Жел үп етпесе, шөптің басы қимылдай ма? Кім білсін, әйтеуір соңғы уақытта Шығыстағы құқық қорғау қызметкерлеріне қатысты шағым шаш етектен. Жергілікті билікке деген сенімнің жоқтығы ма, шағымданушылардың көбі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан қолдау сұрайды.
Естіген құлақтың жазығы жоқ ғой, былайғы жұрт «бәленбай жерге жұмысқа орналасу үшін бәленбай мың, миллион теңге ставка бар» десіп қалып жатады. Нақты дәлел, ашық айтылған пікір болмаған соң ол тақырып жөнінде ауыз аша бермейтініміз шындық. Бірақ осы жолы «zhalobi.kz» сайтына жариялаған Семей қалалық полиция бөлімі басшылығының заңсыз әрекеттері жөніндегі жазбаға көз жұма қарай алмадық. Шағым аталмыш сайтқа 16 қазанда, орыс тілінде жазылыпты. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы АШпекбаевтың, ҰҚК төрағасы К.Мәсімовтің атына жазылған шағымды оқып шығып, қазақшаладық.
«Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы Полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Мақсат Амантайұлы Зекеновке және оның «қорғаушысы» Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының бастығы Т.К.Исаевқа қатысты шаралар қабылдауды сұраймыз. Олар қызметке тағайындалған алғашқы күннен-ақ Семей қаласының жеке құрамын бопсалаумен айналыса бастады. Зекенов қалалық полиция бөлімдерінің барлық басшыларынан ай сайын 10 000 доллардан, ал барлық қызмет жетекшілерінен 3000 доллардан 7000 долларға дейін ақша жинау керектігін белгілеп қойған. Осылайша, Зекенов Исаевпен бірге полиция қызметкерлерін жұмыс істетуден бұрын металл қабылдағыштардан, спирт жабушылардан, алтынмен айналысушылардан, сауналардан ай сайын ақша жинаумен айналысуға мәжбүрлейді. Көрсетілген есеп-қисап құр сан ғана, ешкім қылмыс ашумен айналыспайды, кез келген іс жалған, сапасыз.
Зекенов полиция бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалғаны үшін өзіне «қорған» болып жүрген азаматқа 80 000 доллар бергені белгілі. Ол өз үлесін қалдырып, қалған 50 000 долларды департамент бастығы Сағат Кентайұлы Мәдиевке берген. Өйткені Исаев пен Мәдиев өте жақын еді. Бұл жағдайды Семей қалалық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы біледі. Облыстағы барлық тағайындаулар Т.Исаев арқылы өтеді. Ол лауазымды қызметкерлерге ай сайын ставка мөлшерін қойып, белгіленіп кеткендерді қамқорлығына алады.
Семей қаласының Полиция бөлімінен құпия материалдар және құпияланған қылмыстық істер жоғалып, оған Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыстық іс қозғап, артынша тоқтатып тастаған. Сөйтсек, Исаев 5-ші басқарма бастығына шығып, Семейден жиналған ақшамен мәселені шешкен.
Исаев пен Зекенов бір-бірімен құрдас, әрі жерлес. Сол себепті Исаев оны департамент басшылығының алдында қорғаштайды. Ал жауапқа тартылмайтынын сезген Зекенов қылмыспен күрестен гөрі жеке құрамнан ақша жинап, өзіне қымбат көліктер сатып алумен айналысады. Мысалы, басшылық қызметке тағайындалған соң автосалоннан өзіне «Toyota Hillux», әйеліне «Toyota Camry» көлігін сатып алған. Сонымен қатар қызметкерлерден жиналған ақшаға аңшылыққа арнайы жабдықталған «Toyota Prado» көлігін тапсырыспен құрастыртқан. Одан бөлек, Алматыдағы автосалоннан 2020 жылы шығарылған «Lexus 570» көлігін сатып алған. Алайда тамыз айының соңына қарай жоспарлаған кезекті еңбек демалысы болмай қалып, су жаңа көлігін жеткізе алмаған.
Міне, осындай жемқорлардың кесірінен еліміз дамымай отыр. Бір отбасыға 10 көлік, үш коттедж және Нұр-Сұлтаннан 5 пәтер не үшін қажет? Айына 350 000 теңге жалақы алатын қарапайым полиция полковнигіне осыншама ақша қайдан келеді? Сіздерден осы басшыны және оның қорғаны Исаев Талантты жұмыстан босатуларыңызды сұраймыз» делінген екен шағымда.
Соңына қарай шағым авторы «Sl.Ashat» деп көрсетілген. Демек, хат анонимді. Ал мәселенің ақ-қарасы облыс деңгейінде тексерілетін көрінеді.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, анонимді өтініште көрсетілген дәлелдерді қызметтік тергеу аясында Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы тексеретін болады. Ең бастысы, бармақ басты көз қыстылыққа жол беріліп қоймай, әділ тексеру болса болғаны. Әйтпесе құқық қорғаушылардың құқығын кім қорғайды?
Шығыс Қазақстан облысы