• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Қараша, 2020

"Алматы марафоны" жүгіру маусымын аяқтады

415 рет
көрсетілді

Қарашаның 14-15 аралығында Алматы қаласында "Жарыс қаһарманы" онлайн-жарысы өтті. Іс-шараға бір жарым мыңнан астам әуесқой жүгірушілер қатысты. Бұл іс-шара "Алматы марафонының" 2020 жылғы жүгіру маусымының ақтық мәресі болды, - деп жазады Egemen.kz

Мегаполисте жалғасып жатқан карантиндік шаралар дәстүрлі жүгірістерді өткізуге мүмкіндік бермейді. Сол себепті, жарысты ұйымдастырушы «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры іс-шараның жаңа, ерекше форматын ойлап тапты. Жарысқа қатысушылардың таңдауына қаланың 4 танымал жүгіру орны ұсынылды. Бұлар – ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақ, Сайран көлінің саябақ аймағы, Баум атындағы тоғай, «Атакент» ҚІЫО саябағы.

Қатысушылар басталу уақыты мен орнын өздері таңдады. Белгілі бір маршрут болған жоқ. Таңдалған саябақтың аумағында толық қашықтықты жүгіріп өту қажеттілігі маңызды шарт болды. 4 шақырымнан 6 шақырымға дейінгі қашықтық тіпті жаңа бастаған жүгірушілердің де қатысуына мүмкіндік берді.

Жарыс соңында, барлық «жарыс қаһармандары» анықталып, марапатталды. 4 қашықтықтың әрқайсысында ең жылдам болған үш ер адам мен үш әйел адамға мадақтамалар мен бағалы сыйлықтар берілді.

– Биыл біз онлайн-жарыстар өткізуде мол тәжірибе жинадық, – дейді «Жарыс қаһарманының» ұйымдастырушысы Салтанат Қазыбаева. – Біз спортпен айналысу үшін тек мотивация мен ниет керек екенін көрсеттік. Бүкіл Қазақстан бойынша мыңдаған жүгіруші біздің онлайн-жүгірістерге қатысты. Адамдарға спорт, мақсат керек. Мұндайда жарыстар көмектеседі. 2021 жылы дәстүрлі жарыстар өткізе аламыз деп үміттенеміз. Бүгінде денсаулық пен мықты иммунитет – біздің басты байлығымыз. Бұл, спортпен шұғылдану және салауатты өмір салтын ұстану арқылы жүзеге асырылады.

Ұйымдастырушылар оныншы мерейтойлық «Алматы марафонына» дайындықты бастап та кетті. Жылдың көптен күткен спорттық іс-шарасы 2021 жылдың 11 сәуіріне жоспарланған. Тіркелу рәсімі 2021 жылдың қаңтар айында ашылады.

 

 

АЛМАТЫ