Тұңғыш Президент күні қарсаңында Парламент Мәжілісінің ұйымдастыруымен елордада «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстандағы парламентаризмді дамытудағы рөлі» тақырыбында халықаралық конференция болып өтті. Оның жұмысына Парламент депутаттары, шетелдік сарапшылар мен ғалымдар, мемлекеттік органдар жетекшілері және дипломатиялық корпустар өкілдері қатысты.
Исмаил САФИ,
Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты:
– Нұрсұлтан Назарбаев – тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі мемлекеттерінің көшбасшысы. Сондықтан мен Қазақстанның табысты дамуының негізгі факторы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев деп білемін. Ол – сіздердің елдеріңіздің жаңа тарихының және бүкіл түркі әлемі үшін жасампаздықтың жарқын бейнесі.
Тұңғыш Президент күні қарсаңында Парламент Мәжілісінің ұйымдастыруымен елордада «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстандағы парламентаризмді дамытудағы рөлі» тақырыбында халықаралық конференция болып өтті. Оның жұмысына Парламент депутаттары, шетелдік сарапшылар мен ғалымдар, мемлекеттік органдар жетекшілері және дипломатиялық корпустар өкілдері қатысты.
Отырысты аша отырып, сөз алған Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанның Тұңғыш Президенті өз отандастары үшін мемлекеттің үдемелі дамуының сенімді кепіліне айналғанын ерекше атады.
Бұл ретте егемен еліміздің әрбір жетістіктері мен жеңістері, ең алдымен, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атымен тікелей байланысты. «Себебі, Елбасымыздың батыл қадамдары мен ерен еңбегінің арқасында Қазақстанымыз барлық қиындықты жеңіп, бүкіл әлем таныған абыройлы мемлекетке айналды», деді Нұрлан Зайроллаұлы. Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы Елбасының идеялары мен мақсаттарының қазақстандық өмір салтының негізін қалап, барлық қазақстандықтар үшін жалпыұлттық құндылықтарға айналғанын сөз етті. Сондықтан да Тұңғыш Президент күні барша қазақстандықтарды Елбасының жанына топтастыратын тағы бір бүкілхалықтық мерейлі мереке болып табылады, деді ол.
Мәжіліс Төрағасы, сондай-ақ, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың парламетаризмнің қазақстандық үлгісін құру және дамытудағы зор рөліне тоқталды. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық мемлекеттілікті құрып, қалыптастыру мен дамыту үшін заңнамалық биліктің рөлі мен ықпалын күшейту қажеттігін баса айтты. Қазақстанда Тұңғыш Президенттің бастамасымен дайындалып, 1995 жылы референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституцияның мән-маңызы жоғары екеніне де назар аударды. «Дәл осы Негізгі Заңда алғаш рет «парламент» түсінігі ресми бекітіліп, оның заңнамалық қызметтерді жүзеге асыратын еліміздің жоғарғы заң шығарушы органы болып табылатындығы анық айтылды», деді спикер сөзін сабақтай түсіп. Қазақстан екі палаталы парламенттік жүйеге таңдау жасаған кеңестік кезеңнен кейінгі алғашқы унитарлы мемлекет екенін, екі палаталы парламенттік жүйеге өту заң шығармашылық үдерісінің тиімділігі мен ықпалдылығын арттырып қана қоймай, сондай-ақ, Қазақстанда демократия орнатудың тағы бір қадамына айналғанын ортаға салды. Оның айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашылық танытқан 2007 жылғы конституциялық реформа Қазақстанда парламентаризмді дамытудың заңды жалғасы болып табылады. Сайлаушылар жекелеген үміткерлерге емес, партиялық бағдарламаларға дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Конституциялық түзетулердің негізгі жаңалықтарының бірі Қазақстан халқы Ассамблеясына еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде түрлі этностардың өкілдіктерін қамтамасыз ететін ұйым ретінде конституциялық мәртебе берілді.
Қазақстан Парламенті Жоғарғы Кеңестен екі палаталы кәсіби заңнамалық органға дейінгі күрделі жолдан өткендігі тұрғысында ой өрбіткен Төраға парламентаризмнің қазақстандық үлгісі өзінің тиімді заң шығармашылық қызметі арқылы мемлекеттің экономикалық өркендеуіне, қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтуға, ұлттық келісім мен бейбітшілікті сақтауға жол ашуға қабілетті екенін дәлелдеді дегенді баса айтты. Парламентаризмнің қазақстандық үлгісін дамытудың маңызды өлшемдерінің бірі – оның көппартиялық бағыты. Көппартиялы Парламентті қалыптастыру біздің еліміздің демократия жолында жасап жатқан тағы бір нақты қадамының көрсеткіші. Осылай дей келіп, Нұрлан Нығматулин былай деді: «Әрине, барлық парламентарийлер өздерінің саяси бағдарламаларының негізгі бағыттарын ұстанады. Алайда, партиялық құрамы мен идеологиялық алуандықтарға қарамастан, Парламент өкілдері демократиялық рәсімдер негізінде өзара тиімді іс-қимыл жасайтындығын көрсете білді». Ең бастысы – екі палата депутаттары да мемлекет пен халықтың мүддесі жолында шешімдер әзірлеп, қабылдайды. Бұл – Қазақстанның заманауи саяси тәжірибесінде демократия мәдениетінің негізгі құндылықтарын басшылыққа алатындығының айшықты белгісі.
