• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
28 Қараша, 2013

Әкелер мен балалар

355 рет
көрсетілді

Осыдан бірнеше ай бұрын Шымкент қаласының құқық қорғаушылары айтыла-айтыла құлақ жауыр болған бір ақпарат таратты. Ішкі істер басқармасы қызметкерлерінің мәліме­тінше, облыс орталығындағы әлдебір мектептің жоғары сыныбында оқитын бойжеткен жетінші класта оқитын сіңлілеріне қоқан-лоқы көрсетіп, ақша бопсалапты. Дәлірегі, әлгі бойжеткен төменгі сынып қыздарынан ұдайы ақша жинап отырған. Ақырында жетінші сыныптың екі қызы бұл қорлыққа шыдамай, болған оқиғаны ата-аналарына айтуға мәжбүр болған. Осылайша, теледидар жаңалықтары арқылы одан бүкіл республика жұртшылығы хабардар болды.

Осыдан бірнеше ай бұрын Шымкент қаласының құқық қорғаушылары айтыла-айтыла құлақ жауыр болған бір ақпарат таратты. Ішкі істер басқармасы қызметкерлерінің мәліме­тінше, облыс орталығындағы әлдебір мектептің жоғары сыныбында оқитын бойжеткен жетінші класта оқитын сіңлілеріне қоқан-лоқы көрсетіп, ақша бопсалапты. Дәлірегі, әлгі бойжеткен төменгі сынып қыздарынан ұдайы ақша жинап отырған. Ақырында жетінші сыныптың екі қызы бұл қорлыққа шыдамай, болған оқиғаны ата-аналарына айтуға мәжбүр болған. Осылайша, теледидар жаңалықтары арқылы одан бүкіл республика жұртшылығы хабардар болды.

Алайда, сол жаңалықты көрген күні болмаса, бұл оқиғаны ертесіне-ақ ұмытып кеттік. Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырып қайтейік, тіпті, теледидар қарап отырғанда да біздің жүрек бұл оқиғаға селт ете қойған жоқ. Себебі, одан да сорақы жағдайларды естіп жүрміз. «Пәлен мектептің оқушысын түген мектептің оқушысы пышақтап кетіпті». Мынадай ауданда 11-сыныпқа өткен бала колледждің студентін атып салыпты, деген «жаңалықтар» үйреншікті жағдайларға айналып кеткені қашан?! Тура: «Австралияда құс тұмауы салдарынан бір фермердің тауықтарының біразы қырылып қалыпты», деген сияқты құнсыз, елеусіз естіледі.

Біздің жүрегіміз неге осыншалықты қатайып барады? Балаларымыз неге осын­шалықты қатыгезденіп кеткен?

Қазір біраз ғалымдар мен педагогтар мұның сырын кешегі тоқсаныншы жылдардағы ауыртпалықтардан іздеп жүр. «Күнкөріс қамы қинаған сол кездері аналар базарға шығып кетті де бала ана жүрегінің жылылығын сезінбей өсті», дейді осы саланы төңіректеп жүргендер. Ерінбеген екінің бірі үйде тұрған көк жәшікті кінәлайды. «Бәрін құртқан сол, ылғи қатыгез фильмдер көрсетеді, оны көрген бала бұзылмағанда қайтсін?» деп екіленеді.

Екі топ та дұрыс айтады, екі тараптікі де рас. Алайда...

Біразымыздың ендігі көзіміз жетіп қалды, енді біразымыз әлі аңғарып та үлгерген жоқпыз, бүгінде қазақ еркектерінің тұтас қоғамды айтпағанда, отбасындағы беделі де төмендеп барады. Қазақ қазақ болғалы еркектер тап осылай азғындамаған болар. Отбасына сөзін өткізе алмаған азамат көшеге, көшелі елге сөзін өткізе алушы ма еді?! Ол сөйлей бастағаннан әйелі: «Жыныма тимей отыршы» деп бір тыйып тастаса, баласы немесе қызы : «Папа, сіз не білесіз?» деп тағы қағып тастайды.

Рас, басында сол үшін әйеліне тілі де тиеді, қолы да тиеді. Бірақ қашанғы ұра берсін, заңның бәрі әйел жағында. Ұл-қыздарына да солай, өзімен бірдей қылып таяққа жыға алмайды. Сөзбен сойып салайын десе ауызда дуа жоқ. Дуа болмайтыны ішкені арақ, сөйлесе аузынан қазақша, орысша былапыт сөз төгіледі.

