• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
27 Қараша, 2013

Саян

820 рет
көрсетілді

Ұлтының ұлтаны болуға әрдайым дайын тұратын оның бар арманы – қараша қазақтың ерік-жігерін, шыңға құмар талпынысын әлемге мойындату болған секілді көрінеді кейде. Қазақ спортшыларының ішінде бөгенейі бөлек саланы таңдап, аты да, заты да таңсық көгалдағы хоккейдің отымен кіріп, күлімен шыққан дарабоз спортшы, саңлақ хоккейші, еңбек сіңірген жаттықтырушы-бапкер Саян Шаймерденов аман болғанда биылғы 27 қарашада асқаралы 60 жасқа толып, ел болып мерейтойын өткізер едік...

Ұлтының ұлтаны болуға әрдайым дайын тұратын оның бар арманы – қараша қазақтың ерік-жігерін, шыңға құмар талпынысын әлемге мойындату болған секілді көрінеді кейде. Қазақ спортшыларының ішінде бөгенейі бөлек саланы таңдап, аты да, заты да таңсық көгалдағы хоккейдің отымен кіріп, күлімен шыққан дарабоз спортшы, саңлақ хоккейші, еңбек сіңірген жаттықтырушы-бапкер Саян Шаймерденов аман болғанда биылғы 27 қарашада асқаралы 60 жасқа толып, ел болып мерейтойын өткізер едік...

Саян Шаймерденов – қазақ тарихына, қазақ спортының дәуірлік шежіресіне алтын әріптермен жазылған саңлақ. Ол көгалдағы хоккейден он дүркін КСРО чемпионы әрі «Динамо» командасының капитаны, Еуропа біріншілігінің жеңімпазы, Әлем кубогының қола жүлдегері. Сол кездегі бапкері Э.Айрих: «Саян – бұйығы жатқан ұлттың бұлқыныстағы болмысы», деп мадақ тұтты. Бапкердің бағасын Саян Сафуанұлы әлденеше еселеп қайтарды да.

Қазір Саян жайлы айтар әңгіме көп. Достары ол туралы сөз өрбіткенде, ерекше бір толғаныспен айтады. Саянның бармаған елі, баспаған тауы аз. Франция, Германия, Италия, Үндістан, Қытай, Иран дейсіз бе, бәріне түрлі жарыстармен сапар шекті. Шетелде достарының көптігі сонша, Қазақстан десе, алдымен Саянды еске түсіретін бір кезең болды. Малайзияның сол кездегі королі елінде қалып, хоккейдің дамуына үлес қосуын өтінгенде: «Мен өз еліме де керекпін», деп халқы үшін қызмет етуге барын салғаны нағыз отансүйгіштік емей, не еді? Ол өмірден озғалы да мүшелге тақау жыл болғанына достарының сенгілері келмейді. 49 жасында жасындай жарқ етіп сөнген Саянның қазасы отбасын ғана емес, тұтас қазақты қайғыға батырғаны рас. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сол кездегі төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі келіп, басу айтып: «Сіздерді жылатқалы емес, жұбатқалы келдік. Саян – сіздердің ғана балаларыңыз емес, барша қазақтың перзенті» деген сөзі әке-шешенің ес жиюына сеп болғаны да шын.

