Түркістан облысы Түлкібас ауданына тартылған инвестициялар көлемі 7 млрд 743 млн теңгені құраған. Соның ішінде 2 млрд 584 млн теңге республикалық бюджет, 1 млрд 520 млн теңге жергілікті бюджет, ал 3 млрд 618 млн теңге кәсіпорындардан және халықтың өз қаржысы есебінен тартылған, деп хабарлайды Egemen.kz
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Нұрлан Байғұт бүгінде жұмыс істеп жатқан 32 кәсіпорын 10 млрд 321 млн теңгенің өнімін өндіргенін атап өтті. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша аудан көлеміндегі 16 жұмыс беруші мекемелерімен келісім-шарт түзіліп, 154 азамат жолданған.
"Биыл ауданда жалпы 54 көше толығымен жөндеуден өтіп, ел игілігіне пайдалануға беріліп отыр. Соның ішінде Састөбе және Түлкібас кентіндегі 30 көше "Ауыл-Ел бесігі" бағдарламасы аясында жөнделген. Ішкі көшелердің қанағаттандырарлық жағдайы 80 пайыздан асып отыр. Сондай-ақ, түнгі жарықтандыруды бірінші кезекте қажет ететін 15-ке жуық көшеге заманауи жарық шамдар орнатылды. "Қамқорлық" жобасына қатысушы 93 отбасына 215 млн теңгеден астам қаржыға түрлі көмек көрсетілді. Аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен 21 отбасы баспанаға қол жеткізген. Соның ішінде 6 отбасына демеушілер есебінен тұрғын үй берілсе, 15 отбасына мемлекеттік бағдарламамен пәтер кілті табысталды. Сондай-ақ, 9 отбасының тұрғын үйі демеушілер есебінен жөндеуден өтті", деді Нұрлан Мархабатұлы.
Ауданда мал шаруашылығында биыл 10-15 басқа арналған 76 шағын мал бордақылау алаңдары, 5-10 бастық 24 отбасылық сүт фермасы құрылған. Сонымен қатар, Келтемашат ауылдық округінде "Ақбиік Агро" АӨК сыйымдылығы 600 бас түйетауық өсіретін ферма ашылып, жұмыс істеуде. Алма бағы шаруашылығын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған даму концепциясына сәйкес, қосымша алма бау көлемін 760 гектарға ұлғайтып, барлығы 3355 гектар аумаққа жеткен. Ағымдағы жылы 30 300 тонна жеміс-жидек жиналды. Ауданда 33 туристік нысан жұмыс істейді. Жыл басынан бері 2017 турист келген.