Мұның бәрін қайдан біледі демеңіздер, олар қазір қазақтың барлық ауылы мен қаласында өмір сүріп жатыр. Қай ауылға барсаңыз да алдыңыздан арсалаңдап осындай ағаң шыға келеді. Аяйсың. Мүсіркейсің. Бірақ қолдан келер қайран жоқ.

Жарайды, бұларды ауылда жүріп, араққа жығылғандар ғой дейік. Сөйтіп, өзімізді жұбатып алайық. Бірақ қаладағы қаратаяқтардың да бұлардан озып тұрған­дары шамалы.

Жоғары оқу орнында дәріс оқитын бір ініміз бар. Қалада тұрса да келінді екі-үш баламен тоқтатып қоймаған мықтыңыздың өзі. Осы мәселе туралы ойлана бастасам сол інішектің бір әңгімесі еске түседі.

Келін бесінші баласын босанғаннан кейін інішекке жаңа кір жуатын машина алып берші деп өтінеді. – Жарайды, – дейді інішек. Бір күні жалақысын алғаннан кейін кафедрада отырып «мынаған мынаны аламын, анаған ананы аламын», деп жоспар құра бастайды. Бір кезде есіне келіншегінің «жаңа кір машина әперші» деген өтініші түседі. – Кафедрада төрт жігіт отырғанбыз, – дейді інішек. «Жігіттер, қайсысың біле­сіңдер, кір машинаның орташа бағасы қанша тұрады?» деп сұрапты бұл.

Ініміздің әңгімесінің қызық жері де осында.

– Құдай салмасын, әлгі жігіттер бірімен-бірі жарысып мәлімет бере бастады. Баға­сын да қоя беріңізші, қай машинаның функциясы дұрысырақ екендігіне дейін шулап отырып айтып берді. Сосын: «Ей, сендер мұның бәрін қайдан білесіңдер, құдай ұрып, үйде кір жуып жүргеннен саусыңдар ма?» деп едім, үшеуі де төмен қарады», – дейді інім.

Бір қарағанда елеусіз-ақ оқиға сияқты. Алайда, осынау «елеусіз» нәрсенің соңында үлкен әлеуметтік астарлар жатыр. Бір кездері осынау сайын даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған ерлердің ұрпағы бүгінде үйінде тұқшыңдап кір жуып жүр. Қаһарымен қас дұшпанын ықтыру былай тұрсын, қойнындағы қатынына дауыс көтере алмайды. Осы тұста біраз ағайынның: «Онда тұрған не бар, жуса біреудің үйінің кір-қоңын жуып жатқан жоқ, өз үйінің, өз бала-шағасының кірін жуып жатыр. Үй шаруасы ерге де, әйелге де бірдей емес пе?!» деуі мүмкін.

Кесіп айтайық, үй шаруасы ерге де, әйелге де бірдей емес! Құдай о бастан екеуінің шаруасын екі бөліп қойған. Сіз басқа да мұсылман еркектің үйінде кір жуып жатқанын көрдіңіз бе? Көрмек түгілі көз алдыңызға елестете аласыз ба? Ендеше, неге қазақ еркегі тұқшыңдап кір жууы керек?

Әрине, мәселе біздің інішек айтқан бір оқиғаға ғана тіреліп тұрған жоқ. Мәселе қазақ еркектерінің тым аяқасты болып бара жатқандығында. Және олардың беделінің осыншалықты құлдырауына әйелдердің түк те кінәсі жоқ. Қай әйел ерінің маңдайы жарқырап тұрғандығын қаламайды дейсіз?! Еркектерді де сыпыра жазғыру қиын. Кешегі большевиктердің «әйелдердің құқы ерлердің құқымен бірдей болуы керек» дейтін бүлдіруші идеологиясы ақырында тұтас бір ұлтты баудай түсірді десе де болады. Ұлт дұшпандары әйелдерді ерлермен теңестірген-сымақ болып, қазақтың ерлердің беделіне негізделген отбасы инс­титутын бір ғасырға жетпейтін уақытта-ақ күл-талқанын шығарды. Ұлт дұшпандары, руханият дұшпандары қазақты осы жалғыз тәсілімен-ақ жеңді десе болады. Қалай «ерлер мен әйелдердің құқы теңесті», солай ажырасулар пайда бола бастады. Қазақтың еркегі бала-шағасын қаңғыртып, қатынын қоя беруге түк те арланбайтын болды. Күйеуден қайтып келгенге әйел де намыс­танбайды. «Сол жаманмен өмірімді қор қылғанша жесір өткеннің өзі артық», деген «өміршең» философия күшіне мінді.

Бұл – ажырасқандардың жағдайы. Ажыраспай, бірге түтін түтетіп отырған­дардың тірлігін жоғарыда айттық. Еркектері отырса – опақ, тұрса – сопақ.

Екі ортада ұлттың бүгінгі ұрпағы ұлағат­сыз өсіп келеді. Әкеден қорықпаған бала бала боп жарытушы ма еді?! Қорқайын десе әкесі анасынан күнде жеңіліп отыр. Оны көрмейтін баланың көзі соқыр емес.

Қазір «қиын балалар» әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардан шығады» деген сөз жиі айтылады. Бос сөз! Жетім балалардың немесе материалдық тұрмысы төмен отбасылар балаларының бәрі бірдей «қиын бала» емес. «Қиын балалардың» көпшілігі...

Шымкент қаласында Шырынгүл Ертаева деген тамаша ұстаз бар. Бүгінде облыс орталығындағы № 68 орта мектепте қызмет атқарады. Педагогика саласында еңбек етіп жүргеніне отыз жылдан асып, қырық жылға жақындады. Сол кісі: «Ортасында жүрміз ғой, «қиын балалардың» көпшілігі қай отбасында әкенің беделі төмен, қай отбасын ері емес, әйелі билейді, сол отбасынан шығады», дейді. Шырынгүл ұстаздың айтуынша «қиын балалар» төрт құбыласы тегіс отбасыдан да шыға береді. Бала жетіспеушіліктен бұзық болып жатыр деген бос сөз! Үйінде әкеден қорықпаған бала мектепте мұғалімнен де аяғын тартпайды.

Демек, бала тәрбиесінде, отбасында әкенің орны бөлек екен. Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Ерлердің әйелдер мен балаларға мүлдем жауапсыз көзқарас танытқан оқиғаларының саны өсуде. Бұл біздің дәстүрімізге, мәдениетімізге тіптен жат», деуінде осындай сыр жатыр.

Расында да, бәріміз де бала болдық. Бала болғаннан кейін бір нәрсені бүлдірмей тұрмайсың. Немесе ойынның қызығына түсіп жатқанда анаң бір жаққа жұмсай қояды. Жұмсаған жағына жүгіріп кетуге ойыны түскірді бірден қиып кете алмайсың. Сол кезде анаң: «Тұра тұр, осыдан әкең келсін!» дейді. Осы сөзді қалай естисің, әлгі жұмсаған жағына екі барып, екі келгеніңді өзің де білмей қаласың. Алда-жалда бір нәрсе бүлдіргендей боп қалсаң: «Мұны әкең білсе не боламыз?» дейтіні тағы бар. Ес білгелі әкеміз бір рет те ұрып көрмепті. Бірақ сонда да қорқып тұрушы ек. Ол қорқу кейін үлкен қимастыққа ұласты. Әкеміздің беделін көтергеннен анамыздың беделі жоғарыласа жоғарылаған шығар, бірақ бір мысқал да төмендемепті.

Елбасы тағы да сол Жолдауында: «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция», деген ой айтты. Бұл сөздің өзі «Бір жылын ойлаған ел бидай егеді, он жылын ойлаған ел тал егеді, мәңгілігін ойлаған ел бала тәрбиелейді» деген халық даналығымен үндеседі. Біз өз досына пышақ ұрып, өз қазағына оқ атып, өз қарындасын зорлап жүрген ұрпақпен еш уақытта да өркениетті қоғам құра алмаймыз. Ондайларды тезге салатын ең алдымен әкесі, сосын анасы, қала берді ағайын-туысы, содан кейін ғана мектеп. Себебі, жасөспірім уақтының көпшілігін мектепте емес, үйінде, көшеде өткізеді. Көшедегі жүріс-тұрысын да қадағалау ата-ананың міндеті. Ал, біз қит етсе бәрін мұғалімнің мойнына арта салғымыз келеді. Баласы түрмеде жатқан бір әйелдің: «Қателігіміз – баламызды оңбаған мектепке беріппіз. Ауыстырып алу ойға да келмепті», деген де әңгімесін естігенбіз. «Қателігіміз – баламыздың әкесін жүндей түтіп жібергеніміз болыпты» демейді.

Қазақ еркегінің беделін қалпына келтіру бір күнде шешіле салатын шаруа емес. Әрине, қазақ ер-азаматтарының бәрі бірдей сүмелек, бәрі бірдей ез дегелі отырған жоқпыз. Алайда, кеселдің аты – кесел. Оны дер кезінде емдемесе, дер кезінде алдын алмаса түбіңізге жетеді. Өкінішке қарай, бұл кеселді емдеуге бүгінгі дамыған медицинаңыз да, кеңестік идеологияның шекпенін шешіп үлгермеген педагогика ғылымыңыз да, дін дегенді жалғыз бес уақыт намаз оқу деп қана түсінетін кейбір «көзі ашық» мүриттеріңіз де дәрменсіз. Бұл кеселдің емі арғы аталар дәстүрінде жатыр. Ал, дәстүрге оралу, дәстүрді тірілту анау айтқан қиын шаруа емес. Ол мемлекеттен артық қаражатты да қажет етпейді. Тек мектептердегі гуманитарлық пәндердің, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғаліміне басымдық берілсе жетіп жатыр. Мектеп бағдарламасында фольклорлық туындыларды қазақ әдебиеті пәнінен бөліп алып, арнайы пән ретінде оқытса тіптен құба-құп. Жасөспірімдер қылмысы шынымен жанына батса фольклорды қалай оқытудың жолын Білім және ғылым министрлігіндегілер табады.

Қалай болғанда да, «қиын баланы» жөнге салу үшін ең алдымен оның әкесінің беделі төңірегінде ойланып алған артықтық етпейді. Әкесі беделді болса... Жақсы әкенің баласы бұзып-жарып қайда барады дейсіз?!

Абай БАЛАЖАН,

«Skifnews» онлайн-газетінің

бас редакторы.

Сіз не дейсіз?

Нұрғали САФИУЛЛИН, бокстан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы:

– Біз, бапкерлер де баламен жұмыс істегеннен кейін өзімізді педагогтардың санатына қосамыз. Шәкірттеріміздің ата-аналарымен де тығыз араласып кетеміз. Осы уақытқа дейін алдымнан сандаған бала өтті. Шүкір, нәтижелеріміз де жаман емес. Расында да, үйде әкесі би бала қай жерде де лидер болуға, өзін жақсы жағынан танытуға ұмтылады. Барлық мәселеге жауапкершілікпен қарайды. «Ұят болады», дегенді түсінеді.

Басқаларды айтпай-ақ қояйын, Нұржан Сманов, Мырзағали Айтжанов, Мұхтархан Ділдәбеков, Бейбіт Шүменов сияқты мықтылардың бәрі менің алдымды көрді. Бұл жігіттердің барлығының да әкелері үйде де, түзде де абыройлы азаматтар. Осының өзі көп нәрсені аңғартпай ма?!

Гүлшат ОСПАНОВА, Шымкент қаласындағы № 60 орта мектептің мұғалімі:

– Үйде әкесі би бала мен анасы би баланы бірден ажыратамыз. Үйінде әкесі би бала өте байыпты болады, ойланып барып сөйлейді, жасқаншақ болмайды. Сосын ол ешқашан өтірік айтпауға тырысады. Бала боп не бүлдіріп қойса да онысын мойындап, мойнымен көтеруге бейім болады.

Үйінде анасы би бала көбінде менмен болып келеді. Сәл жылтырағанын көрсеткісі келіп тұрады. Өтірікті айтқанда солар айтсын! Өзгелер түгілі өздері сеніп қалатын өтірік айтады. Үйінде әкесі бидің баласы сөзге ермейді, қылмыстан қашық тұрады. Оны екінің бірі артынан ертіп кете алмайды.

Соңғы жаңалықтар