• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Қараша, 2020

Сандықтаудағы ілкімді істер

72 рет
көрсетілді

Істің көзін тауып, шаруасын оңқай асықтай үйіріп отырған кәсіпкерлердің қарақан басының қамын ғана ойламай, қалың ормандай қалың елінің әлеуметтік-тұрмыстық жайына, ел болашағы балалардың спортпен айналысуына жанашырлықпен көңіл аударып, қолынан келгенінше көмек көрсетуі азаматтық!

Өткен жылы Сандықтау ауданында ауыз толтырып айтуға әбден лайықты бірнеше жоба жүзеге асып, ел мерейін көтеріп тастады. Осы бір жанашырлық істер болашаққа деген сенімді нығайтып, ел ішіндегі ынтымақ пен ауызбір­лік­ті одан әрі бекіте түсетіні бар. Тіпті желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақты отаншылдыққа баулудың оңды мысалы деп айтсақ та артық емес.

Бастрымовка елді мекеніндегі село­лық клуб көп уақыттан бері жөндеу көр­­мей, әбден тозып, қаусап қалған бола­­тын. Клуб үйі жалғыз мәдениет ор­та­­лығы ғана емес, елдің ішкі саясатын наси­хаттап, жалпақ жұртты ұлы мұ­рат­­тарға бағыттайтын орын емес пе? Міне, осы селолық клуб жергілікті кәсіп­кер­лер­дің қоғамдаса жасалған қайы­рым­ды­лы­ғының арқасында 21 млн теңгеге жөн­деліп, құрылысшының қалағынан жаңа шыққан нысандай жайнап тұр. Сыртқы кейпі ғана емес, ішкі мазмұны байып, сан түрлі мәдени-көпшілік жұ­мысы да алға басуда. Осы елді мекенде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне жаңа­дан ес­керткіш бой көтерді. Ауыл адамдары ата­ларының аруағын сыйлаған қам­қор жан­дардың ісіне разы болысты. Отан қор­ғау жолында шейіт болған боздақ­тар­дың есімдері таңбаланып жазылып, ке­йінгі ұрпақтың есіне ел қорғаудың ай­рық­ша қасиетті ұғым екенін салып тұр­ғандай. Өткенге құрмет – кейінгіге парыз.

Спасское селосында медицина қыз­мет­керлеріне арналып 20 млн теңге­ге екі пәтерлі үй салынды. Ауылдық жерде медицина қызметкерлерінің жағ­дайын ойлау – ең алдымен, халық­тың ден­саулығын ойлау деген сөз. Шал­ғай­дағы шағын елді мекендерге медици­на қызметкерлерінің тартыншақтап бара­ты­ны баспананың жоғынан екені бел­гілі. Аудан кәсіпкерлері осы бір жайды қа­перлерінен шығармай, халықтың ден­сау­лығы үшін тамаша іс атқарып отыр. Жаман тұмау жан алқымнан алған бү­гін­гі кезде бұл да – аса қажет дүние. Тағы бір екпін түсіріп айтатын жайт, Спасское ауылында қоғамдық моншаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 25 млн теңге көлемінде қаражат жұм­салыпты. Мұндай қамқорлықтан ауыл­дағы білім ошағы да тыс қалмаған. Мек­теп қазандығы үшін 5 млн 300 мың теңге қаржы бөлініп, жаңа қазандық салынған. Енді мектеп оқушылары қақаған қыс айларында бұрынғыдай жаурамай, алаңсыз білім алады.

Бар жақсылықты балаларға жасауға ұйғарған азаматтар Красная поляна селосында балаларға арналған спорт алаңын салып берді. Шындығын айтқанда, мұндай спорт алаңдары көптеген ірі елді мекенде де кездесе бермейді. Қазір ауыл шетіне табан іліктірсеңіз, металдан жасалған әдемі де салтанатты қақпа мен жол жиегін өрнектеген ұзындығы 200 метрге дейін созылатын қоршауды көрер едіңіз. Бұл іске 4 млн теңге жұмсалған. Ал Арбузенка ауылындағы мектеп жасына дейінгі балаларға арналған мекеме туралы айтсақ ше? Іші кірсе-шыққы­­сыз, құрқылтайдың ұясындай жып-жылы шағын орталықты салуға жергілікті кәсіпкерлердің қалтасынан 12 млн теңге қаражат бөлінген. Болашақ ұрпақ жа­йын ойлаған қалталы азаматтар Крас­ная поляна орта мектебіне отын-көмір сақ­тайтын құны 500 мың теңгелік қойма да салып беріпті.

