• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
28 Қараша, 2013

Елшілер әріптестікке үлес қосады

270 рет
көрсетілді

Кеше Ақордада Мем­лекеттік хатшы Марат Тәжин Дания, Уругвай, Босния және Герцеговина, Черногория, Бангладеш, Филиппин, Замбия, Нигерия, Фиджи ел­дерінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті ел­шілерінен сенім грамоталарын қабылдады.

Кеше Ақордада Мем­лекеттік хатшы Марат Тәжин Дания, Уругвай, Босния және Герцеговина, Черногория, Бангладеш, Филиппин, Замбия, Нигерия, Фиджи ел­дерінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті ел­шілерінен сенім грамоталарын қабылдады.

Бұл күнгі екі жақты кездесулер барысында мемлекетаралық қарым-қатынастардың жай-күйі мен даму келешегі талқыланды. М. Тәжин жаһандану жағдайындағы саяси, экономикалық, сауда, ғылыми, мәдени және басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамыту мемлекеттердің ұлттық мүдделеріне сай келетініне тоқталды.

Кездесуде дипломатия сала­сындағы жетістік өзара ық­палдастық деңгейімен анық­та­латыны айтылды, сондай-ақ, Қазақстанның әлеуеті зор ай­мақтарға жататын Африка мен Латын Америкасымен ынты­мақ­тастықты жандандыруға ба­ғытталған дипломатиялық бас­тамаларының жаңа бағыты белгіленді.

Сонымен қатар, тараптар кең ауқымды мәселелер бойынша байланыстар аясын кеңейтуге өзара терең мүдделіліктің барын да назардан шығармады. Бұл ретте, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік, өзара инвестициялар және сауда, баламалы энергия көздері мен агроөнеркәсіптік кешен, білім және ғылым, туризм секілді салалар айрықша аталды. Кездесулер, сондай-ақ, даму әлеуеті зор өңірлер ретінде Африкамен және Латын Америкасымен ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған Қазақстанның дипломатиялық бастамаларының жаңа бағытын белгілеп берді.

Марат Тәжинмен өткен кездесуден кейін елшілер журналистердің алдына шығып, екіжақты байланыстар туралы айтып берді. Мәселен, Дания Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Томас Винклер Дания мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық байланыстардың дамуына барлық жағынан мүмкіндік барын айта келе, өзіне жүктелген сенім үдесінен шығуға күш салатынын атап өтті. «Тиімді әріптестікті дамытуға болатын салаларға коммерциялық, ауыл шаруашылығы мен «жасыл энергия» салаларын жатқызуға болады. Бұл салалар бойынша екі ел ынтымақтастыққа қол жеткізді. Мен бүгінгі күнге дейінгі қалыптасқан осы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға күш-жігерімді жұмсайтын боламын. Біз терроризммен күрес мәселесінде де тиімді қарым-қатынас орнатамыз деп ойлаймын», деді ол өз сөзінде.

Ал Нигерияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Альхажи Тукур Мани: «Мен бүгін Қазақстанның Мемлекеттік хатшысына Сенім грамотасын табыс еттім. Біз сіздердің елдеріңізбен өте тығыз қарым-қатынас орнатқанбыз. Қазақстанның Орталық Азиядағы ұстанымы Нигерияның Африкадағы ұстанымына ұқсас келеді. Біз Қазақстанның Сыртқы істер министрлігімен, коммерциялық палатасымен бірлескен миссиямызды жүзеге асырсақ дейміз. Болашақта Қазақстан мен Нигерияның бизнесмендері тығыз байланыстағы бірлескен жұмыстарды жүзеге асырады деп ойлаймыз. Нигерия – табиғи ресурстарға бай ел. Сол себепті, Қазақстанның бизнесмендері осындай мүмкіндікті пайдалануы керек деп санаймын», деді өз сөзінде.

Уругвайдың еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Анибаль Кабрал Сегалебраның ойы да өз әріптестерінен алшақ кетпеді. Ол да Уругвайдың Қазақстанмен дипломатиялық байланыстарды нығайтуға мүдделі екендігін білдірді. «Қазақстан – Уругвай үшін маңызды ел. Себебі, сіздердің елдеріңіз Батыс пен Шығыстың бел ортасында орналасқан. Сол арқылы ол барлық елдер арасын байланыс­тыратын көпірге айналуда. Біз Қазақстанның 22 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктеріне тәнтіміз. Қазіргі таңда ол – жоғары индустрияландырылған Орталық Азиядағы көшбасшы ел. Биыл Қазақстан-Уругвай дипломатиялық байланысының орнағанына 20 жыл толды. Осыдан екі жыл бұрын біз Астанада өзіміздің консулдығымызды аштық. Демек, алдағы уақытта екіжақты әріптестігімізді ілгерілете беретін боламыз. Қазақстанның Мемлекеттік хатшысымен болған кездесу кезінде экономикалық, саяси, мәдени салалар бойынша ынтымақтастықты жандандыруға назар аудардық», деді елші.

Черногорияның Төтенше және өкілетті елшісі Зоран Йоцович те журналистермен жүздесу кезінде екі ел дипломатиясының тиімді тұстарына тоқталып өтті. Мәселен, ол: «Мен Черногорияның Қа­зақстандағы елшісі қыз­ме­тіне тағайындалғаныма қуа­ныш­тымын. Біздің елдеріміз арасында достық рәуішке негізделген ынтымақтастық байланыс орнатылған. Қазақстан – үлкен, ал Черногория – кішкентай мемлекет. Алайда, біздің елдеріміздің ұқсас тұсы көп», дей келе, болашақта бұл байланыстар нығайып, кеңейе түсетініне сенім білдірді.

Филиппиннің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Эрлинда Басилио өзі тарапынан екіжақты ынтымақтастықты дамытуға күш салатынын жеткізе келе, қаржы, инвестиция, мәдениет, білім-ғылым салаларын айрықша атап өтті. Ол Қазақстан азаматтарын табиғаты өзгеше Филиппин жеріне сапарлап келуге шақырды. «Филиппин – 7 мың 107-дей аралдарда орналасқан жылы ел. Табиғаты да ерекше. Сондықтан, достық ниеттегі Қазақстан азаматтарын біздің елімізді көріп, тамашалауға шақырамыз», деді ол.

Бангладеш Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мосуд Маннан екі ел арасындағы әріптестік байланыс тамырының тереңде жатқанына тоқтала келе, алдағы уақытта да әріптестік тетігін нығайту назарда болатынын жеткізсе, Фиджи Республикасының еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Равиндран Робин Наир Қазақстан мен Фиджи бір-бірінен үлкен қашықтықта орналасқанымен, бұл екі елді өзара толықтыруға тосқауыл болмайтынын атап өтті.

Бұл күні Босния және Герцеговинаның Төтенше және өкілетті елшісі Иван Барбалич пен оның Замбиядан келген әріптесі Фредерик Шумба Хапунда да сөз алып, Қазақстанмен арадағы дипломатиялық байланыстар жайлы әңгіме өрбітті.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар