Үзіліп түскен моншақтай әсем көгілдір көлдер мен қолдың саласындай тізілген ақ қайыңдар, мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген, ауасы жұпар курорттық аймақ жазғы демалыс маусымына жап-жақсы әзірлік жасағанымен, төрткүл дүниені тегіс есеңгіретіп тұрған жаман тұмау үйдегі ойды бұзып кетті. Қазір өңірдегі демалушыларға қызмет көрсететін туризм саласындағы 500-ден астам кәсіпорын қысқы туризмге әзірлік жасауда.
Алдымен өңірдің табиғи мүмкіндігінің мол екендігін айта кетелік. Ит тұмсығы батпайтын сыңсыған орманы мен мөлдір сулы шалқарлар. Оған көзі қарақты, көкірегі зерделі адамның жан сарайын сәулелендіріп, көкірегіне тылсым сыр ұялататын табиғи есерткіштер қаншама. Мәдени-тарихи кластерге 900-ден астам осындай ескерткіш енгізілген. Олардың көпшілігі мемлекет қамқорлығына алынған. Өңірге келушілерге 73 туристік бағыт ұсынылады. Осы бағыттармен жүрсеңіз, аруақ қонып, нар шөккен қасиетті Көкше топырағындағы көне тарихтың көмбесін ақтарып, санаңызды соңғы мәліметтермен жаңғыртуға мүмкіндік алар едіңіз.
Көркі көз сүйсіндіретін құйқалы өңірде туризмнің кеңінен қанат жайған жері – Щучинск-Бурабай курорттық аймағы. Оған Аршалы, Ақкөл, Шортанды, Целиноград аудандарындағы емдеу-сауықтыру шипажайлары мен тынығуға мол мүмкіндігі бар орындарды қосыңыз. Ал киелі өңірдің келбетін көргіңіз келсе, Қорғалжын мен Ерейментау бауырындағы ескі соқпаққа түсуге болады. Табиғаты тамылжыған Зеренді мен адам аяғы көп баса бермейтін Сандықтаудың сыланған қойнауы өз алдына бір төбе.
Биылғы деректерге қарағанда, тынығушылардың жолын жаман тұмау кескендіктен, оқталғанымен ойға алғанын орындай алмағандар көп. 1934,5 млн теңгенің ғана қызметі көрсетілген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 32 пайызға төмен. Келушілер саны 88,8 мың адам төңірегінде. Оны түсінуге де болады, жаман тұмаудың алғашқы легінде шет мемлекеттерді былай қойғанда, ел ішіндегі адамдар жазғы демалыста қауіптен қорғалап, қарға адым жер аттап шыға алмады.
Өткен сегіз ай ішіндегі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің көрсеткіші 2019 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, төрт есе төмендеген. Сөйтіп 3,8 млрд теңгені ғана құрап отыр. Инвесторлардың салған қаражаты уақытында игерілмеуі, межеленген жобалардың уақытылы атқарылмай, созылып кетуіне де осы індет себеп болып отыр. Тұтастай алғанда 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында өңірдегі туризм саласында кері көрсеткіш басым.
Әйтсе де туризм саласы мүлде тұралап қалды деуден аулақпыз. Мәселен 2019 жылы туризм саласының бір жобасына 2 млрд теңге қаражат бөлініп, 204 төсек орындық «WyndhamGarden» қонақүйі салына бастады. Сол жылғы 31 мамыр күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы қабылданды. Еліміздегі туризм саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша қыруар жұмыс қолға алынды. Салаға серпін беруге тиісті жаңа жобалар курортты аймақтың келбетін кешегіден де ажарландырып, бүгінгіден де баянды етуге септігін тигізуде. Облыстық әкімдіктің осы бағыттағы бағдарламаларына сәйкес жалпы құны 46,8 млрд теңгені құрайтын 27 іс-шараны жүзеге асыруға шешім қабылданды. Республикалық бюджеттен 3,3 млрд теңге қаржы бөлініп, курортты аймақтың өңі әбден кіріп қалса, осы саладағы шағын бизнеске де 0,9 млрд теңге қаражат бөлініп, демеу көрсетілді.
Қазіргі күні жалпы құны 6,3 млрд теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылды. Таратып айтатұғын болсақ, Бурабай кентіндегі суағарларды жөндеуге 386 млн теңге қаражат бөлініп, толық игерілді. Щучинск қаласының ішіндегі су құбырларын жаңғыртуға бағытталған 1 млрд теңгенің жұмысы толық аяқталды. Қатаркөлдегі канализация коллекторын ауыстыруға 2,6 млрд теңге жұмсалды. Осындай шаруалар жалғыз қалада ғана емес, ауданда, яки курортты аймақта сәтімен сабақталып, жүзеге асырылды.
Тағы бір мәнді шаруа – жол жайы. Бұл туризм саласын дамыту үшін әбден қажетті мәселе. 15,4 млрд теңге қаражат жұмсалған, жалпы ұзындығы 80 шақырымды құрайтын Щучье-Зеренді бағытындағы тас жолдың салынуы екі көрікті өңірді бір-бірімен төтеден жалғастырып, курортты өңірге келімді-кетімді жолаушылар үшін қысы-жазы қолайлы жағдай туғызып отыр. Бурабаймен бірге Зеренді бауырындағы курортты аймақтың сәні мен салтанаты, емделіп, демалуға келген адамдар үшін көрсетілетін қызмет сапасы жақсарып келеді. Тіпті, осыдан он жыл бұрынғы қауқар мен қауметті көз алдыңызға елестетсеңіз, айырмашылығын бірден аңғарар едіңіз. Таратып айтатұғын болсақ, бұл өңірде жол бойындағы елді мекендердің маңы көгалдандырылып, су, жылу құбырлары жаңғыртылып, төрт құбыла тегіс абаттандырылып, көрген көз сүйсінерлік болып қалды.
Шаруаның оңынан оңғарылуына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы үлкен әсер еткендігін екпін түсіріп айта кетуге болады. Осы бағдарлама бойынша курортты аймақтың өңін кіргізуге 1,3 млрд теңге қаражат бөлініп, толық игерілді. 2020 жылы Зеренді селосын көгалдандыруға, шағын архитектуралық мүсіндерді орнатуға 50 млн теңге қаржы бөлінді. Осы мол қаржының арқасында селоның сәулеті бұрынғыдан да арта түсті.
Облыстық маңыздағы екі жолға орташа жөндеу жүргізілуі де өңірдегі туризмнің дамуына игі ықпалын тигізеді деп күтілуде. Әсіресе қысқы туризмді дамытуға көп көмек болары сөзсіз. Айталық Еленовка-Чистополье-Есіл бағытындағы жолдың 17 шақырымы 618 млн теңгеге, Зеренді-Красный Кардон бағытындағы 36 шақырым жол 1,7 млрд теңгеге жөнделді.
–Жазғы маусымға дайындық барысында Зеренді көлінің жағалаулары мұқият тазаланды,–дейді облыстық туризм және демалыс индустриясы қауымдастығының төрағасы Шынарбек Батырханов, – облыстық әкімдікпен және «Көкшетау» ұлттық табиғи паркімен келісе отырып ерекше күзетілетін табиғи аймақтың бос жер телімдерін инвесторларды тартуға пайдалану жөнінде келісім жасалды.
Мамандардың айтуына қарағанда, биылғы жазда өңірдегі туризмді дамыту бағытында өте маңызды іс-шаралар түзілген екен. Тек әттеген-айы, жаман тұмау жол бермеген.
Ендігі үміт – қысқы туризмді дамыта отырып, жаздағы олқылықтың орнын толтыру. Биыл өңірге туристердің келу көрсеткішін 107,5 пайызға дейін өсіріп, 427-430 мың адамға жеткізу көзделген екен. Енді бұл деңгейге қашан жететініміз белгісіз. Ол үшін әрине, курортты аймақта індеттің ізі байқалмауы керек. Көкшенің қысы да көрікті. Сықырлаған сары аязда жұпар ауа тіпті мөлдір, дем алсаң көкірегіңді кернеп кететіні бар. Ту сонау тау басынан шаңғымен сырғанаудың өзі естен кетпес ғажайып қызық. Сондықтан Қазақстан Лапландиясының игілігін көруге сенім зор. Ашылу салтанатына әзірлік жүріп жатыр. «WinterFestBurabay» фестивалін ұйымдастыру да межеленген. Сондай-ақ, көк айдында балық аулаудың ләззатын түсінетіндер үшін арнайы шаралар ұйымдастырылмақ. Бұл орайда бизнестің де қамы ескерілуде. «Қысқы ертегі» конкурстық бағдарламасы өткізіле қалса, бизнес өкілдері де нәпақа тауып қалуы әбден мүмкін.
Туризмнің дамуы ел басына төнген, жалғыз біздің елдің ғана емес, төрткүл дүниенің тағдырына тегеурінді әсер етіп отырған індетке байланысты болып отырған жайы бар. Әйтсе де, жақсылықтан үміттіміз. Ал жақсы үміт жамағатты алдамайды ғой.
Ақмола облысы