Азада – жүрісі жайлы жылқы. «Жүрісті, өзі сұлу азада атпен, барайын көпшіл болсаң, жүз жігітпен, сақалсыз өңшең бойдақ азаматпен» (Б.Қалиев сөздігі).
Айыршоқ – тымақтың төбесіне үкінің айналасына қадайтын қоңыраугүл пішінді күміс әшекей. «Шоқпардай үкісі бұлғақтап, айыршоғы сылдырап, көзден көмескілене берді» (Мағауия Сұлтанияұлы).
Ақберен – мылтықтың түрі. «Ақберен мылтық сыналмас, сығалай көздеп сұрмерген, асырымнан атпаса» (Базар жырау).
Аққаптал – көпке танымал, беделді кісі. «Боздақ – ана шеті Қоянды жәрмеңкесіне қоралап қой айдатып, біреуін екеу етіп отыратын қолы ұзын, аққаптал жан еді» (А.Сейдімбек).
Алапай – жаугершілікте қолға түскен олжа. «Ал мына хан: Ант жағын ауызға алма. Әуелі әрқайсысына алапа үлестір» дейді» (Ә.Кекілбаев).
Бойра – қамыстан тоқылған төсеніш бұйым. «Жаманның басы бойрадай, жерде жатқан төселіп» (Майлықожа ақын).
Бөлтек – шағын егіндік алқап. «Бес-алты бөлтек егіні де жайқалып, мол болып шықты» (М.Әуезов).
Серете – ертедегі тас үйген қорым. «Мына біреуді мола деуге де, серете деуге де келмейді» (І.Есенберлин).
Сәрінжі – матаның бір түрі. «Жуан, қысқа мойынды, зор денелі, сыртында сәрінжі сары шапанды біреу отыр» (С.Мұқанов).
Сәйгел – жазда сиыр малына маза бермейтін сона. «Сәйгел тисе мөңкіген, оқыра тисе жөңкіген» (Тұрмыс-салт жыры).
Қылшан – белбеудің екінші қапталына бекітілген жебе салуға арналған кіші қорамсақ. «Қозыжауырын көкжендет қылшанда тұр, Көбебұзар, қасалы, әндігені...» (Светқали Нұржан).
Қылқара – асыл мата. «Үстімде бір пешпетім қылқарадан» (Халық әні).
Жағы – көннен жасалған сырт киім. «Бастарындағы темір дулығалары мен түйенің қап-қара көнінен жасалған жылтырақ жағылары күннің көзіне жылт-жылт етеді» (Ә.Кекілбаев).
Ешкімек – ешкінің асығы. «Тұрқы кеткен қуақы кеней мен бүйірі кемірілген кішкене ешкімектерді ұстағанда көңілі толды» (Қ.Қазиев).
Тоқан БОДАУХАН,
этнограф