Ел ішінде қолынан келетін бір кәсіпті меңгеріп, тұрмысын түзеуге ұмтылушылар аз емес. Оларға мемлекет тарапынан да көп-көрім көмек көрсетілуде. Ендігісі әркімнің істің көзін таба білер қарымды қабілеті мен қажырлы қайратына ғана байланысты.
Целиноград ауданында биыл «Еңбек» бағдарламасы арқылы шағын несие алып, шаруасын түзеймін деушілердің қатары көбейіп келеді. Ауылда екі қолға бір күрек таба алмай отырған азаматтар мемлекеттік бағдарламалардың шарапатының арқасында нар тәуекел етіп, нарық айдынында алдымен анық бағдар алып, нәтижелі іске ұмтылуда. Олардың арасында тігін цехтарын ашып, ата кәсіп – мал шаруашылығымен айналысқысы келетіндер аз емес. Кәсіпкерлер ең алдымен өңірде бәсекелестігі жоқ салаларға ұмтылуда. Бұл әбден түсінікті. Өйткені өндірген өнімдері тез өтіп кетсе, бизнеске салған қаражаттары да жылдам қайтарым береді. Мәселен, ауданда емдік қасиеті мол ешкі сүтін өндіремін деушілер де бар. Асылында ешкі – өсімтал түлік. Бағзы заманда ел тынысын айтқызбай аңғаратын сұңғыла қариялар «есің кетсе, ешкі жи» деп неге айтты дейсіз.
Алдыңғы жылы 122 адам мемлекеттік грантқа ие болды. Оларға 36 млн теңге қаражат бөлінді. Шағын аудан үшін тәп-тәуір көрсеткіш. Алға ұмтылған осынша адамның үйдегі ойы оңынан оңғарылып кетсе, кәсіпкерліктің реті келіп-ақ қалар еді. Шыңғыс Романжаров есімді кәсіпкер «Болашақ» деп аталатын оқу орталығын ашып отыр. Орталықты ашу себебі, ата-аналар тарапынан көптеген өтініш түскен соң мектеп оқушыларына сабақтан тыс оқуға көмек көрсету. Әрі өзіне де тиімді. Бүгінде бұл орталыққа қырықтан астам оқушы келіп, білімдерін еселей түсуде.
– Жұмысты былтыр бастадық, – дейді «Болашақ» білім беру орталығының директоры Шыңғыс Романжаров, – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында оқып, сертификат алдым. Стандартқа сәйкес 500 мың теңге көлемінде грант бөлінді. Ол қаражатқа қажетті техникаларды сатып алдым.
Қазір орталықта 1-шіден 11-інші сыныпқа дейінгі балалар білім алады. Бұл жерде басымдық математика пәніне берілген. Алдағы уақытта шахмат және робот техника тәрізді үйірмелер ашу да межеленіп отыр.
Биыл мемлекеттік грант аламын деп үміттенген адамдарға 27 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Елуден астам кәсіпкерлер өз ісін дөңгелетуде. Олардың арасында ата кәсіп – мал шаруашылығын дамытуға өзіндік үлестерін қосуға ұмтылып отырғандар да баршылық. Олар қатал қысқа қамданып, мал азығын дайындауда Нұр-Сұлтан қаласының іргесінде төрт түліктің басы өссе, азық-түлік белдеуіне де аз да болса шарапаты тиер еді. Тосын кәсіпті бастауға бел буып отырғандар да бар. Мәселен, «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы зоодүкен ашпақшы болып ұмтылып отырған Әсия Бекназарова тыңға соқпақ салмақ. Оның айтуына қарағанда, ауылда мұндай дүкен бұрын-соңды мүлде болмаған екен. Тіпті көпшілік мұндай дүкеннің не сататынын да білмейді. Жаңалықтан құлақтанған жұрт енді ғана дүкен табалдырығын аттауда.
Кәсіптің жаманы жоқ. Септігі алдымен елге, содан соң өзіне тисе, бизнес саласында бағы жанғаны емес пе?!
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы