• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экономика 16 Қараша, 2020

Карантинде ашылған кәсіпорындар

156 рет
көрсетілді

Қазіргі күрделі кезеңде кәсіп ашу деген қардың үстіне қазан қайнатамын дегенмен бірдей шығар. Бірақ «тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді», Қостанай облысында пандемия жағдайында да көзін тауып жаңа бизнес ашып, табысты еңбек етіп жатқан жандар бар.

 

Қостанайлық кәсіпкер Зайра Доса­нова – 27 жыл бойы стоматолог болып жұмыс істеген тәжірибелі дәрігер. Бұған дейін әртүрлі клиникаларда еңбек етіп келген тіс дәрігері былтыр өзінің жеке стоматологиялық кабинетін ашу туралы шешімге келеді. Әуелі «Даму» қоры­нының жергілікті филиалына барып, бизнес ашу үшін мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілетінін біліп алған Зайра Досанова мамандардың кеңесімен «Бастау-Бизнес» курсына жазылып, кәсіпкерлік негіздерін меңгерді. Осы жерде жүріп өзінің бизнес-жоспарын жасап, кейін комиссия алдында сәтті қорғап шықты. Курсты тәмамдап, бизнес әліппесін бір кісідей-ақ игеріп алған тіс дәрігері енді өз кабинетін орналастыратын ыңғайлы ғимарат іздеп тауып, заманауи стоматологиялық құрылғылар сатып алу үшін мемлекеттік қолдау тетіктеріне арқа сүйей отырып, несие алуға өтінім береді.

Кәсіпкер «Еңбек» бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банктердің бірінен 6 пайыздық жылдық өсімпұлмен 4 жарым млн теңге жеңілдетілген несие алды. Борышкердің несиеге қоятын кепілдігі жоқ еді, бұл мәселені мемлекет өз мойнына алып, банкке «Даму» қоры арқылы кепіл қаржы бөліп отыр. Осылайша, Қостанайдың қақ ортасында, тұрғындарға қолайлы жерден «DoctorDos» деп аталатын жаңа стома­тология кабинеті есігін айқара ашты. Бизнес-жоба аясында алты адам жұ­мыспен қамтылды. Кабинет клиенттерге тіс емдеу және қалпына келтіру бойынша қызмет көрсетеді, сондай-ақ мұнда эстетикалық стоматология практикасы қолданылады.

– Пандемия жағдайында мемлекет қолдауынсыз жаңа іс бастау мүмкін емес. Адам үшін ең маңыздысы – өзінің кәсіби тәжірибесі мен білім-білігін, бойындағы қабілет-қарымын табыс көзіне айналдыра білу. 30 жылға жуық жалдамалы дәрігер болып келдім. Жеке шығып, өз мүмкіндігімді бизнеске айналдыру жағын ойластырғалы біраз жыл болды. Көптен көңілде жүрген мақсатымды жүзеге асыруға енді бел буып кірісе бергенде, пандемия басталып кетті. Бірақ облыстық кәсіпкерлікті қолдау басқармасындағы мамандардың қолдауымен барлық кедергіні ең­серіп, жұмысымызды бастап кеттік. Қазір облыстың бас санитарлық дәрігері қой­ған талаптар шеңберінде жұмыс істеп жатырмыз. Клиенттер алдын ала хабар­ласып, жазбаша кезекке тіркеледі. Кли­никаның жеке чаты жұмыс істейді. Сол чат бойынша әркім өзінің келетін уа­қы­тын алдын ала біліп отырады. Ғима­раттың кіреберісінде санитайзер орнатылды, терезені ашып, бөлмелерді күніне 2-3 рет тазартып отырамыз, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, биыл Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға ар­налған «Еңбек» мемлекеттік бағдар­ламасының екінші бағыты шеңберінде берілетін шағын несие мен гранттық қаржыландыруға 2 883,1 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде шағын несие қорының мөлшері – 2 555,8 млн теңге болады. Мұның 2 013,7 миллионы ауыл­дық елді мекендерге, ал 542,1 млн теңгесі қалалық мекендерге барады. Ал гранттық қаржыландыруға 327,3 млн теңге бөлініп отыр. Биылдың өзінде кәсіп ашып немесе кәсібін кеңейтіп жатқан шағын бизнес субъектілеріне жалпы көлемі 2 219,5 млн теңге болатын 550 шағын несие берілген. Мұның сыртында, бас-аяғы 321,1 млн теңге болатын 578 грант бөлініп отыр.

