Ресей Федерациясының 5 облысымен шектесетін, Еуроодақ елдеріне ең жақын орналасқан Батыс Қазақстан облысының транзиттік әлеуеті жоғары.
Осы орайда, өңірдің көліктік-логистикалық әлеуетін дамыту – Мемлекет басшысының облыс әкіміне берген басты тапсырмасының бірі. Бұл бағытта өткен жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша 368 шақырым жол жөнделсе, биыл 436,5 шақырым жолды қалпына келтіруге 36,2 млрд теңге қаражат қарастырылған.
Ресейдің ең ірі орталықтарының бірі – Самара қаласымен байланыстыратын «Самара-Шымкент» автожолына, Саратов облысына шығатын «Чапаев-Жалпақтал-Қазталов-Ресей Федерациясы шекарасы» жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысын Ресейдің Волгоград, Астрахань облыстарымен байланыстыратын республикалық маңызы бар «Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы», «Өнеге-Бисен-Сайқын» автожолдарын салу жұмыстары да жалғасуда.
«Ресейдің Орынбор облысы бағытындағы «Подстепное-Федоровка-Ресей Федерациясы шекарасы» жолын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалды» дейді өңір басшысы Ғали Есқалиев.
Жайық өзенін жайлаған қос облыс тұрғындары Атырау-Орал тасжолының жағдайы туралы соңғы уақытта жиі мәселе көтеріп жүр. Өйткені екі жолақты жол қозғалысы жеңіл және жүк көліктерінің діттеген жеріне тез әрі аман-есен жетуіне тарлық етеді. Сол себепті аталған бағыттағы жолдың енін кеңейту туралы ұсыныс көптен айтылатын. Міне, жақында аталған тас жолды реконструкциядан өткізуге, яғни жол жиегін ұзарту үшін жобалық-сметалық құжаттама жасауға қаражат бөлінген.
Осы айтылған жұмыстар облыстың транзиттік әлеуетін дамытып, өңір экономикасының кіріс көздерін арттыратын болады.
Батыс Қазақстан облысы