• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Медицина 18 Қараша, 2020

Мидың вирустан қорғануына белгі береді

423 рет
көрсетілді

Ішек жолдарының реакциясы немесе қарапайым тілмен айтқанда, бұзылуы мидың вирустан қорғана бастауының белгісі екен. Яғни ішек жолдарындағы реак­ция қандай да бір вирустың миға енгісі келетінінен хабар береді. Ғалымдардың тәжірибесі осындай қорытындыға әкелген.

Nature журналының қарашадағы санында жарияланған, 20 ғалым бірігіп әзір­леген ғылыми-зерттеу мақалада тыш­қан­­дарға зерттеу жасалғаны жазылған. Тышқандарда жүргізілген жаңа зерттеудің қорытындысында иммундық жасушалар алдымен ішекте патогендерді (саңырауқұлақ, вирус, бактерия секілді микроағзалар) тануға және оларға қарсы тұруды үйреніп, содан кейін ағзаны қорғау үшін мидың бетіне қоныс аударатыны анықталды.

Ғалымдардың айтуынша, әр минут сайын ми арқылы 750 миллилитр қан өтеді, сол сәтте бактериялар, вирус­тар ағ­заны бүлдіруі мүмкін. Көбіне вирус жұқ­­тырушыларды немесе ағзаны бүл­ді­р­у­шілерді ми қабығы ұстап тұрады. Ми қабығы – ми мен жұлынның айналасын қоршап, физикалық тосқауыл қыз­­метін атқаратын үш мембраналық қабат. Егер патоген осы тосқауылды бұза алса, зерттеушілердің пікірінше, ішекте жат­тық­қан иммундық жасушалар антиденелер батальонын шығару арқылы ша­буыл­ға дайын болады.

Кэмбридж университетінің иммунологы Менна Клатворти: «Қоздырғыштар ең көп жағдайда ішек жолдары арқылы қанға өтеді. Сондықтан иммундық жасушалардың ішекте болатын заттарды тану үшін білуі, жаттығуы және таңдауы өте үлкен мәнге ие. Демек, бұл ми қабығында не болатынын, ненің бар екенін анықтауда ішек­тің жұмысы қаншалықты маңызды болатындығының керемет көрінісі болды», дейді.

Өзі де осы зерттеуге қатысқан және жоғарыда аталған журналдағы мақаланы жазуға атсалысқан ғалым М.Клатвортидің мәлімдеуінше, зерттеушілер тышқандардың ми қабығындағы шабуылдың микрос­коп­тық суреттерін түсірді, оны ішекте жаттықтырған плазмалық жасушалар басқарды. Тышқандардың қанына команда көбінесе ішекте кездесетін пато­ген­ді саңырауқұлақты қондырғанда, саңы­рау­құ­лақ ми қабығындағы қан тамырларының қабырғалары арқылы миға енуге тырысқан. Алайда мембраналардағы плазмалық жасуша­лар патогеннің айналасында IgA анти­­­дене­лерінен жасалған тор құрып, оның енуі­не кедергі жасапты. Плазма жасу­­шалары қан тамырларының бойында орна­лас­қан, олар тез қоздырғыштарға шабуыл жасай алады.

Бұл зерттеудің қорытындысы қара­пайым адамға ішек жолдарының бұзы­лы­сына бейжай қарамау керегін ескер­те­тіндей.