Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен "Қызылорда автобус паркі" мекемесіне жаңадан келген 13 автобусты табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Шарада облыс әкімі Г.Әбдіқалықова Қызылорда автобус паркі құрылған санаулы жылда автопарктің техникалық базасын қалыптастыру мақсатында 122 автобус алынғанын айтып өтті.
Семей қаласындағы "СЕМАЗ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде құрастырылған көліктерді алуға облыстық бюджеттен 209, ал автобус паркінен 242 млн теңге жұмсалып отыр.
Соңғы үлгідегі іші кең әрі жайлы заманауи автобустар маршрут жылдамдығын шектеу, қозғалыс интервалын бақылауға арналған GPS жүйесімен жабдықталған, жергілікті жердің климаттық жағдайына бейімделген. Экологиялық таза метан газымен жүреді. Қауіпсіздік үшін жолаушылардың мініп, түсуі толығымен бейнебақылау камерасына түсіріледі. Ең бастысы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді етіп ыңғайластырылған.
Жаңадан келген автобустар бүгіннен бастап жолаушылар тасымалы басым №1 бағытқа жіберіліп, жолаушыларға қызмет көрсететін болады.