Аймақта айдан айға жалғасып, созылып бара жатқан шектеу шараларына қарамастан, мемлекет қолдауымен қар астынан қауыз жарып шыққан қыр қызғалдағындай жаңа ашылып жатқан шағын өндіріс орындары көбейіп келеді. Сан саланы тоқыратып кетіп жатқан шектеулер шырмауында, әсіресе ыстық ас әзірлеп, тапсырыс берушінің мекен-жайына дейін апарып беріп жатқан цехтар мен жеңіл өнеркәсіп саласына бейімделген шағын кәсіпорындар өміршеңдік танытып отыр. Бұған биыл жыл басында «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында өндіріс ауқымын кеңейтіп, өнім түрін ұлғайтуға қол жеткізген Лисаков қаласындағы кондитерлік цех дәлел бола алады. Жеке кәсіпкер Зәуреш Байтурина бұрынғы шағын нан зауытының өнді­рістік желісін кеңейтіп, осыдан екі жыл бұрын кондитер өнімдерін шығара бас­таған. Кәсіпорын бастапқы кезеңде облыс тұрғындары үшін «Бискотти» брен­діндегі печенье, кекс, маффиндер пі­сіріп келген. Биыл өнім түрін көбейту мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қатысып, қуаты тәулігіне 1 тоннаға дейін печенье­ жасауға жететін құрылғы сатып алу үшін 3 млн теңге көлемінде несие алды. Несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 15%, оның 6%-ын кәсіпкердің өзі төлейді, ал 9%-ын «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мемлекет өтейді. Мұның сыртында, жеке кәсіпкердің банкке ке­пілге қоятын басы артық дүниесі бол­мағандықтан, несие сомасының жартысына тең келетін мөлшерде «Даму» қорынан кепілдік алып отыр. Көп кешікпей торт және інжір пісіретін заманауи құрылғы сатып алып, өнім түрін көбейтті. Қазір шағын цехтың өндірістік қуаты тәулігіне 400 келіге дейін ұл­ғайып, кондитерлік өнімдердің 30-дан астам түрін шығара бастады. Өн­діріс көлемінің ұлғаюы екі жаңа жұ­мыс орнын ашуға мүмкіндік берді.

– Қазір бескүндік жұмыс тәртібіне көштік. Тапсырыс бұрынғыдай емес, сәл азайып қалды, бірақ осының өзі жетіп артылады. Біздің өнімдер Лисаков қаласынан тыс, облыс орталығына, Руд­ный, Жітіқара қалаларына саудаланады. Қостанайға аптасына екі рет, Рудныйға бір рет тауар жөнелтеміз, – дейді цех басшысы.

Жалпы, облыста жыл басынан бері мемлекеттің қаржылай қолдауына 140 кәсіпорын ие болып отыр. Бұл кәсіп­орындар екінші деңгейлі банктерден жалпы сомасы 24 млрд теңге несие алған. Несиенің жылдық сыйақысының 6 пайызын кәсіпкерлердің өздері төлесе, қалғанын бизнесті жеңілдікпен кредиттеу мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Даму» қоры субсидиялайды.

Аталған қор биылдан бастап несиеге қоятын кепілдігі жоқ кәсіпорындарға да қолдау көрсете бастаған. Мұндай кәсіпорындарға «Даму» өз кепілдігін ұсынады. 3 жарым млрд теңге мөлше­ріндегі қор кепілдігіне биыл 104 кә­сіпкер ие болды.

– Қор қазіргі уақытта саудаға са­лынған инвестицияларды қоспағанда, экономиканың барлық саласындағы кәсіпорындардың қызметін қолдап отыр. Бұл шаралар пандемияға байланысты дағдарыс кезеңінде бизнесті қолдау үшін қабылданды, – дейді «Даму» қоры аймақтық филиалының бас менеджері Елена Матвеева.

Жеңілдетілген несие алған кәсіп­орындар мемлекеттің қаржылай қол­дауымен қажетті құрылғылар сатып алып, өнім көлемін арттыруға және қыз­мет ауқымын ұлғайтуға мүмкіндік алып отыр.

Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын жұмыс істей бастаған «TerraMeat» ком­па­ниясы еттен жартылай фабрикат­тар дайындап сатады. Қазір компания шығаратын ет өнімдері Қазақстанның 14 қаласына жөнелтіледі. Нарық сұ­ранысын сапалы тауармен қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорын жылдық өсімпұлы 13% болатын 45 млн теңге мөлшеріндегі банктік несие қаражатына өндірістік құрылғы сатып алған. Се­рік­тестік несиені 6%-дық жылдық мөл­шерлемемен өтейді, ал қалған 7 па­йызды «Даму» қоры төлеп беріп отыр.

– 40 млн теңге ресейлік, поляк және неміс тоңазытқыштарын, қамыр илеуге арналған құрылғыларды сатып алуға жұмсалды. Күніне 3 тоннаға дейін жартылай фабрикаттар өндірісі жолға қойылды, – дейді серіктестіктің сатылым бөлімінің басшысы Нұрлан Амантаев.

Мемлекеттің қаржылай қолдауына ие болған кәсіпорынның бірі – «Азурит» компаниясы. 20 жылдан бері арнайы киім, жеке қорғаныс құралдары мен мек­теп формасын шығарып келген бұл кә­сіпорын соңғы 5 ай көлемінде жер­гілікті дәріханалардың тапсырысымен медициналық маска тігуге ден қойған. Мұнда тәулігіне 10 мыңға дейін бетперде тігіледі. Кәсіпорын өндіріс қуатын арттыру мақсатында жылдық сыйақысы 15%-дық мөлшерлемемен 57 млн теңге несие алған. Сыйақының 9%-ын мемлекет өтеп берген. Несие қаражатына компания көпфункциялы қуатты тігін машиналары мен кесте, зер салатын құ­рылғылар сатып алып, қалған ақшаны сауда айналымына салған.

– Несиені өткен жылдың тамыз айын­да алдық. Бұл өнім көлемінің ұлғаюына ықпал етті. Біз он шақты кесте тігетін құрылғы, 15 арнайы тігін машиналарын, киім үлгісін пішетін арнайы бағдарлама сатып алдық. Қазір жұмыс қызып жатыр. Биыл жергілікті кәсіпорындарға 7 мың арнайы кос­тюм тігіп бердік. Ал дәріханалардың тапсырысы бойын­ша 280 мың бетперде тігілді, – деді ком­панияның комерциялық директоры Наталья Токун.

«Даму» қоры кәсібін жаңа бастаған жас кәсіпкерлер мен стартаперлерге де қомақты мөлшерде қаржылай кепілдік береді. Қордың мұндай қолдауын көр­ген қостанайлық кәсіпкердің бірі – «Догма» деп аталатын ветеринарлық кли­­никаның иесі Максим Падерин. Клиниканың қызмет аясын кеңейту үшін үй жануарларының іш құрылы­сындағы ауруды анықтайтын диагнос­тикалық ақылды аппарат қажет бол­ған. Мұндай сканер Қостанайда еш­бір жерде жоқ. Алдымен бизнес-жос­па­рын тиянақтап алған кәсіпкер «Даму» қорынан қолдау табады. Ал екін­ші деңгейдегі банк 8 900 000 теңге несие береді. Жас кәсіпкердің кепілге қоятын басы артық мүлкі жоқ. Сон­дықтан несие сомасының 85%-ына қор кепілдік беріп отыр. Қалған 15%-ды борышкердің өзі өтейді.

