• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 13 Қараша, 2020

Part-time (Сырттай оқытудың орнын басқан жүйе қаншалықты тиімді?)

881 рет
көрсетілді

Осы уақытқа дейін сырттай оқығандардың білім сапасына қатысты айтылған сын көп болды. Зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, мектептер­дегі мұғалімдердің 30 пайыздан астамы аума­лы-төкпелі жылдарда жоғары оқу орындарын­да сырттай оқығандар болып шықты.

Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін жаңа техно­логиялардың әлеуетіне арқа сүйеуге тура келді. Бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарында сырттай оқудың баламасы ретінде «part-time» жүйесі, яғни уақыт үнемдей отырып, қашықтан білім беру жүзеге аса бастады. Мұның маңызы қазіргі індет қос бүйірден қысқан қысылтаяң шақта айқын сезіліп жатыр.

Білім алушылар үшін икемді кестеге негізделген part-time жүйесінде мемле­кеттік білім берудің мін­детті стандарттары­на сәй­кес белгілі бір бағдар­ла­ма бойын­ша несие кө­лемі­нің 100 пайызын қамту қа­жет. Білім және ғылым ми­нистрлігі жоғары және жо­ғары оқу орнынан кейін­гі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев қашықтан оқу техноло­гия­лары пайдаланылатын оқу жүйесінде білім алушы біріншіден, өндірістен қол үз­бей оқи алатынын айта­ды. Екіншіден, оқу орнымен тікелей байланыста бола­ды, әрі талапкер семестр­ге байланысты берілген тап­сырманы орындауы қа­жет. Орындау мерзімі бі­лім алу­шының өзіне бай­ла­ныс­ты. Тапсырманы орын­­дама­ған жағдайда сәй­ке­сін­ше, балы да төмен бола­ды. Яғ­ни, оқыту­шы студент­ке жай­дан-жай баға қоя салмайды.

Бұл жүйеде әдістемелік құ­рал­дар, онлайн, бейне-лекция­ларды игерудің толық мүм­кін­діктері қарастырылған.

Ә.Тойбаевтың айтуынша, жаңа жүйеде емтихан тап­сы­ру­дың ашықтығы да толық­қанды қамтамасыз етілген. Арнайы прокторинг жүйесі арқылы емтихан тапсырушының барлық қадамы қадағаланып отырады. Сонымен қатар емтихан бары­­сында қосым­ша сайттарға шек қойылады. Еліміздегі білім жүйе­сінің және әлем елдерінің озық үлгілері негізінде жүзеге асқан оқыту жүйесі сапалы білімді қамтамасыз етіп қана қоймайды, әрі заманауи технологияларды терең меңгеруге ықпал етеді. Бұл бағытта IT бағ­дарламаларды таңдау – әрбір оқу орнының еркінде. Қашықтан оқу жүйесін еліміздегі азаматтық емес оқу орындарындағы кейбір маман­дықтарда ғана пайдаланылмайды. Ал сырттай оқуға түсіп, акаде­мия­лық демалыс алған студенттер бұ­рынғы жүйемен оқуларын аяқ­тауға құқығы бар.

Жоғары оқу орындары қа­уым­дастығының президенті Рах­ман Алшановтың айтуын­ша, жаңа жүйеде оқимын деген­дер­дің барлығына бірдей мүмкіндік бар. Спортшылар, өнер саласы мамандары мен колледждерді бітіріп, ауыл-аймақтарда бала оқытып жүрген мұғалімдер де, бала тәрбиесімен оқи алмай жүр­гендер де ендігі кезекте қашықтан білім алады. Осы кезге дейін жағ­дайына байланысты оқуға түсе алмай қалғандар да болды. Дегенмен бүгінде мемлекеттің білім саласына айтарлықтай көңіл бөлуі нәтижесінде грант саны көбейіп, шәкіртақы өсіп келеді. Ал жаңа жүйенің мүгедек жандар үшін де мүмкіндігі мол. Бұл – әлем елдерінде жемісін берген жүйе.

Жоғары білім алудың жаңа жүйесін білім сарапшысы Жақ­сылық Сәбитов те тиімді деп са­найды. «Бұрындары сырттай және іштей оқыған студенттердің білім сапасында айтарлықтай айырмашылықтар болатын. Десек те сырттай оқудың болмауы, бұл азаматтардың білім алу­ға деген құқығын шектемейді. Оның орнына бүгінде АҚШ, Батыс елдері толығымен жүзеге асырып отырған білім жүйесі қолданысқа енді. Бұл талапкер үшін өте қолайлы. Кезінде білім бағдарламасын меңгере алмаған студенттердің оқудан шығып қал­ған жағдайлары да кездескен. Тіптен сырттан оқудың «дипломдар фабрикасына» айналғанын да жоққа шығара алмаймыз», дейді сарапшы.

Ал жаңа жүйеде оқу орнын бітіру мерзіміне шек қойыл­майды. Талапкер бір семестрде 2-3 кредит алып, өзіне ыңғайлы уақытта орындай алады. Бағдар­ламаны жылдам меңгерсе, оқу ақысына да оң ықпалын тигізеді. Оқытудың мұндай жүйесі сонымен бірге аз табысты және әлеуметтік мұқтаж жандар үшін де тиімді.