Ел ішінде қатынау да қиын болып келген. Осы бір кемшіліктің кетігін тол­тырмақшы болған іскер азаматтар Белгород селолық округінің тұрғындары аудан орталығы – Балкашино селосына уақтылы қатынап тұру үшін 10 млн теңгеге «Газель» автокөлігін сатып алып беріп, жүргізіп отыр.

Осы орайда аудандағы жомарт жандардың бірі әрі бірегейі ретінде «Спасское агро» серіктестігінің директоры Махмуд Абуев туралы айрықша тоқталып айта кетуге тиістіміз. Жоғарыда біз разылық пейілмен тізіп айтқан жанашырлық көмекті осы серіктестіктің басшысы жасап отыр. Бар қаражат серіктестік есебінен жұмсалған.

Махмуд Магомедович тәрізді туған жерінің түтінін түзу ұшыруға адам­гершілік ажарымен, кісілік кел­беті­мен, жомарт пейілімен жанашыр­лық таны­тып отырған абзал азаматтың бірі – Александр Закусилов. Ол – «Свободное» серіктестігінің директоры. Ел қамын жеген елгезек жан өткен жылы Новогородский селолық клубы наурыз мерекесін атап өтер кезде 580 мың теңге беріп, туған жердің төсінде тағылымы мол шараның жоғары деңгейде тойлануына көмек қолын созды. Мұндай көмекті Александр Александрович аудандағы Владимировский, Максимовка селолық Мәдениет үйлеріне де көр­сет­ті. Жалғыз той тойлау ғана емес, одан өзге уақытта да ауылдағы мәдениет ошағының оты маздап жануына жүрек жылуын төгіп, қайырымды қолын созуда. Сөзіміз дәлелді болуы үшін бірер дерек келтіре кетелік, серіктестік басшысы Новогородский селолық Мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмысын жасап берді. Максимовка елді мекеніндегі село­лық Мәдениет үйінің күрделі жөн­деу жұмысына 3 млн 274 мың теңге мөл­ше­рінде көмек көрсетті. Осы селолық округ­тің хоккей командасы үшін спорт киім­дері, спорттық құрал-жабдықтарды сатып алуға 10 млн теңгеден аса қаражат бөлді.

Қалай разы болмассыз. Осы өлкедегі жо­март жердің игілігін көргеннен кейін бар ырысты бір өзі бауырына басып қал­май, сол жерде түтін түтетіп отырған ауыл-ай­мақтың ажарын түзеуге белсене ат­са­лы­суда. Осы бір өнегелі ісі өңірдің өзге пұш­пағында игілікке қолы жетіп отырған іскер адамдарға үлгі деп айтсақ, артық болмас.

Аудандағы атымтай жомартты­ғымен аты шыққан жанның бірі – «Байдалы» серіктестігінің басшысы Бағдат Оразалин. Бағдат Байдалыұлы Веселовский орта мектебінің жас ұстаз­дары үшін 30 млн теңгеге алты пәтер салып берді. Өз серіктестігінің бір ма­маны­на да құны 20 млн теңге шама­сын­да­ғы тұр­ғын үйді сыйға тартты. Ауыл жа­нын­дағы аудандық маңызы бар көпір­ді 10 млн теңгеге жөндеп, тұр­­ғын­дарға қо­лай­лы жағдай туғызып отыр. Аға­йын­­ды Марат Оразалин екеуі жана­шыр­лық­­тан жарысқа түскендей әсер қал­ды­рады. Марат Амангелдіұлы – «СПХ Байдалы-2» серіктестігінің басшысы. Ол селолық округке аса қажетті жедел жәр­дем автокөлігін 6 млн теңгеге сат­ып алып, сыйлады. Осындағы орта мектеп­тің жас спортшыларына 2 млн 200 мың теңгеге спорт жабдықтарын алып берді.

Әр ауыл, әр елді мекенде ақық дән өсі­ріп, ақтылы мал бағып, еңсесін тіктеген ел аза­маттары туған жердің төсін түлетуге дәл осылай үлес қосса, тұтас ел, байтақ да­ла әлдеқашан гүл жайнап, тіршілік қайнап, өмірдің өңі оңынан өзгеріп кетер еді.

 

Ақмола облысы,

Сандықтау ауданы