Қызылордада "STOP трафик" жедел-профилактикалық іс-шараларын жүргізу барысында пайдакүнемдік мақсатта жеңгетайлықпен айналысып жүрген азаматша анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
11 қараша күнгі рейд барысында полицейлер облыс орталығының сауналардың бірінен тұтынушыларға жеңіл жүрісті қыздарды ұсынып, жеңгетайлықпен айналысқан қала тұрғынын ұстады. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 309-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Осы шара аясында қоғамдық орындарда тиісу дерегі бойынша 18 азаматқа әкімшілік шара көрілді. Жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсынудың 2 дерегі анықталды. Оларға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 449 және 450 баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.