Педагог мамандарды сырттай оқытумен келіспейтінін айт­қан Абай атындағы ҚазҰПУ Ака­демиялық мәселелер жөнін­дегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков бүгінде педа­гог мамандарға сұраныс жоға­ры екенін алға тартты.

«Оқушының тұлға болып қалыптасуына бірден-бір ықпал ететін мұғалім дейтін болсақ, Білім және ғылым министрлігінің мектептерге жұмысқа орналасардан бұрын қосымша сертификаттаудан өткізу туралы тапсырмасы педагог мамандарға деген талаптың күшейгенін көрсетеді. Университеттің өткен жы­лы жүргізген сауалдамасы нәтижесінде ел өңірлерінен 4 300 педагогикалық маманға сұра­ныс түскен. Ал универси­тет дайындаған мамандар саны – 2 мыңның айналасында ғана. Мектептер сұранысын қам­­та­масыз ету үшін еліміздегі бас­қа да педагогикалық мамандар даяр­­лайтын оқу орындарына ұсы­ныс жасауға тура келді», дейді Х.Жанбеков.

Сондай-ақ ол жаратылыстану мамандықтарына орыс тіліндегі мұғалімдердің жетіспеушілігі туралы да айтып өтті. Қазіргі кез­де осы қажеттіліктерді ескере отырып, қос тілді мамандар даяр­лау ісі жолға қойылған. Ал ағыл­шын тілін меңгерген ма­ман­­дарға сұраныс та көп, ең­бекақысы да жоғары. Қа­шық­­тан оқу тәжірибесіне сәй­кес та­лапкерлер заманауи тех­но­ло­­гия­ларды пайдалануы қа­жет. Х.Жанбеков алғашында уни­вер­ситеттегі оқытушылардың цифр­­­лы сауаттылығы төмен бол­­­­­ғанын айтады. Осыған орай про­­фес­сор-оқытушылардың 750-і­ цифр­­лы педагог мектебінен өтіп, әлем елдерінде пайдаланып жат­қан озық платформаларды үйренуіне қолайлы жағдайлар жасалып отыр. Бүгінде көптеген оқу орнында арнайы бейне-лекциялар жасайтын, зертханалық кластар, мобильді орталықтар жұмыс істейді. Бірақ оларды заман талабына сай жетілдіріп отыру уақыт күттірмейді.

Қашықтан білім берудің за­манауи мүмкіндіктері мен адам­затқа тигізер кері әсері ту­­ралы ойларымен бөліскен Қыз­­дар ұлттық педагогикалық уни­верситетінің оқу және оқу әдістемелік жұмыстары жө­ніндегі проректоры Еркін Жұ­ман­құлова карантиндік шаралар­ды енгізу кезінде мемлекет бі­лім ғана емес, барлық маңызды сала­лардың жұмыс істеу жүйесін қайта қарауға мәжбүр болғанын айтады.

«Қашықтан оқытуды инно­вациялық деп атауға келмейді. Өйткені бұл жүйе әлем ел­де­рінде де, сонымен бірге елі­мізде де соңғы жиырма жыл ішін­де пайдаланып келеді. Жол жүріп, пәтер жалдап қо­сым­ша шығын шығармастан, өндірістен қол үз­бей білім алуға мүмкіндік бе­ретін қашықтан оқу жүйесі қо­лайлы, әрі білім сапасының ашық­тығын қам­тамасыз етеді. Соны­мен қа­тар бағдарламаларды бір­не­ше оқу орнына орналастыру са­палы білімнің өзегі болмақ. Қа­шық­тан оқу жағдайында білім бағдарламаларын, курстарды, білікті оқытушыларды таңдау мүм­кіндігі де бар. Бұл білімнің бәсекелестігін көрсетсе, талап­кер­лерге IT-технология, математика, биотехнология және басқа да салаларды мең­геруде алдыңғы қатарлы оқу орындарын таңдауға болады. Әрине, қашықтан оқудың тиімді тұс­тарымен қатар, қаперде ұс­тайтын жақтары да баршылық. Бүгінде ауыл-аймақтарда мате­риалдық-техникалық база­ның жетіспеушілігі алаң­датады. Ақ­­­­­параттық технологиялардың ада­м­­зат денсаулығына кері әсері де бар. Адами құндылықтар, тұл­ғаның рухани, мәдени қа­лып­тасуы маңызды болып табылатын кезеңде қашықтан оқу барысында оқытушы мен талапкер арасында қаперде ұстайтын мәселелерге назар аудару қа­жет. Десек те қашықтан оқу елі­міздің білім саласына дендеп енді. Ал дәстүрлі білім алу режіміне оралған күннің өзінде ақпараттық технологияларсыз білімнің болашағы болмайтыны анық», дейді Е.Жұманқұлова.

Пандемия еліміздегі қашық­тан білім алудың жағымды әрі түйт­кілді тұстарына назар ауда­руға мүмкіндік берді. Сапалы білімге қол жеткізуде қолайлы білім платформаларын таңдап, оны әрі қарай жетілдірудің маңызына басымдық беріле бастағанын университеттер тә­жі­­рибесінен аңғаруға болады. Дегенмен жаңа технология­лар­дың еліміздің білім кеңіс­тігіне жүктеп отырған жүгі ауыр. Өйт­кені халықаралық ықпал­дастық IT-технологиялар сала­сындағы әлемдік алып компания­ларымен бәсекелес болуды талап етеді.

 

Алматы