• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
27 Қараша, 2013

Инфрақұрылым икемделіп келеді

410 рет
көрсетілді

Кеше селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында Көлік инфрақұрылымын 2020 жылға дейін дамыту және ықпалдастыру мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, Қазақстанның көлік-логистикалық жүйесін дамыту мәселелері талқыланды.

Кеше селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында Көлік инфрақұрылымын 2020 жылға дейін дамыту және ықпалдастыру мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, Қазақстанның көлік-логистикалық жүйесін дамыту мәселелері талқыланды.

Отырысқа төрағалық еткен Премьер-Министр Серік Ахметов өз сөзінде бұл бағдарлама Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған міндеттердің бірі екендігін атай келе, құрылыс бойынша шараларға, қазіргі инфрақұрылымдық нысандарды жетілдіру және кеңейтуге баса назар аударды. Ал құжаттың жалпы мазмұнын Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев баяндады. Министрдің мәлімдеуінше, бағдарламаны жүзеге асыру 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдауды 2 есеге арттыруға, көлік инфрақұрылымын халықаралық көлік жүйесіне ықпалдастыруды қамтамасыз етуге, өңірлерде жергілікті көлік инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді. А.Жұмағалиев, сондай-ақ, бүгінде Дүниежүзілік банкпен бірге логистиканы дамыту деңгейінің өсуі бойынша Іс-шаралар жоспарының әзірленіп жатқанын айтып, бұл 2020 жылға қарай логистика тиімділігі индексі бойынша Дүниежүзілік банк рейтингінде 40-шы орынға жетуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

Автомобиль жолдарын, теміржол саласын, су көлігін, азаматтық авиацияны, ішкі және сыртқы терминалдық желіні дамыту, жол жанындағы қызмет көрсетуді, жолаушылар тасымалдау жүйесін жетілдіру жос­парлары туралы мәлімдеп, бағдарламаның экономикалық тиімділік көрсеткіштеріне тоқталды. Мысалы, 2020 жылға дейін 30 мың шақырым автожолы, 8202 шақырым теміржол желісін жөндеу, теміржол вокзалдарын 100 пайыз күрделі жөндеуден өткізу, сонымен қатар, республикалық көлік инфрақұрылымының дамуына бағытталған басқа да шараларды өткізу жоспарланған. Бағдарлама негізінде транзиттік тасымалдау көлемдерін 2 есеге, жүк айналымын 1,6 есеге және жолаушы айналымын 1,5 есеге арттыру көзделген. Жолдарды жөндеу және құрастырумен қатар, жол бойындағы қызмет көрсету мен жолаушылар тасымалының дамуына көңіл бөлінген. Осылайша, 2020 жылға дейін 260 жол бойында қызмет көрсету нысандарын салу қарастырылуда. Ал автомобиль көліктерінде жолаушылар тасымалының инфрақұрылымын дамыту үшін аймақтарда 9 автовокзал, 45 автобекет, 155 жолаушыларға қызмет көрсету пункті және 1048 такси аялдамалары салынбақ. Әуежай желілерін дамыту шеңберінде де біраз жос­пар бар. Мәселен, 11 әуежай қайта жаңғыртылмақ. Олардың бесеуінде ұшып-қону жолақтары мен жолау­шылар терминалы, алтауында жолаушылар терминалы салынады. Сөйтіп, 2020 жылға дейін 75 жаңа халықаралық әуе қатынасы ашылады.

Бағдарлама шеңберінде су көлігі инфрақұрылымын дамыту жоспарланғанын да айта кеткен жөн. Атап айтқанда, кемежайдың өткізу қабілетін кеңейту жөніндегі жоба іске асырылуда. Оның шеңберінде 3 құрғақ жүк терминалын салу қарастырылған. Нәтижесінде Ақтау кемежайының өткізу қабілеттілігі 16,8 млн. тоннадан 20,5 млн. тоннаға дейін өседі.

Үкімет басшысы Қазақстан халықаралық көлік дәліздерінің торабында орналасқандықтан Еуропа мен Азияны жалғайтын не­гізгі логистикалық буын­ға айналудың барлық алғы­шарт­тарына ие екендігін атап өтті. «Президент транзиттік әлеует­ті дамытуға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға және ел аумағын көлік дәліздерінің халықаралық жүйесіне ықпалдастыруға ерекше көңіл бөлуде», деп атап көрсеткен С.Ахметов бұл мәселеге барынша мән беру керек екендігін қадап айтты. Отырыста Көлік-логистикалық жүйені дамыту мәселелері бойынша «Қазақстан темір жолы» АҚ басшысы Асқар Мамин баяндады.

«Бiрыңғай экономикалық кеңiстiктiң құрылуы үш елдiң транзиттiк әлеуетiн iшкi шекаралардағы кеден үдерiстерiн оңтайландыру есебiнен арттыруға мүмкiндiк бердi және елдерiмiз арасындағы ортақ жобалардың iске асырылуын қалыптастырды. Бұл істе контейнерлер тасымалы мен терминалдық өңдеу операторы болатын бiрлескен көлiктiк логистикалық компанияны құру негiзгi жоба болып табылады», дедi А.Мамин. Оның айтуынша, бiрлескен көлiктiк логистикалық компанияға Қа­зақстан аумағы арқылы жүк тасымалының мақсатты көлемiн 2020 жылға дейін 1,7 млн. контейнер деңгейiнде игеру мiндетi жүктеледi.

Жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы бағдарламаның ауқымдылығын атап өтіп, инфрақұрылымды дамытуға 5 трлн. теңгеге жуық инвестициялар тартылатынын айтты.

«Сәйкес инфрақұрылымды құрмайынша, Қазақстан аумағы арқылы транзитті дамыту, сон­дай-ақ көлік логистикасын дамыту мүмкін емес. Сондықтан, мемлекеттік мәртебені иеленген бағдарламаның басты міндеті – көлік инфрақұрлымын дамыту және салу болып табылады», деп атап көрсетті С.Ахметов.

Үкімет басшысы Көлік және коммуникация министрлігі мен «Қазақстан» АҚ-қа мүдделі мемлекеттік органдармен бір­ге «Қазақстан – жаңа Жібек жолы» жобасы бойынша іс-шаралардың Кешенді жоспарын жүзеге асыруды жалғастыруды, жергілікті атқарушы органдармен әуежайларды басқару бойынша компания құруды жеделдетуді, «Бейнеу–Жезқазған» және «Арқалық–Шұбаркөл» теміржол желілерін салу жобаларын уақтылы жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар