"DALA-CONSTRUCTION.KZ" ЖШС – қаладағы ірі темір-бетон бұйымдарын өндіретін кәсіпорын. 2002 жылы құрылған зауыт бүгінде 210 адамды жұмыспен қамтып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, жұмыс барысын аралап көрді.
Кәсіпорын жылына 240 мың шаршы метр темір-бетон бұйымдарының жабын плитасын, 85 мың шаршы метр құрама-каркасты үйдің темір-бетон бұйымдарын, 32 мың шаршы метр өндірістік ғимараттар дайындауға қауқарлы.
Сондай-ақ, 4,5 мың дана су шаруашылығы құрылысына арналған темір-бетон науалары, 4,8 мың дана темір-бетон электр желілерінің бағандары, 6 мың дана металл есіктер шығарады.
Зауыттың жалпы жер учаскесінің аумағы – 20 га. Кәсіпорын басшысының айтуынша, дайын өнімдер 100% ішкі нарыққа жөнелтілуде. Сондай-ақ, заманауи құралдармен жабдықталған кәсіпорын арнайы және қосалқы 100-ден астам техникамен қамтылған.