Саян Шаймерденов кім еді? Әуелі, ол қазақтың аса көрнекті жазушысы, топты ортада шындықты тура айтқан, бүгежектемей адалынан сөйлеуді өзінің парызы санаған Сафуан Шаймерденовтің ұлы еді. Анасы Бағдат Шаймерденкеліні асыл жарын қалай құрметтесе, ұлын әкесіндей болуға баулыды. Әкенің арманы мен болмыс-бітімін ұлына кеңесі арқылы да, келелі ойы мен мейірімі арқылы да сіңіруге тырысты. Өзі де анасының ерекше мейірімін жанына арқау етті. «Мен қатысқан жарыстарға анам келіп, көрермен болса, мен ерекше қуаттанамын, қанаттанып кетемін», депті бірде. Анасы әлі күнге дейін баласының жер бетінің өзге бір түкпірінен жеңіспен оралған сәттерін сағынумен күн кешіп жүр. Оның еркелегенін, бала болып шаттанғанын, елдің намысын өз намысы деп қараған сәттерін жиі аңсайды. Бұл – ана мен бала арасындағы ерекше сыйласымдылықтың үлгісі. Тәрбие – отбасыдан. Содан болса керек, талай дүбірлі додада шашасына шаң жұқпай келген дарабоз спортшы ешқашан менменсіген, кеуде қаққан емес. Қашан да өзін бірқалыпты ұстады. Даңқты әкенің даңқы мен беделін де бұлдап көрген емес. Өзінің әуелеген абыройына кір түсірмеуге тырысты. Артында қазақ деген ордалы халық барына сенді. Өз абыройы – ұлт мәртебесі екенін есінен бір сәт шығарған жоқ.

Бұған оның құрбы-құрдастары мен жора-жолдастарының ыстық лепестері куә. Кезінде Кеңес Одағы допты хоккейінің ең үздік сұрмергені атанған Евгений Агуреевтің бір басқосуда: «Саян есімі төрткүл дүниеге мәлім хоккейші болып қана қоймай, білікті басшы, тәжірибелі бапкер де болды. Ол қандай жарысқа қатысса да, ерекше дайындалатын. Жатпай-тұрмай ізденетін. Өзінің жеткен жетістігіне тоқмейілсу мүлдем болған емес. Бапкер ретінде өзінің бар білгенін шәкірттерінен аямады. Ол басқарған команда талай ірі додаларда жүлделі орындардан көрінді. Бірақ оны кейбіреулер қолдағанымен, қолұшын бергендер аз еді. Оны үздіксіз ой мен көгалдағы хоккейдің күйініші мүжіп жеп, өмірден алып кетті», деп күрсіне еске алғандығы сондықтан.

Сафуан Шаймерденов Саянын қазақтың даңқты спорт жұлдызы ретінде мақтан тұтса да, онысын жалпақ жұртқа жария ғып, жөн-жосықсыз мақтанған емес. Бұл да әке жүрегінің кеңдігі мен сыншылдығынан, қормалы да, қорғаны да болу үшін өзін арзан істерден аулақ ұстайтын әзелгі әдет-мінезінен десек болады. Саянның атағы жер жарып тұрған шақта жазған мына бір эссесі оқырман қауымның жүрегін тебірентпей қоймас.

«1960 жылы Сәбең алпысқа келді. Даңқты жазушының бұл мүшелді тойы апрель айынан түу ноябрьге дейін созылған болатын. Арнайы жиыны октябрьдің аяғында өткен-ді. Оған туысқан республикалардан жиырма шақты қонақтар келген-ді. Сәбеңді, Сәбеңнің соңынан ерген елу шақты дос-жар, іні-қарындастарына жаңағы сырттан келген қонақтарын қосып, қазақ өнерінің кәрі тарланы Кенен өз ауылына шақырған-ды. Облыстық көлемдегі бұл қонақасыда Кенен ақсақал өзінің Сәбит інісіне күмістеген ер-тұрман, әбзелімен қара арғымақ мінгізіп, шапан жапқан болатын. Дән разы Сәбең берен шапанды киіп, күміс сапты қамшыны қолына алып ұстап, қара арғымақпен олай-бұлай ойқастап жүрген-ді.

Сол дүрмек той үстінде менің машинама отырып келген Хамит Ерғалиев, қолына қалай түсіргенін білмеймін, жаңағы Сәбең қамшысын алып келді де, маған берді.