Бүгінгі заңнамалық қызметтің ең алдымен «Қазақстан-2050» Стратегиясын заң жағынан қамтамасыз етуге бағытталғанын Мәжіліс Төрағасы ерекше атады. Қазірдің өзінде жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту, мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату, мемлекеттік қызметтер, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы, Салықтық және Бюджеттік кодекстерге өзгерістер енгізу мәселелері бойынша заңдар қабылданыпты. Бұдан басқа, Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық- атқарушылық кодекстер, Әкімшіліктік құқық бұзушылық туралы кодекс, сондай-ақ, кәсіподақтар туралы, меншіктік құқықты қорғауды күшейту, сот шешімдерінің жүйесін жетілдіру сынды маңызды заң жобалары жұмысқа алынған. Жалпы айтқанда, Парламент өзінің 20 жылдан астам қызметінде 2132 заң қабылдаған. Олардың қатарында 3 конституциялық заң, 17 кодекс және 872 халықаралық шарттарды ратификациялау туралы заңдар бар. Орта есеппен алғанда, бір шақырылым 500-ге жуық заң қабылдаған.
Бұдан кейін сөз алған Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь Рогов Қазақстан тәуелсіздігін алған кезеңнен бастап парламентаризм мемлекет пен қоғамның тұрақты дамуының негізі болып қаланғанына назар аударды. «90-шы жылдардан басталып қазірге дейінгі жалғасып келе жатқан шынайы парламентаризмнің аяғынан нық тұру үдерісі Тұңғыш Президенттің стратегиялық басшылығымен жүзеге асып келеді», деді ол.
Жиында Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты Исмаил Сафи, Ресей Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының депутаты Олег Савченко, Венгрия Мемлекеттік Жиналысының депутаты Янош Хорват, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Қаныбек Иманалиев, Германия Бундестагының депутаты Катарин Штренц, сондай-ақ, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Георгий Ким, Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының мүшесі Надежда Нестерова, т.б. сөз сөйледі. Олар өз сөздерінде қазақстандық парламентаризмді одан әрі дамыту мемлекеттілікті нығайтуға, демократияны орнықтырып, қоғамның одан әрі үдемелі дамуына қолайлы жағдай туғызатынына сенім білдірді. Әсіресе, Елбасының мемлекетті жаңғырту мен демократияландыру жолындағы маңызды саяси бағыттарының бірі – парламентаризмді дамыту екенін алға тарта келіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың парламенттік жүйені қалыптастыру мен жетілдірудегі аса маңызды рөліне ерекше тоқталды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
* Қатысушылар лебізі
Исмаил САФИ,
Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты:
– Нұрсұлтан Назарбаев – тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі мемлекеттерінің көшбасшысы. Сондықтан мен Қазақстанның табысты дамуының негізгі факторы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев деп білемін. Ол – сіздердің елдеріңіздің жаңа тарихының және бүкіл түркі әлемі үшін жасампаздықтың жарқын бейнесі.
Катарин ШТРЕНЦ,
ГФР Бундестагының депутаты:
– Бізге бүгінгі күні Қазақстанда болып жатқан өзгерістер мен даму қарқыны ерекше ұнайды. Германияда оны тікелей Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстырады. Сондықтан, менің де Қазақстан халқын елдеріңізді әлеуметтік, экономикалық және саяси дамудың орталығына айналдырған керемет Президенттеріңізбен құттықтап, қуанғаннан басқа айтарым жоқ.
Олег САВЧЕНКО,
РФ Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының депутаты:
– Біз сіздердің Президенттеріңіздің бастамасымен елдеріңізде болып жатқан өзгерістерді аса қызығушылықпен бақылаймыз. Кей жағдайларда сіздердің елдеріңіз экономикалық, саяси қадамдарымен біздің елдің алдына шығатын тұстары бар екенін де жасырмаймын. Меніңше, Қазақстан басшысының қазіргі қарқыны жайбасарлыққа салынуға жол бермейді. Бізге содан үлгі алу керек. Сіздердің елдеріңіздің алдында тұрған алдағы ұзақ мерзімді перспективалар стратегиялық дұрыс таңдаудың нақты көрсеткіші.
Янош ХОРВАТ,
Венгрия Мемлекеттік Жиналысының депутаты:
– Сіздердің Президенттеріңіздің Парламенттің рөлін көтеруге барынша көңіл бөлуі өте маңызды. Мен қазақстандық парламентаризмнің тікелей Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегімен қалыптасқанын білемін және Парламенттеріңіздің бүгінгі көппартиялы бағыты – Қазақстан Президенті жүргізген демократиялық үрдістердің шынайы көрінісі деп есептеймін.
Қаныбек ИМАНАЛИЕВ,
Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы:
– Қазақстан тәуелсіздігін алған күннен басталған президенттік институт сіздердің жас мемлекеттеріңіздің барлық қиыншылықтарды еңсеруіне жол ашып қана қоймай, экономикасы қарқынды дамыған мемлекетке айналуға мүмкіндік берді. Ал Қазақстандағы парламентаризмнің дамуына келетін болсақ, мен оны ұтымды парламентаризм деп атаған болар едім... Егер Нұрсұлтан Назарбаев реформалар көшбасшысы болса, онда Парламент әрқашанда реформалардың мықты қорғаны болып табылады.