– Біздің клиника осыдан алты ай бұрын ғана ашылды. Қолымызда азда­ған қаражатымыз болды. Бірақ өзімізге на­ғыз қажет заманауи құрылғы сатып алуға не қаржымыз, не банкке қоятын кепілдігіміз болмады. Со­дан «Даму» қорының кәсіпкерлікті мем­лекеттік қолдау бағдарламасы туралы естіп, банкке өтініш бердік. Өтінішіміз ма­құлданды. Қор өз кепілдігін ұсынып, жолымыз болып, несиеге қол жеткізіп, бірден медициналық құрылғыға тапсырыс бердік. Диагностикалық аппарат іске қосылғалы, клиенттеріміз де көбейе түсті, – дейді Максим Падерин.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы кә­сіпкерлік бөлімінің жетекшісі Жас­ұлан Қаленовтің айтуынша, облыста былтырғы жылмен салыстырғанда биыл жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6,8%-ға тө­мендеген. Аймақта қазір 51 мың 365 шағын кәсіпорын, яғни тіркеуде тұрған кәсіпкерлердің 85 пайызы жұмыс істеп жатыр. Алғашқы жартыжылдықта бұл кәсіпорындарда 155,4 мың адам еңбекке жұмылдырылып отыр.

– Бұл ретте шағын және орта бизнес субъектілері шығарған өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 11,8%-ға ұлғайып, 453,6 млрд теңгені құрады. Бұл жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 26,5%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Қазіргі қиын-қыстау кезеңде кәсіпкерлерге қолдау мем­лекеттік бағдарламалар аясында көрсетіледі. Мысалы, биыл облыста «Биз­нестің жол картасы - 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік саласына 5,7 млрд тең­­ге қаржы бөлініп отыр. Осының нә­тижесінде 2020 жылдың алғашқы тоғыз айында 310 жобаға қаржылай қол­дау көрсетілді. Биыл, мысалы, Қазақ­стан бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» салаларына жеңілдікпен кредит беру бағдарламасын іске асыруға 1 трлн теңге қарастырылса, Қостанай облысында жалпы көлемі 30,2 млрд теңге болатын қомақты қаржыға 189 жо­ба ма­құлданып отыр, – деді Жасұлан Қаленов.

Кәсіпкерлік бөлімі басшысының сөзінше, аймақта жүзеге асырылып жатқан дағдарысқа қарсы күрес шаралары аясында шағын кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен, облыс аумағына төтенше жағдай енгізілгеннен кейін өзінің қаржылық жағдайын нашарлатып алған шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау мақсатындағы жеңілдікті несие беру бағдарламасы шең­берінде 2020 жылғы алғашқы 9 ай ішінде екінші деңгейлі банктер 15,9 млрд теңгеге 74 несие мақұлдаған. Осы мерзім ішінде ШОБ-қа қатысты тексерулер мен про­филактикалық бақылау актілерінің саны 39%-ға қысқарды. Сонымен қатар банктер кәсіпкерлікті қолдаудың мем­лекеттік бағдарламаларына қатысқан 163 кәсіпкердің борышын өтеу мерзімін кейінге шегеріп отыр. Мемлекеттік қолдау шаралары арқылы бизнеске берілетін несиелердің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6%-ға дейін кеміп, бі­різ­дендірілді. Пандемия басталғалы ша­ғын және орта бизнеске қатысты 729 шарт бойынша жалдау ақысын есептеу тоқтатылды. Мұның сыртында, 27 мың салық төлеушіге еңбекақы төлеу қоры мен мүлік салығы бойынша салық және әлеуметтік төлемдер мөлшерлемелеріне «0» түзету коэффициенті қолданылады. Сондай-ақ шағын бизнеспен айналысатын 46 мың кәсіпкер үш жыл мерзімге табыс салығынан босатылды.

 

 

Қостанай облысы