Германияның Социал-демократиялық партиясы (ГСДП) мен канцлер Ангела Меркельдің Христиан-демократиялық одағы және Христиан-социалистік одағы (ХДО/ХСО) «үлкен» үкіметтік коалиция деп аталатын бірлестік құру туралы уағдаластыққа келді.
«Үлкен» коалиция мүшелері арасында министрлік лауазымдарын бөлу туралы сәл кейінірек хабарланады. Бұл туралы кеше өткен бірлескен баспасөз мәслихатында Ангела Меркель мен ГСДП серкесі Зигмар Габриель мәлімдеді. ХДО/ХСО блогы 22 қыркүйекте өткен Бундестаг сайлауында 41,5 пайыз дауыс алған болатын. Меркель блогына дауыстардың басым бөлігін алу мүмкін болмағандықтан, Германия заңнамасы бойынша үкімет құру үшін басқа саяси қозғалыстармен коалиция жасақтау қажет болған еді.
Шарайна
Германияның Социал-демократиялық партиясы (ГСДП) мен канцлер Ангела Меркельдің Христиан-демократиялық одағы және Христиан-социалистік одағы (ХДО/ХСО) «үлкен» үкіметтік коалиция деп аталатын бірлестік құру туралы уағдаластыққа келді.
«Үлкен» коалиция мүшелері арасында министрлік лауазымдарын бөлу туралы сәл кейінірек хабарланады. Бұл туралы кеше өткен бірлескен баспасөз мәслихатында Ангела Меркель мен ГСДП серкесі Зигмар Габриель мәлімдеді. ХДО/ХСО блогы 22 қыркүйекте өткен Бундестаг сайлауында 41,5 пайыз дауыс алған болатын. Меркель блогына дауыстардың басым бөлігін алу мүмкін болмағандықтан, Германия заңнамасы бойынша үкімет құру үшін басқа саяси қозғалыстармен коалиция жасақтау қажет болған еді.
Еуроинтеграцияны жақтаушылар бірікті
Киевте Украина билігінің Еуроодақпен ассоциация құру туралы келісім жасасуын доғарып қойғанына наразылық танытушылар бірікті. Мұны парламенттегі «Батькивщина» оппозициялық фракциясының жетекшісі Арсений Яценюк мәлімдеді.
Бірігу үдерісінен кейін А.Яценюк, О.Тягнибоков және В.Кличко қысқаша сөз сөйлеген. Екі лагерьді бірігуге шақырған лепесте Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юля Тимощенко да ұран тастаған болатын. Еуроинтеграцияға бағытты жалғастыруды талап еткендер акциясы Украинаның түрлі қалаларында 21 қарашада басталғаны белгілі. Ал Ресейдің экономикалық қысымына шыдамаған В.Янукович бастаған Украина басшылығы Еуропаға бағытын кілт өзгертіп, Ресейге бет бұруға ықылас танытқан еді.
Ұлттық қауіпсіздік кеңесін құрды
Жапония парламенті кеше елде Ұлттық қауіпсіздік кеңесін құруды қарастыратын заң жобасын мақұлдады. Осымен бір мезгілде, Жапония премьер-министрі қорғаныс саясатында бұрынғыға қарағанда, кең өкілеттікке ие болды.
Кеңес премьер-министрден, үкімет аппаратының жетекшісінен, сондай-ақ, қорғаныс және сыртқы істер министрлерінен тұратын болады. Олар орта мерзімді және ұзақ мерзімдік перспективадағы сыртқы және қорғаныс саясатын қалыптастырады. Жапония басшылығының осы бастамасын парламент Қиыр Шығыстағы қазіргі күрделі жағдайға орай қолдаған сыңайлы. Соңғы ахуал Қытай билігінің аумақтық таласқа себеп Шығыс-Қытай теңізін әуе шабуылынан қорғаныс алаңы деп жариялауына байланысты қалыптасқаны белгілі.
Қысқа қайырып айтқанда:
* Қытай Камбоджа әскери-әуе күштеріне 12 көпмақсатты Z-9 тікұшақтарын сатты. Бұл тікұшақтар Еуропадағы «Еурокоптер» әуе кемелерінің лицензиялық көшірмесі болып табылады.
*Үндістанда атом-электр стансасын салуға қарсылар өздері жасаған бомбаға жарылып өлді. Оқиға Тамилнад штатында орын алды. Жарылыстан 6 адам қаза тапса, 3-уі – балалар. Тағы 2 адам жарақат алған. Жарылыстан бірнеше үй қираған.
*Қырғызстанның Жалалабад қаласында милиция бөлімінің бастығы Қаржаады Жұмабаев зайыбымен жанжал кезінде оған қару жұмсап, кейін өзі атылып өлген. Мойнынан жараланған зайыбы ауруханаға түскен.
* Ресейдің Калининград және Якутия соттарында есірткі сатумен айналысқаны үшін істі болған екі күдікті бір мезгілде өз-өздеріне пышақ жұмсап, жарақат алды. Екеуі де ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Олар 2,5 жылға бас бостандықтарынан айырылулары мүмкін екен.
Қозғалысқа шектеуді қолдайды
Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Еуропа одағы ішінде қозғалыс еркіндігі қағидатын қайта қарауды ұсынды. Сөйтіп, ол миграцияға шектеу енгізбек. Кэмеронның сөзіне қарағанда, ЕО-дағы еркін қозғалыс ауқымды көші-қонға алып келген.
Кэмеронның мәлімдемесіне сәйкес, Еуропа ішіндегі миграцияға шектеуді тек Ұлыбританиядағылар ғана емес, сондай-ақ, Австрия, Германия және Нидерланды азаматтары қос қолдап қолдайды. Сөйтіп, Лондон аталған елдермен бірлесіп, көші-қон саясатының жаңа қағидатын жасамақ. Премьер-министр, сонымен қатар, 2015 жылғы сайлауда жеңіске жетер болса, оның үкіметі мен Консервативтік партия ЕО-дан келетін мигранттармен ел аумағы ішінде бітіспес күреске түспек. Атап айтқанда, ол жұмыссыз мигранттарға өтемақыны қысқартуды ұсынып отыр.
Сырттай кесілген ауыр жаза
Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің бауыры – Жаныбек (Жаныш) сырттай өмір бақи бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Мұны Қырғызстан бас прокуратурасының мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып, ИТАР-ТАСС хабарлады.
Ж.Бакиевке 2005 жылдың наурызында Ұлттық банктің Жалалабад облыстық бөлімшесінен 22 миллион сом (шамамен жарты миллион доллар) қаражатты ұрлады деген айып тағылған болатын. Сондай-ақ, ол 2010 жылғы сәуірде заңсыз қарулы жасақ ұйымдастырды деп те айыпталған еді. Жалалабад облысындағы Сузак аудандық сотының шешімі бойынша, Ж.Бакиев айыптаудың барлық бөліктері бойынша кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылған-тын. Енді ол өмір бақи түрмеде отыруға ауыстырылды.
Экстремистер торға түсті
27 қарашаға қараған түні Мәскеуде құқық қорғау органдарының қызметкерлері «Ат Такфир әл-Хиджра» экстремистік ұйымының 14 мүшесін қамауға алды. Мұны Ресей ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Интерфакс» агенттігі хабарлады.
Ұсталғандарға қатысты қылмыстық іс әзірше қозғалмаған. Полициядағылар қазірде бұл мәселе шешілу үстінде екенін айтып отыр. Ал оларға қару-жарақ пен жарылғыштарды заңсыз сақтады деген айып тағылуы мүмкін екен. Қамауға алу операциясын полиция Федералды қауіпсіздік қызметімен бірлесіп, Мәскеудің Шығыс округінде жүзеге асырған. Ұсталғандардан тапаншалар, гранаталар, патрондар, сондай-ақ, үш қолдан жасалған жарылғыштар тәркіленіпті. Аталған халықаралық лаңкестік ұйым 70-ші жылдардың басында Мысырда құрылған.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.