

Өнерден өрнек алған айқыш-ұйқыш.

Бірі әнші, бірі зергер, бірі ақын,

Қалдырған ұрпақтарға өшпес нақыш.

Жебесін Махамбеттің Бекіш соққан,

Күймейтін шеберліктен қолы оттан.

Ақ тілеу айтып батыр ағасына,

Үш ауыз жалындаған өлең айтқан.

Атандым Тәзікеде Бекіш шебер,

Бойыма жастайымнан қойған өнер.

Сізге арнап қылыш соқтым батыр аға,

Кез болса қорғанарсыз қауіп төнер.

Қаруың қайқы қылыш жауға шабар,

Жауыңның басын шауып өзіңді алар.

Қылышпенен жасаған жауды шапсаң,

Шаттанып ерлігіңе елің тұрар.

Міне, бұл жолдар Исатай-Ма­хам­бет шаруалар көтерілісіне қару-жарақ соққан Өтей ұрпағының бір дәлелі.

Ал Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қор бөлімінде Жүзбатырдың қайрақ тасы сақталған. Исатай Тайманұлының туысы Сартов Жүзбатырдың қайрағы деседі. Руы Беріш Жайық-Тілеуке. Атадан балаға жеткен ауызша әңгімелер мен деректерге қарағанда, кезінде ұзындығы 2 метр шамасында болған қайрақ таспен Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы және басқа да батырлар мен сарбаздар қылыштарын қайраған деседі. Қайрақты Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы селосының тұрғыны Ақсәнім Құттыбаева (1909 жылы туған) 1971 жылы мұражай қорына тапсырған.

Исатай батырмен тізе қосып, оның сенімді серігі, ту ұстаушы, әрі батыр, әрі ел ағасы болған Махамбет бабамыздың ерлігі мен қара қылды қақ жарған әділдігін бүгінгі ұрпақ мақтанышпен еске алады. Махамбетке дейін де, одан кейін де елі үшін еңіреп, халқы үшін қан жұтқан талай батырлар болған, бірақ Махамбет деңгейіне, Махамбет дәрежесіне жете алмаған.

Еліміз егемендігін алып, көк туымызды желбіретіп әлемге паш еткен тұста жалынды жыршы, азаттық жолында күрескен Махамбет пен Исатайдың қасында жүріп, ерлігі мен күш-жігерін бостандық үшін сарп еткен қасындағы батырларын, батырларға көтеріліс кезінде күні-түні қару-жарақ соққан ұсталардың рухына басымызды иіп, олардың ерлігін ұмытпағанымыз абзал.

Нұргүл ҚАМИЕВА,

Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі.

Соңғы жаңалықтар