Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Бауыржан Иманғалиевтің «Темірбек Жүргенов» атты кітабы «Атамұра» баспасынан жарық көрді.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Бауыржан Иманғалиевтің «Темірбек Жүргенов» атты кітабы «Атамұра» баспасынан жарық көрді.
Бұл кітапта Қазақстан мен Орталық Азия республикаларындағы оқу-ағарту, мәдениет пен әдебиет саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, кезінде «темір нарком» атанған Темірбек Қараұлы Жүргеновтің әдеби-публицистикалық мұрасы мен қайраткерлік болмысы қатар зерттеліп, теориялық тұрғыда талданған.
Кітап 5 тараудан тұрады. «Қайраткердің азаматтық ажары» атты бірінші тарауда Т.Жүргеновтің өскен-өнген ортасы, білім алған, азамат болып қалыптасқан тұлғасы жайында баяндалады. Екінші тарау «Қайраткердің қалам қажыры» деп аталады. Мұнда қайраткердің қаламгерлігі, әдеби-сыншылығы, ана тілге жанашырлығы жайында Т.Жүргеновтің қазақ сахна өнерінің қалыптасуына жасаған қажырлы еңбектері жөнінде кеңінен баяндалған. 1934 жылы өткен алғашқы өнер слеті, Қазақстан Жазушылар одағының тұңғыш съезі, 1936 жылғы қазақ өнерінің Мәскеудегі онкүндігі, Жамбыл, Күләш, Шара тағы басқа өнер жұлдыздарының өмірі мен өнегесі, ұлттық өнерге қосқан өлшеусіз іздері туралы қызықты үзінділер келтірілген. «Т.Жүргенов туралы мақалалар, естеліктер және лебіздер», «Т.Жүргеновтің әдеби-саяси публицистикалық мұрасы», «Т.Жүргеновтің оқу-ағарту, мәдениет саласындағы еңбектері» атты тарауларда қайраткер-қаламгердің құнды мақалалары мен өміршең очерктері, кітаптарынан үзінділер түпнұсқа негізінде қазақ және орыс тілдерінде ұсынылған.
Есімі тек қазаққа ғана емес, исі түркі жұртына мәлім, Орталық Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, қаламы қарымды сыншы-көсемсөз иесі Темірбек Жүргенов туралы композитор Ахмет Жұбанов: «Жүргеновтің кабинетінен шыққанда Алатауды айырып, Қаратауды қайырып шығатындай күш-жігермен шығатын едік» десе, Құрманбек Жандарбеков: «Темірбек Жүргенов қазақ өнерінің қанат жаюына қыруар тер төкті. Біз оны қазақ театрының атасы ретінде білеміз. Біз оны қазақ өнері мен әдебиетінің білімдары ретінде танимыз. Біз оны Қазақстандағы оқу-ағарту ісінің жанашыры ретінде білеміз» деген. Ал Мүсірепов: «Т.Жүргенов – тілді де тісті, жігерлі де іскер адам болған» дейді.
Қыдырбек ӘЛҚОЖАЕВ,
филология ғылымдарының
кандидаты, доцент.