«Egemen Qazaqstan» басылымы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялауды жалғастырады.
Бүгінгі нөмірде оқырмандар назарына жаһандық мәселеге қатысты екі мақала ұсынып отырмыз. Еуропалық климат қорының төрағасы Лоуренс Тубиана климат өзгерісіне қатысты пайымымен бөліседі. Автордың айтуынша, Қытай пен Еуропалық одақ жаһандық жылынудың алдын алуға қатысты нақты мәлімдеме жасады.
Берілген уәде қаншалықты орындалмақ? Бұл тұрғыда Лоуренс Тубиана Қытай билігі де, Еуропалық одақ шенеуніктері де нақты жоспар ұсынуы қажет деп есептейді. Өйткені көміртегі газын шығару мөлшерін азайтуға міндеттеме алған мемлекеттердің ұзақ мерзімді жоспарына қазіргі саяси шешімдер кері әсерін тигізбеуі тиіс. Автордың бұлай ой толғауына кейінгі жылдары бірқатар мемлекеттің Париж келісімінен шығуы себеп болып отыр. Лоуренс Тубиананың пікірінше, АҚШ халықаралық келісімдерден шыққанына қарамастан, жаһандық бағыт айқын. «Нөлдік» мөлшер – басты мақсат.
Автордың мақаласы БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебаттарында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен үндес шығып отырғанын айта кеткен жөн.
«Климаттың өзгеруі – біздің өркениетімізге қатер төндіріп отырған тағы бір экзистенциалды дағдарыс. Бұл мәселе қауіп төндіріп қана қоймайды, сонымен қатар басқа қатерлер үшін «қозғаушы күш» қызметін де атқарады. Адамзат баласы бұл жаһандық сын-қатерге төтеп беруге әлі де қауқарсыз. Дегенмен, коронавирус індетінен кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңінде қоршаған ортаны қорғау тақырыбын халықаралық күн тәртібінің басты мәселесі ретінде көтеру мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Біз БҰҰ-ның климатты жақсартудың алты оң қадамы атты жоспары аясында күш біріктіруге міндеттіміз», деген еді Мемлекет басшысы.
Жаһандық тағы бір мәселе – қыздардың білім алуы ЮНЕСКО Жаһандық білім алуды бақылау орталығының директоры Манос Антонинистің мақаласында талқыланады. Автор қазіргі таңда қыздардың білім алуы жеңілдегенімен әлі де түйткілдер жетерлік екеніне тоқталады. Әсіресе өмір сүру деңгейі төмен мемлекеттерде білім саласындағы гендерлік теңсіздік өршіп тұр. Оған қоса, кедей елдерде ерте жүктілік те азаяр емес. Автордың айтуынша, білім саласындағы гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін әлі де атқарылатын жұмыс көп.
ПАРИЖ – БҰҰ Бас Ассамблеясының биылғы жиынынан бір апта бұрын әлемнің ең үлкен нарығы мен екінші үлкен экономикасының өкілдері өздерінің климатқа қатысты жоспарын назарға ұсынды. Оның нәтижесін аңғару үшін ұлттық барлау қызметінде жұмыс істеу қажет емес. Еуропалық одақ пен Қытай көміртегі газын шығаруды нөлге түсіруге уәде берді. Бұл екі тараптың осы саладағы ынтымақтастығы тереңдейтінін көрсетеді.
Мұндай міндеттемелер нақты саясатпен бекітілуі керек екені анық. Бірақ сөздің өзінде үлкен күш бар. Қытай басшысы Си Цзиньпин де, Еуропалық комиссияның президенті Урсула вон дер Лайен де алдын ала талқылаусыз мақтанбайды немесе мәлімдеме жасамайды. Егер олар нақты мақсат қойса, оған қол жеткізудің тәсілін біледі деген сөз.
Оған қоса, Еуропалық одаққа мүше 27 мемлекеттің 2050 жылға қарай көміртегі газын шығаруды нөлдік деңгейге түсіру мен 2030 жылғы мақсатқа келісуі оңайға соқпайды. Еуропалық басшылар бұған қарсы тұруға әзір тараптардың мүддесімен де таныс. Қытайдың басшыларына да 2030 жылға дейін парникті газды шығарудың межесінен өтіп, 2060 жылға қарай көміртегі газынан таза ел болуды мәлімдеу де оңай емес. Қытайдың алып экономикасын жаңа бағытқа бейімдеу де жүрдім-бардым жасалмайды. Соған қарамастан, екі тарап та климат өзгеруінің шындығын, экономикалық өзгеріс қажеттігін жақсы түсінеді. Сондай-ақ кім бұрын әрекет етсе, алдағы уақытта соның бәсі жоғары тұратынын да анық аңғарады.
2015 жылғы климат жөніндегі Париж келісіміне сай, парникті газдың шығарылымын азайтып, экономиканы жаңа бағытқа жылдамдықпен бейімдеу бұрын-соңды жасалмаған еді. Оған қол жеткізу мықты басшылықты талап ететіні қазірдің өзінде анық байқалады. Мемлекеттер, аймақтар, қалалар, үлкен бизнес және қаржы орталықтары «нөлдік» деңгейге түсіру жөніндегі жоспарына кірісіп кетті. Париж келісіміне қол қойылғалы бері 5 жыл өткенін ескерсек, бұл міндеттемелер маңызды әрекет қалыптаса бастағанын көрсетеді. Қытайлық және еуропалық басшылар нақты және егжей-тегжейлі іс-қимыл жоспарларын жүзеге асыратын сәт екенін мойындайды.
«Бір өлшем бәріне сай» жоспары жоқ. Кей жоспар технологиялық өзгеріс жөнінде болуы мүмкін, бірақ басқалары азаматтардың қатысуын, табиғатты қалпына келтіруге маңыз беріп, кешенді әрекетке кірісуді талап етеді. Біз бір-біріміздің тәжірибемізден сабақ аламыз.
Өз кезегінде Қытай 2060 жылғы жоспарына қол жеткізу бойынша нақты кезеңдер көрсетілген ұзақ мерзімді стратегиясын жасауы керек. Мұндай жоспар қысқа мерзімдегі шешім қабылдаудың Қытайдағы ұзақ мерзімді даму бағытына сай келетінін қамтамасыз ету үшін қажет. Олардың қатарында Париж келісімі аясындағы бес жылдық Ұлттық деңгейдегі әрекет жоспары бар. Әйтпесе мәселені кейінге шегере беру ұзаққа созылады.
Қытай үшін басты мәселе көмірқышқыл газын шығарудың шекті деңгейіне 2025 жылға дейін жетіп, оны төмендету жөнінде (70-75 пайызға) жоспар құрып, қазба отындарына сүйенбейтін, көмірді тұтыну көлемін азайтуға қатысты нақты мақсат қою қажет. Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында елдегі және шетелдердегі жаңа көмір кеніштерін қаржыландыру мен құрылысын қаншалықты тоқтататыны маңызға ие.
Қуанышқа орай, көмірдің климатқа тигізетін кері әсерінен бөлек, ол экономикалық тұрғыда да тиімсіз. 2019 жылы көмір арқылы шығатын қуат мөлшері Еуропалық одақта 24 пайызға, АҚШ-та 16 пайызға азайды. Осылайша, 2017 жылғы деңгей екі есеге азайды. Қытайдың өзінде елдегі көмір кеніштерінің 60 пайызы шығынмен жұмыс істеп отыр. Соның нәтижесінде ел билігі күн және жел энергетика саласындағы мүмкіндігін арттыруға, шетелдерде жаңартылатын энергия көздерін арттыруға ден қоя бастады.
Қытай секілді Еуропалық одақ та ұзақ мерзімді жоспарына қалай қол жеткізетінін көрсетуі керек. Еуропалық комиссия 2030 жылға қарай парникті газдар шығару көлемін 55 пайызға азайтуға міндеттеме алды. Бұл – «нөлдік» межеге жетудегі маңызды қадам. Енді жоспарды ұйымға мүше 27 мемлекет қолдауы керек. Еуропалық парламент өз кезегінде 60 пайыздық межені сұрап отыр. Келісімге ертерек қол қойылса, Еуропалық одақтың алға шығуына үлкен мүмкіндік беріледі.
Бір мақсатты ойда ұстаған Қытай мен Еуропалық одақ осы саладағы ынтымақтастықты арттыру мүмкіндігін тиімді пайдалануды көздейді. Екі тарап та COVID-19 дағдарысынан шығу, тұрақты қаржыландырудың рөлін көтеру, қарызды жеңілдетуді басқару және көміртегін көп тұтынатын және өзгеріске ұшырайтын секторлардағы жұмысшыларды қамтамасыз ету секілді ұқсас мәселелерге тап келіп отыр. Ынтымақтастық ұлттық деңгейде қалып қоймауы тиіс. Қалалар, аймақтар, провинциялар және индустрия арасындағы серіктестіктің мүмкіндігі мол екені әлден аңғарылады.
Егер Қытай мен Еуропалық одақ мақсаттарына қол жеткізсе, жаһандық әсері де терең әрі кең болмақ. «Әлемнің зауыты» саналатын Қытай 2018 жылы әлемдегі ең үлкен экспорттаушы, ең үлкен үшінші импорттаушы ел атанды. «Нөлдік» мақсатқа қол жеткізу үшін бүкіл қоғамға арналған әрекет пен таза стандарт қойса, оның әсері Бразилиядан бастап, Аустралия, Индонезия, сондай-ақ Африканың бүкіл елдері мен Таяу Шығысты қамтып, тауар жеткізуге өзгеріс әкеледі. Қарапайым тілмен айтқанда, әлем елдері өздерінің ұзақ мерзімді экономикалық жоспарын «жасыл экономика» арқылы қарастыруы тиіс.
Еуропалық одақпен өткізген келіссөздерден кейін Қытайдың жасаған мәлімдемесі дипломатияның маңызды рөлін көрсетеді. АҚШ кейінгі төрт жылды көпжақты институттарды, халықаралық ынтымақтастықты бұзумен өткізгеніне қарамастан, әлі де оларды қолдайтындарға оңтайлы жеңілдіктер ұсынуын жалғастыра береді.
АҚШ халықаралық қоғамдастықпен қатынасын қаншалықты өзгертетініне қарамастан, жаһандық бағыт айқын. «Нөлдік» мөлшер – басты мақсат. Бүкіл басшылық өз міндеттерін соған сәйкес орындауы тиіс.
Лоуренс ТУБИАНА,
Францияның БҰҰ климат өзгерісі конвенциясындағы бұрынғы өкілі. Қазір Еуропалық климат қорының төрағасы болып қызмет атқарады. Париждегі Sciences Po университетінің профессоры
Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org