Еліміздің батыс қақпасында Ресеймен шектесетін ауданның бірі – Құрманғазы. Облыс орталығынан алыста орналасқан бұл ауданда NCOC компаниясының демеушілігімен жаңа аурухана ашылды. Балалар бөлімшесін, перзентхана, хирургия, инфекциялық және жалпы терапия бөлімдерінде 75 төсектік орын бар. Бөлімдердің бәрін соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтау қолға алынды. Ал жұқпалы аурулар бөлімшесі бөлек ғимаратқа орналасты.
– Бұрынғы ғимарат ескі болғандықтан, көп қиындық көрдік. Әсіресе реанимациялық көмекті қажет ететін науқастарды екінші қабатқа қолмен көтеріп шығаратын едік. Жаңа ауруханаға арнайы лифт орнатылды. Бұл қызметкерлеріміздің жұмысын жеңілдетеді. Ескі ауруханадағы операциялық кабинет бір адамға арналған болса, енді мұнда екі науқасқа бір мезгілде ота жасауға мүмкіндік бар. Перзентхана бөлімшесі анаға реанимациялық көмек көрсетуге, нәрестенің жүрек соғысын тексеруге, шала туған нәрестелерді бақылауға арналған кювездермен қамтылды, – дейді Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының директоры Гүлсара Нұрмағанбетқызы.
Ауданда қауіпті індеттің екінші толқынына дайындық қолға алынып отыр. Соған орай жаңа аурухананың хирургия бөлімі провизорлық стационар ретінде жасақталды. Ауруханадағы бөлімшелерге 63 оттегі нүктесі қосылды. Оттегіні беру процесі бір орталықтан басқарылады. Провизорлық стационарға директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары, хирург Нұрғиса Шолпанов жетекшілік етеді.
– Әр палатаға үш оттегі нүктесі жүргізілді. Сондай-ақ аурухана 9 өкпеге жасанды тыныс беру аппаратымен қамтылды. Реанимациялық 3 төсектік орын бар. Екі интенсивті терапия кереуеті жасақталды. Реаниматолог-дәрігерлер соңғы емдеу хаттамасы бойынша онлайн оқу курстарынан өтті. Қазіргі аурухананың провизорлық бөлімшесінде 28 орын дайындалды. Науқас саны көбейетін болса, оны 40-қа дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар, – дейді хирург Н.Шолпанов.
Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Жастілек Хасановтың айтуынша, мұнда орталық ауруханадан өзге, орталық емхана, 16 амбулатория, 2 селолық аурухана, 8 медициналық пункт бар. Бұларда 63 дәрігер, 336 орта буын қызметкері тұрғындардың денсаулығын қорғауға жұмылып отыр. Ал жаңа ауруханада 13 жоғары, 49 орта, 36 кіші буын қызметкері жұмыс істейді.
Атырау облысы,
Құрманғазы ауданы