– Мә, машинаның бір жеріне тыға тұр. Көрерсің, Сәбең қазір іздейді қамшысын. Сонысын қызықтайық, – деді. Айтқанындай шықты, Сәбең қамшысын іздеді. Өзінің дағдылы тарғыл дауысымен: «Әй, қамшымды қайсың алдыңдар?» – деп көпке дейін сұрау салумен болды. Біз Хамит екеуміз үлкен кісінің мына бала мінезін қызықтаумен жүрдік. Сөйтіп, қамшы менің машинамда кетті. «Әне апарып берейін, міне апарып берейін» деп жүргенімде қыс түсті. Бір күні жұмыстан келсем, алты жасар ұлым Саян ілулі тұрған қамшының таспаларын тарқатып, кесіп-кесіп, конькиін шандып байлап жатыр екен... Саяным бұл күнде атақты хоккейші. Спорт шебері. Жеті дүркін СССР чемпионы. Көгалдағы хоккейден СССР чемпионы атағын сегіз рет жеңіп алған «Динамо» командасының капитаны. Баламның осындай атақ-даңққа ие болуына, мүмкін, Сәбеңнің қамшысы септескен шығар?!» деп әке көкірегі тебіренген екен. Қартын сыйлаған, данасын құрметтеген әрі ондай кісілердің әрбір сәтін ырымға балап, жанына жақын тұтқан өнегелі істердің бірі деп қарауға тиспіз мұны. Осы шағын эссені оқып-ақ бала Саянның талпынысын аңғару қиын емес.

Шынайы сүйіспеншілік, баласына мақтанудан гөрі құрметі сезілетін осы бір ақжарма көңіл күнделігінен Сафуан ағаның мінез-түсінігі бірден аңғарылатындай. Ұлы жазушы Сәбит Мұқановқа деген ілтипатының баласының өмір жолына да әсер еткендігі анық. Жазушының жазушыны, қаламгердің қаламгерді танып, құрметтеп, шын ықыласын арнауының өзі бір ғанибет емес пе еді. Үлкендердің осы сыйластығы мен жарасымы кім-кімді болса да ойға салмай тұрмайды. Сол күміс қамшының болашақ хоккейшіге қандай қуат сыйлағанын біз білмеспіз, бірақ мұны ырым еткен әке сөзінің жаны барлығы анық. Топшысы ерте қатайған мұзбалақ Саянның зеңгірлерге самғауына әкенің өмір жолы да үлгі болғандығы шүбәсіз.

Биыл даңқты спортшының 60 жылдық мерейтойы. Қазір еліміздің әр түкпірінде, үлкен стадиондар мен жарыс алаңдарында түрлі кездесулер, халықаралық бәсекелер, бірегей турнирлер көптеп ұйымдастырылуда. Бірақ соның бірде-бірі Саянды еске алуға арналмағандығы бізді ойландыруға тиіс. Спорт аламандарының басы-қасында жүрген­дер атағы алаштан асып, әлемді шарлаған Саянды ұмыт қалдырмаулары керек еді.

Қазір Алматыда Саян Шаймерденов атындағы көше бар. Өзінің ержеткен үйіне ескерткіш тақта орнатылған. Өзі жастайынан жаттықан «Динамо» стадионына спортшының аты берілсе, еліміздегі спорт мектептерінің бірі Саянның есімімен аталса, Саян Шаймерденов атындағы арнайы жүлделер тағайындалса, ұлттың мақтанышына айналған тарланды жас өскін үлгі тұтар еді. Қазірше ондай қозғалыс байқалмайды. Телеарналар мен радиобағдарламалардың арнаулы хабарларын Саянды еске түсіруге, рухына тағзым етуге арнаса, көпшілік қазақтың болмысы бөлек ұлын танып, қадірін біле түсер еді-ау... Әлі күнге осы дарабоз спортшы туралы деректі фильмнің де жоқтығы енжарлығымыздың қандай екендігінен хабар беріп тұрғандай. Шын мәнінде, Саян шыққан биікке көтерілген қай қазақтың баласы бар еді?!

Қазақта Саяндар аз! Аздың қадірін білу – ұлт үшін парыз.

Қанат ЕСКЕНДІР,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар