• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
28 Қараша, 2013

Елдігі асқан, ерлігі тасқан кемел елміз

464 рет
көрсетілді

*1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні

Жыл аяғын қазақстандықтар асыға, тағатсыздана тосады. Ол себепсіз емес. Қалың жұртшылық болып атап өтілетін қастерлі де қасиетті бұл күндер ерекше саяси мәнге ие. Бірі – Тұңғыш Президент күні болса, екіншісі – Тәуелсіздік мерекесі.

*1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні

Жыл аяғын қазақстандықтар асыға, тағатсыздана тосады. Ол себепсіз емес. Қалың жұртшылық болып атап өтілетін қастерлі де қасиетті бұл күндер ерекше саяси мәнге ие. Бірі – Тұңғыш Президент күні болса, екіншісі – Тәуелсіздік мерекесі.

Аңғарған адамға егіз ұғым іспеттес бір-бірінен ажырағысыз бұл атаулы оқиғалардың түп тамырында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастау­ымен егемендігімізді айдай әлем­ге танытып, мойындатқан, өзіндік бет-бейнесі мен ұстанымы, дамыған экономикасы бар айдынды да айбынды Қазақстан секілді қалыптасқан мемлекеттің қас-қағым сәттегі алғы мақсатқа жету жолындағы бірігушілік ұмтылысы, орасан күш-жігері, мұқалмас ерік-қайраты, толқынды тарихы тоғысқан. Енді ғана атала бастағанына қарамастан Пре­зидент күні қоғамымызда да, санамызда да берік орнықты. Еліміздің бүгінгі саяси, әлеу­мет­тік-экономикалық, ішкі-сырт­қы келбетін Елбасынсыз көз­ге елестетудің өзі мүмкін емес. Оған тарих та, халық та әді­лет­ті бағасын әлдеқашан беріп қойған. Бұл күн халқымызды тар жол, тайғақ кешуден, небір бұралаң жолдардан қантөгіссіз, жаһандық қауіп-қатерлерден дін аман-есен алып шығып, әлем­де саяси салмағы бар жаңа тұрпатты Қазақстан мемлекетін құрудағы кемеңгер, сұңғыла саясаткер, дара көшбасшымызға құрмет, бүкілхалықтық жеңіс ретін­де ұлықталады. Бұл – төрткүл дүние­нің кез келген түкпірінде орныққан үрдіс, дәстүр.

16 желтоқсан – ата-баба­мыздың ғасырлар бойғы арманы орындалып, елдігімізді жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік күні. Осы күні Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұлтан Назарбаев қол қойған Конституциялық заңнан бас­тау алған тәуелсіздігімізге 22 жыл толады.Тәуелсіздік – бар­ша қазақстандықтардың ар­ман-мұратының салтанат құ­руы. Тәуелсіздік – азап пен төзімнің, халықтың сан ға­сырлар бойы еркіндікті аңса­ға­н шыдамының өтеуі. Осы ке­зең ішінде Елбасының сарабдал да көреген саясатының ар­қасында Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып, әлемге танылды. Қоғамның барлық салаларында азаматтардың мүддесі мен еркіндігі бірінші орынға қойылды. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның құдіреттілігі неде деген сауалға ұлттар тату­лығында, достық күшінде деп қысқаша жауап берген болар едік.

Иә, ХХI ғасыр тарихының беттері күдік пен уайымдарға, парасат пен пайымдарға толы. «Қазақстан-2050» Стратегия­сында Елбасы жедел де өзгер­мелі тарихи жағдайлардың жа­һандық сын-қатерлерін қолмен ұстатқандай атап берді. Мемлекет бас­шысының бастауымен жү­зе­ге асырылып жатқан саяси-экономикалық реформалар өз жалғасын дәйекті түрде тауып келеді. Шетел қауымдастығы ә дегеннен Қазақстанды қысқа мер­зім ішінде нарықтық экономиканы қалыптастыра білген мемлекет ретінде танылды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету Қазақ елі­­­­нің абыройын асқақтатып, сенім мен беделін биіктете түсті. Мемлекет басшысы белгілеп берген «Қазақстан-2030» Страте­гия­сының мақсаттары мен міндет­терінің ойдағыдай орындалуы – қазақстандықтардың бірегей жеңісі.

«Қазақстан-2030» құжатында қамтылған қағидаттардың ішінде орны бөлек ұлттық қауіпсіздік бәріміз үшін қымбат. «Біздің алдымызда Қазақстанның тұтастығын сақтай отырып дамыту міндеті тұрды. Біз жоспарлағаннан да асыра орындадық. Тұңғыш рет тарихта біздің мемлекет халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді. Қазақстан Каспий теңізінің ай­ды­нындағы ахуалды сенімді ба­қылауда ұстайды. Болашақта кез келген аумақтық даулардың туындау қаупі қазір сейілген. Біз ұрпақтарымызға көршілермен даулы аумақтар қалдырған жоқ­­пыз. Біз адамның, қоғам мен мем­лекеттің қауіпсіздігін қам­та­масыз ететін күшті, заманауи, қорғанысқа қабілетті әскерді, пәр­менді құқық қорғау жүйесін құр­дық», деді Елбасы.

«Қазақстан біздің қасиетті мекеніміз. Кейінгі ұрпақ осынау қасиетті мекенде өмір сүріп, өр­кен жайды. Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды. Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонақжайлылықпен қарсы алдық. Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға айналды. Қазір біз көпұлтты сипаты бар біртұтас елміз. Мынау жа­һандану дәуірі – көпұлтты мемлекеттер дәуірі болмақ. Жалғыз ұлттың мемлекеті деген болмайды. Бұл әлемдік үрдіс», деген сөз­­дері жүректерге жылылық ор­натып, келешекке дұрыс бағыт сілтейді. Барша ұлт пен ұлыс өкіл­дері бірігіп, жұдырықтай жұ­мылса, еліміз өркендей, гүл­де­не түсері даусыз. «Ендеше, Тә­у­­­­­елсіз Қазақ елінің азаматтарын ала­­лауға, бауырластығын бұзуға ешкімнің қақысы жоқ. Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру барша қазақстандықтың басты қағидаты болуы шарт», дей келіп, Елбасы ұлттардың эт­носаралық келісіміне сына қағуға тырысатындардың барлығы да заңмен қудаланатынын, мұнда ерекше жауапкершілік біздерге, қазақтарға артылатынын қадап айтты. «Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген жан өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды. Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз», деген пайымдары әркімге ой салары анық.

Мемлекет басшысы бірлік мә­селесіне келгенде, ең әуе­лі осы істің қазаққа ауадай қажеттігін алға тартты. Сон­дықтан қазақтың бірлігі – елдігіміздің кілті, ең бас­ты мәсе­лесі. «Бірлік, ынтымақ, сабыр­лылық пен парасаттылық ең алдымен өзімізге – қазақтарға керек. Қазақты ешуақытта сырт­­­­­­тан жау алған емес. Қазақ әл­сіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген. Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді. Мемлекет те солай», деуі Қазақстанды ел­ді­гі асқан, ерлігі тасқан, кемел де келісті елге айналдырсам, жеткізсем деген мың сан тілек­тердің тоғысын, жүректердің соғысын білдірсе керек.

Еліміздің негізгі мемлекеттік мақсаттары Ата Заңымызда айшық­талған. Онда «Қазақстан өзін демократиялық зайырлы, құқық­тық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады: оның ең қымбат қазынасы – адам мен адамның өмірі, құқық­тары мен бостандықтары» деп тасқа қашалғандай айқын жа­зылған. Бүгінгі таңда елімізде халықаралық стандарттарға сай заң базасы құрылды, әділет ор­гандарының өкілеттігі кеңейді.Халықты құқықтық институттар мен құқықтық көмекпен қам­ту, жас ұрпақ заңгерлерімен то­лықтыру әділет органдарын да­мытудың негізгі мақсаты болып табылады. Құқықтық жүйені же­тілдіру, халыққа нотариалды, басқа да заңды қызмет көрсету қазіргі заман талаптарымен үндес.

Тәуелсіздік деген тәтті, асыл ұғым болғанымен, оған жету оңай емес. Ата-бабаларымыз ұлтарақтай жеріне дейін көздің қарашығындай қорғай отырып, азат ел болуды өмір бойы аңсап өтті. Отаршылдық езгіге қар­сы қанша күрессе де, еркіндік асыл арман күйінде қалды. Біз – ба­қытты ұрпақпыз. Өйткені, жаңа Қазақстанды құрушылармыз, болашақ иесіміз. Олай болса, ел бірлігі ең асыл қасиет еке­нін түсіне білгенге не жетсін! «Бір­лігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады», деп текке айтылмаса керек. Елбасымыздың сыйластыққа, татулыққа шақы­ратын ұлағат сөздерін жас­тар жадында ұстаса дейміз. Сан алуан ұлттар мен ұлттардың та­ту-тәтті шырайын келтіріп отыр­­­ған қара шаңырағымыз – Қазақстан бірлік пен татулық құн­дылықтарын қоғамның ірге­тасына, қазақстандық ерекше толеранттылықтың негізіне айналдыра береріне сенімдіміз.

Жанболат САМАШЕВ,

Петропавл қалалық әділет

басқармасының басшысы.

Соңғы жаңалықтар